«Сасық көлден» сақ болайық, ағайын!
«Сасық көлден» сақ болайық, ағайын!
Қалдық сулар бөгені апат алдында
Тараз – қалдық суларының экологиялық жағдайы жөнінен еліміздегі ең соңғы орындардағы қала десек, артық айтқандығымыз емес. Тіпті, қалада кәріз жүйесі пайда болғалы қалдық сулары өңделусіз, борсып жатқан еліміздегі бірден бір облыс орталығы екенін көпшілігіңіз біле бермеуіңіз мүмкін. Яғни, Тараздан басқа облыс орталықтарының бәрінде қалдық сулары үнемі өңделіп, қайта қалпына келтіріліп отырады. Сөйтіп, ол өзге мақсатқа пайдаланылады.
Анығын айтқанда, шаһардың шайынды сулары төгілетін Жамбыл ауданындағы Қостөбе елді мекені маңындағы жүздеген гектар алқапқа жайылып жатқан шайынды су карталарын көргенде әйгілі әскери жетекші, Кеңес Одағының батыры В.Клочковтың «Артымызда Мәскеу, шегінерге жол жоқ!» деген ұраны еске түседі. Себебі, алқапта бүгінде алаңдатарлық жағдай қалыптасқан. Тақырыпқа тұздық болсын, Алматыны мысалға келтірсек. Еліміздің экс-астанасының кәріз сулары жиналатын «Сорбұлақтың» жыры осыдан оншақты жыл бұрын республикалық деңгейде көтеріліп, дабыл да қағылған еді. Қолға алынған жұмыстардың арқасында қазір одан қоршаған ортаға да, экологияға да зияны жоқ. Керісінше, соңғы жылдары ондағы жиналған судың сапасы екі есе жақсарған екен. Оған кәріз тазарту ғимараттарының жаңартылуы мен сарқынды суларды тазартатын технологиялардың жетілдірілуі себеп болып отыр. Соңғы төрт-бес жылда бұл мақсатқа 3 миллиард теңгеден астам қаржы салынған екен. Ал, сол Алматының орталық кәріз суларының техникалық дақылдарды суғаруға жұмсалатынын бірі білсе, бірі білмейді бүгінде. Яғни, лас суды толықтай тазартып, игі іске пайдалануға болатыны қазір ноу-хау жаңалыққа айналмай қалды. Сондықтан, судың сапасын жақсарту үшін кәріз тазарту нысандарын жаңартып, жаңа технологиямен жұмыс істеудің маңызы зор екеніне көз жетті. Шет мемлекеттер еріккенінен сарқынды суларын қайта өңдеп жүрген жоқ. Бұл өз кезегінде экологияға да оң ықпал етпек. Таразға оралсақ. Төтенше жағдай жариялау үшін қандай да бір тосын табиғи жағдайдың орын алуы қажет емес сыңайлы. Себебі, қаланың шайынды сулары келіп төгілетін Қостөбедегі қалдық су алқабы қазір дабыл қағып тұр. Себебі, қаладан аулақтау жердегі жасыл алқаптың астындағы жасырулы жатқан экологиялық проблема бүгінде жердің бетіне шыққан. Сондықтан, орын алып жатқан олқы жағдайға байланысты біз Тараз қалалық әкімдігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Тараз су» КММ бас инженері Шүкірғали Ахимовты сөзге тарттық. – Тараз – су тазалау қондырғысы жоқ еліміздегі жалғыз ғана қала екені рас. Сонау Кеңес заманында Жамбыл ауданының Қостөбе деген жерінен 207 га жер беріліп, ол 92 картаға бөлініп қойған. Қалдық, шайынды су сол карталарға барып бөлек-бөлек құйылады. Қазір ол жердегі сулар тек табиғи жолмен, яғни, жерге сіңу және буға айналу процестері бойынша ғана азайып отыр. Дегенмен, ол алқаптың тозығы әбден жеткен, дамбаларының бәрі отырған. Өйткені, сонау 50-жылдары қаланы дамыту жобасы аясында кәріз жүйесі жүргізіліп, бұл шайынды су алқабы да сол кезден бері өз міндетін атқарып келеді. Ашығын айтқанда, бұл «көл» қазір апатты жағдайда тұр. Бұл жағдайды біз жылда көтереміз. Өткен жылы министр Н.