Экономика

Техника - табыс тірегі

Техника - табыс тірегі

Шаруашылық өркендесе, ауыл қашанда берекенің бастауы боп қала бермек. Өріс толған төрт түлік, түздің беті түгел егін болса, бұдан асқан байлық бар ма? Жер-Ана ерінбей еңбектенгеннің несібесін кемітпейді. Осыны санасына терең сіңіріп, қара жердің қасиетіне жете білген Шу ауданындағы Ақтөбе ауылдық округінің шаруалары еңбек көрігін қыздырып келеді. Мына заманда техникасыз іс тынбайтынын жақсы түсінетін олар алқаптың темір тұлпарларын жаңартуды бастап кетіпті. Бұрын-соңды ауылды асырап отырған бірлі-жарым тракторлардың тозығы жеткен. Оның үстіне даму жолына жұрт жаппай беталғанда, саусақпен санарлық техникаға телміріп қарап отыруға да болмас, қамдану керек. Бұл ретте «Бұланбай», «Дүтбай» шаруа қожалықтары көш бастап тұр. Үкіметтің көмегіне үмітін үкілеген қожалық иелерінің айы оңынан туып, лизинг арқылы МТЗ 80-1 маркалы тракторларына қол жеткізіпті. «КазАгроҚаржы» АҚ-дан «Дүтбай» шаруа қожалығы құны 4 миллион 100 мың теңге болатын шөп тайлағыш агрегат та алыпты. Ал, трактор – 3 миллион теңге 190 мың теңге. Қожалық иесі Қанатбай Бірімқұлов берешегінен жеті жылда құтылатынын айтып отыр. Яғни, тоқсан сайын төлеп отырады екен. 2007 жылы құрылған шаруа қожалықтың жер көлемі 600 гектарды құрайды, оның 240 гектары егістік, 12 гектары суармалы жер. Алған техникасының қызығын алдағы жылдары жоңышқа алқабы көретін болады.

Ал, Ақылбай Ақбозов басқаратын «Бұланбай» шаруашылығының жеке меншігінде бұрыннан біраз техника бар, бірақ ескірген. Тиесілі 1600 гектар жерінің 50 гектары суармалы, 380 гектары егістік алқап. Десек те, жоңышқа мен арпа егуде екі шаруаға да судың тапшылығы мен ауа райының тосын мінезі салдарынан аз өнімді місе тұтуға тура келіпті. Бірақ, биыл алынған жаңа техника тіршіліктің бойына қан жүгірте түсетініне олар кәміл сенімді.

Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА, «Ақ жол».

Шу ауданы.