Ұстаз есімі шәкірт жүрегінде — Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың құттықтауы

17

Ардақты ұстаздар! Құрметті білім саласының қызметкерлері!

Адам баласы қай заманнан бері жаңаны үйреніп, ғылымды игеріп, білімді тоқумен келеді. Қай кезеңде болсын тәлім мен тәрбие беру — ең ұлы мұрат. Бұл орайда, оқушы зердесіне асылды дарытушы, білімнің бағдары, ұрпақтың бағбаны ол ең алдымен — мұғалім. Ендеше, мұғалімдерді құрметтеу күні — орны бөлек, дәрежесі биік, ұлағатты мереке.

Мұғалім болу әр азаматтың қолынан келетін болса, ұстаз болу үшін үлкен қасиет керек. Ұстаз ұлағатын ұлықтап, қадірі мен қасиетін құрметтеу, мәртебесін көтеру – баршамызға ортақ міндет.

Мұғалімдердің мерейін асырып, мәртебесін биіктететін «Педагог мәртебесі» туралы Заңы қабылданды. Заң ұстаздардың құқығын кеңейтіп, міндетін арттырып, ынталандырудың жаңа жүйесін жетілдіруді көздейді.

Бүгінде мемлекет тарапынан педагогтардың шығармашылығын шыңдап, белсенді еңбек етуіне қолайлы жағдайлар жасалып келеді. Бұған облыс ұстаздарының бүгінгі таңдағы шынайы еңбектері дәлел.

Ағымдағы жылы 4 педагог республикалық «Үздік педагог-2020» байқауында жеңімпаз атанды.

Соңғы 9 жылда облыстың 35 педагогының республика көлемінде «Үздік педагог» атануы, республикалық, халықаралық байқауларда 2775 мұғалімнің жеңімпаз болып танылуы, дарынды оқушыларымыздың халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 71 медальді, шығармашылық байқауларда 2744 жүлделі орындарды иеленуі – облыс ұстаздарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп білеміз.

Әрбір тәрбиелі шәкірт аяулы ұстаздарын құрмет тұтады. Жағымды бейнесін өзіне үлгі етеді. Осындай ел болашағына өлшеусіз қызмет ететін ұстаздың еңбегі әрқашан құрметтеуге лайық!

Қадірлі ұстаздар, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге табыс тілейміз!

Облыс әкімі Б.Сапарбаев,

Облыстық мәслихат хатшысы Б.Қарашолақов.

Comments are closed.