Қаппаров келгенде де есіне салғанбыз. Жергілікті газеттерге де жазып жатырмыз. Әзірге шешіліп жатқан әрекет байқамадық, – дейді Шүкірғали Ахимов. Инженердің айтуынша, бұл түйткіл республика деңгейінде шешілуі тиіс мәселе екен. Сондықтан, әзірге тараздықтарға Астана жаққа алаңдаудан басқа амал қалмай тұрған сияқты. Ш.Ахимовтың сөзінен ұққанымыз, бір кездері бұл мәселе жобалауға берілген екен. Ол жоба жартылай өтіп, сараптамасы өтпей қалыпты. Одан кейін қайтадан жаңа жобалау жасау қымбатқа түсетіні анық болған. Осылайша, бұл іс, қазіргі кезде «қаңтарылып» тұр. «Тараз судың» бас инженері бүгінде қала ішіндегі кәріз жүйесінде әзірге апатты үрей туғызатындай қандай да бір кілтипан жоқтығына сендірді. Ең бастысы, олардың да басын қалдық су алқабы ауыртып тұр. Су табиғи жолмен жерге сіңгенімен, астында қалың қабат қалуда. Әрине, сіңіп кеткені де дұрыс. Бірақ, жерге лас заттар кетіп жатыр. Бұл жерде ең бастысы, экология талаптарын бұзып жатқанымыз өтірік емес. Сондықтан, бұл маңға озық технологиялы су тазарту стансасы ауадай қажет. – Шындығына келгенде технология өте көп. Бізге кезінде, итальяндықтар да, немістер де келген. Яғни, әркім өз жобасын ұсынған болатын. Жақында тағы бір тамаша жоба келді алдымызға. Оны Астанада да жасап жатыр екен. Ол жоба бойынша, бір ғана жерге үлкен қондырғы орнатылмайды. Қаланың үш жеріне су айдау стансасы (насос) орнатылады. Ол стансалар арқылы өткен шайынды су сол жерде-ақ тазаланып, қайтадан қалаға техникалық қажеттілікке беріледі. Міне, осындай технология да бар. Яғни, оның түрі көп бүгінде. Ал, жобаға тапсырыс беретін облыстық әкімдік. Біз тек олар таңдаған жобаға келісім ғана береміз. Ал, қаржыландыру және өзге де күрделі мәселелері республикалық деңгейде шешіледі. Өте жетік технологиялар бар, бірақ, қай жоба таңдалатыны бөлінген қаржыға тікелей байланысты. Әрине, әрқайсысының құны әртүрлі болғанымен олардың арзаны болмайтыны анық. Сондықтан болар, кезінде тоқырау жылдарында сол қымбатшылықтың кесірінен біздің қалаға тазалау жүйесі жасалмай қалған сияқты. Дәл қазір қандай технологияның бізге қолайлы екенін дөп басып айта алмаймыз. Әзірге нақты біреуіне тоқталғанымыз ертелеу болады, – дейді Ш.Ахимов. Қалай десек те, ескі жобаның бүгінде түкке де жарамайтыны белгілі. Бас инженердің пайымдауынша, бізге үш жерден су айдау стансасы қойылғаны ыңғайлы сияқты. Одан шыққан суды көгалдандыру жүйесін қамтамасыз етуге де болады екен. Ал, ақшасы жетпей министрлікте жатып қалған бұрынғы жобаның уақыты да өткенге ұқсайды. Себебі, Таразға тазалау стансасының қажеттілігі тәуелсіздік алған жылдардан бері көтеріліп келе жатса, аталған жоба тек 2007 жылы ғана қолға алыныпты. Дегенмен, арада өткен жеті жылдың ішінде көп нәрсенің өзгеріп кеткені кім-кімге болса да белгілі. Десек те, қазір Қостөбе маңындағы 