Саясат

Бейбітшілік, келісім, ұйыстырар ел ішін

Бейбітшілік, келісім, ұйыстырар ел ішін

Мегажоба шалғай елді мекендерде

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы бірлесіп Бұлар батыр ауылындағы № 19 мектепте «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында іс-шара өткізді. Бүгінде 22 мыңнан аса тұрғын мекендейтін, бес мектеп, бес мешіті бар Сортөбе ауылдық аймағындағы бұл шағын ауыл тез ірге жайып келеді. Бірыңғай жер емген еңбекқор дихандар тұратын елді мекен сулы да нулы жердегі сыңсыған қалың ағаш арасында мамыражай тірлігімен көз тартады. Осыдан жүз жиырма жылдай бұрын Қытайдан қуғын көріп, арып-ашып келіп қазақ жерінен пана тапқан босқын дүнгендердің бүгінгі ұрпағы мұнда еш қамсыз бақытты ғұмыр кешуде. Ауыл көшелеріндегі бірінен-бірі асқан сәулетті үйлерге, әр үйдің ауласындағы бірнеше жеңіл көлікке қарап-ақ мұны білу қиын емес. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар өз алдына. Сәулеті жарасқан мына мектеп те соңғы жылдары пайдалануға берілген. Оның кең де жарық сынып бөлмелерінде, лайықты жабдықталған пәндік кабинеттері мен зертхана, шеберханаларында дүнген балалары жаңа оқу жылын бастады.

Мектептің мәжіліс залында мегажоба бағдарламасы бойынша «Этноконфессионалды құзыреттілік – полимәдениетті ортада ұлтаралық қатынасты үйлестірудің негізі» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Оған облыс орталығынан келген Қазақстан халқы ассамблеясының және этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен Бұлар батыр ауылының тұрғындары қатысты. Семинарды ашып жүргізіп отырған облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ассамблея хатшылығының меңгерушісі Л. Лысова іс-шараның мән-маңызын атап көрсетті. Бүгінгі басты мақсат – Қазақстан халқының бірлігін, қоғамдық, этносаралық және мәдени келісімді нығайту, Елбасының халыққа жыл сайынғы Жолдауларынан туындайтын ҚХА XXI сессиясында және облыс ассамблеясы XVII сессиясында берілген тапсырмалар мен міндеттерді түсіндіру, салауатты өмір салтын насихаттау. – Біздің облыста 87 ұлт пен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде, – деді Лариса Анатольевна өз сөзінде. – Елдің оңтүстігіндегі көпұлтты біздің аймақта ел бірлігі мен тұрақтылықтың сақталуында ассамблеяның да атқарып отырған жұмысы орасан. Оның құрамындағы Аналар кеңесінің рөлін атап өтуге болады. Енді осылай жастар бірлестігі де құрылып жатыр. Әр ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтау маңызды. Біздің елде барлық ұлттардың тең дәрежеде өмір сүруіне барлық мүмкіндіктер жасалуда. Ендігі біздің алдымыздағы басты бір міндет, бүкіл қоғамды ұлт көшбасшысының айналасына топтастыра түсу және барлық маңызды жобаларды жүзеге асыруға жұмылдыру арқылы ел тәуелсіздігін нығайтуға атсалысу болмақ. Өкінішке қарай, біздің елде негізінен тек қана қазақтар мекендейтін кейбір шалғай ауылдарда мына сіздердікіндей зәулім мектептер әлі жоқ екенін айтуға тура келеді. Ондағы балалар әлі күнге баяғы саман кірпіштен салынған өзі аласа, өзі тар ескі мектепте оқиды. Әрине, болашақта олар да жаңарады. Ал дүнгендер, күрділер, әзірбайжандар, чешендер жинақы тұратын жерлерде біздің балаларымыз мынадай өркениетті ғимараттарда білім алуда. Бұл да болса жергілікті халықтың өз жерінде өзінен бұрын басқаларға жағдай туғызуға деген мәрттігін көрсетеді. Міне осындай елімізде барлық ұлттардың бірлігі сақталуда. Бірлік біздің басты байлығымыз... «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасымен насихаттық топтың шалғай ауылдарға барып, іс-шаралар өткізудегі тағы бір мақсаты әртүрлі ұлттардың жергілікті жердегі жағдайын білу, проблемаларын зерттеу болатын. Ал дүнгендерге тән мұндай мәселелерден балаларын туыс адамдарға үйлендіру, жақын шетелдердегі күмәнді оқу орындарына жіберіп оқыту және басқа да жайларды айтуға болады. Мұның алғашқысы ұлт тегінің азғындауына апарып соқса, екіншісі мемлекет қауіпсіздігіне салқынын тигізетін келеңсіздіктерге апарып соқтыруы мүмкін екені бұған дейін де жеткілікті айтылған. Бүгінгі семинар-тренингте де қамтылған өзекті тақырыптың бірі болды. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйытқы болуымен өткен іс-шаралар аясында қоғамдық келісімді нығайтуда ҚХА рөлі жайында облыстық этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар орталығының ұйытқы болуы және ауыл тұрғындарының қатысуымен «Үйден – үйге» ақпараттық-түсіндіру жастар акциясы, Қазақстан халқының ойындары спартакиадасы, «Қазақстан – менің Отаным» тақырыбында сурет салу конкурсы, халықтық қолөнер шығармашылығы шеберлерімен «Таңғажайып ою-өрнек әлемі» шеберлік сыныбы және «Ортақ мақсат жолында біргеміз» фестивалі өткізілді. Соңында шалғайдағы ауылға келіп, осындай маңызды да пайдалы іс-шараларды ұйымдастырушылар атына ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Маден Мансуров, зейнеткер Суалихар Ханлоси алғыс тілектерін білдірді. – Біздің жағдайымыз жақсы. Балаларымыз мынадай сәулетті мектепте білім алып, балабақшада тәрбиеленуде. Қалаған тірлігімізбен алаңсыз айналысып, бау-бақша өсіріп, өз игілігімізді өз қолымызбен жасап жатырмыз. Осы үшін аудан, облыс басшыларына, Елбасыға рахмет! Бізге бір ғана керегі – балаларымыздың ірге жайып үйлер салып қоныстануы үшін жаңа жерлер қажет, соған көңіл аударсаңыздар екен, – деді көпбалалы «Ардақты ана» Фатима Паншарова.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».Қордай ауданы.