92 картаға қаланың сасық суы күндіз-түні тоқтаусыз келіп құйылуда. Ашық аспан астында мұндай судың сасып, айналаға жайсыз иіс тарататыны айтпаса да түсінікті. Ал, «таразсулықтар» қазір қолда бар техникасымен «көл» түбіне шөккен лас қалдықтарды түбіндегі топырақпен араластырып, кептіру арқылы ғана жан сақтап отыр. Яғни, суы сіңіп кетеді де, қоюы бетінде қалады. Нақтылай түссек, шамамен отызға жуық карта запаста тұрады екен. Олардың біреуі толса, екіншісіне жіберіп, ол толса келесі картаға ағызу арқылы қаланың кәріз жүйесі күнін өткізуде. Ал, жаз мезгілінде суы сіңіп, түбі көрінген карталар тағы да табиғи әдіспен кептіріледі. Топырақпен араластырып, айдалған жер судың сіңу процесін жақсартады. Шындығына келгенде ол жерде «Тараз судың» бұдан да көлемді жұмыс атқаруға техникасының да мүмкіндігі жетпейді екен. Одан кейінгі процесс – судың буға айналып, өздігінен кеуіп кетуі. Қалай болғанда да бұл экологияға зиянын тигізбей қоймас. Ал, тазалау қондырғысы алдымен механикалық жолмен суды сүзгіден өткізіп, қатты, ірі заттарын алып қалады. Одан ары қарай, биологиялық тәсілмен суды залалсыздандырып, әрмен қарай өзге де күрделі процестер арқылы суды қайта қалпына келтірмек.Алайда, әзірге бұл арман ғана болып тұр бізге. Қостөбеде қалыптасқан жағдай бойынша «Тараз су» КММ өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Әжімұқан Бөлтіріковті де мұқият тыңдадық. – Дәл қазіргі уақытта алқапқа тәулігіне 70 мың текше метр қалдық су құйылуда. Бұл көрсеткіш 2007 жылдармен салыстырғанда екі есеге аз. Дегенмен, 12 карта орналасқан 14 гектарды құрайтын уақытша алқап қазір шөгінділермен толып қалған. Осыны ескеретін болсақ, егер қатты жауын жауып, немесе батыстан күшті жел соғатын болса, су арнасынан асып, Жамбыл ауданының жақын маңдағы өзге егіс алқабына жайылып кетуі әбден мүмкін. Енді бұл тығырықтан шығу үшін мұнда қазір негізінен қолмен атқарылатын жұмыстарды 16 адамдық арнайы бригада атқаруда. Ал, арнайы техника атымен жоқ. Сондықтан, арнайы аяқ немесе гидрокостюм киіп алып, жұмысшылар қолдарынан келгенше өте қиын жағдайда еңбек етуде. – Алқаптың табанын тазарту үшін бізге «Драглайн» деп аталатын ауыр техника – экскаватор мен шынжыр табанды трактор керек. Ал, мұндай техника әзірге қаламызда болмай тұр. Өткен жылы бұрынғы Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі облысқа келгенде облыс әкімі біздің осы техника жөніндегі өтінішімізді жеткізіп еді, – дейді бөлім басшысы Ә.Бөлтіріков. Министр мұқият тыңдағанымен бәлендей қаржы бөліп беретіні туралы уәде бере алмапты. Сондықтан, қажетті техниканы тағы да бірнеше жыл күте тұруға, ал жұмысшыларға кетпен мен күрек сынды көне құралдармен бар шаруаны атқара тұруға тура келіп тұр. Шайынды су алқабының арнасынан асып бара жатқаны соншалықты, ол маңда қазір ауыл малдары да емін-еркін жайылып жүр. Оған қоса, суармалы көкөніс алқабы да тиіп тұр. Қалдық суды қайта өңдейтін арнайы қондырғылардан хабар болмаған соң, ең құрғанда бұл алқапқа кең көлемдегі өңдеу жұмыстары қажет. Яғни, уақытша карталарды өсімдік қабатынан аршып, қайта тазартып, жобалық деңгейіне дейін жеткізу керек екен. Ол үшін айналып өтетін қосымша канал да керек. Одан кейін, дамбаны көтеріп, бетон конструкцияларды алмастыру үшін қалдық су алқабына дейін жететін жаңа канал қажеттігі сұранып тұр. Ал, бұл жұмыстарға кететін қыруар қаржы да төбе шашыңды тік тұрғызады. Шамамен есептегенде 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалмақшы. Бұл мәселемен облыстық экология департаментіне де бас сұқтық. Дегенмен, департамент басшысы бұл жағдайға өздері тарапынан да алаңдап, мәселе көтеріп жүргенімен, онымен нақты айналысу құзырларына кірмейтінін айтып, жылы шығарып салды. Ал, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Анабаев: – Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі 2008 жылдан бастап мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр, – деп бастады әңгімесін. – Егер сараптамадан оң қорытындысы шыққан жағдайда ол әрмен қарай жобалық-сметалық құжаттамаға жіберіледі. Жасап жатқан бұрынғы ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі. Биыл осы шілде айында оның қорытындысы шығу керек еді. Бірақ, әлі күтудеміз. Жалпы, бұл жобаға 2015 жылға қаражат қарастырылып қойған. Қатты қалдық заттардың полигондарға толып кетуі мен осы қалдық су мәселесі біздің облысқа ауыр тиіп жатқаны жасырын емес. Тіпті, апатты жағдайда тұр. Оның үстіне, жер асты суларын да ластап жатырмыз. Бұл келешекке деген, табиғатқа деген жауапкершілік тұрғысынан алып қарағанда дұрыс емес. Оған қоса елімізде «Жасыл экономикаға» өтудің тұжырымдамасының үш кезеңі қарастырылған. Атап айтсақ, 2015-2020, 2020-2030, 2030-2050 жылдар аралығында қоршаған ортаны қорғаудың барлық тетіктері іске асу керек. Ал, мына қалдық суларды қайта өңдеу мәселесі тұжырымдаманың алғашқы кезеңіне кіргізілген. Сол себепті, қайткен күнде де біз бұл жобаны келесі жылдан бастап жүзеге асыруымыз керек. Өйтпеген жағдайда, біз нәтижеге қол жеткізе алмаймыз, – дейді Е.Анабаев. Ашығын айтқанда 2008 жылдан бері жыры айтылып келе жатқан бұл жоба төңірегінде кезінде аздаған даудың да болғаны рас. Мердігер компания мен басқарма соттасып та үлгерді. Бірақ, бағымызға орай әкімдік тарап жеңіп шығып, сот шешімі бойынша аталған компания тиісті қаржыны да қайтару керек болған. Бірақ, оның да нәтижесінің ауылы әлі жақындамай тұр. Осы шілде айында бұл мәселе шешілу керек болған екен. Алайда, межелі мерзім аяқталып, күздің де ауылына аяқ бастық. Қалай десек те бұл мәселе төңірегіндегі жағымды ақпараттардың бар екендігі қуантқанымен, оның нәтижесі көңіл көншітпей тұр. Тараздағы тарихи туризмді дамытудың мега жобасы жасалып жатқанынан оқырман хабардар. Ал, туристерге қажетті қолайлы экологиялық жағдай мен тазалық мәселесі кешеуілдеп келе жатқаны көңілде көп сұрақ қалдырады. Осы бетімен кете беретін болса, еліміздегі таза қалалардың қатарына кіретін Тараз сырт көзге «сырты бүтін, іші түтін» атанбаса болғаны...
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ,«Ақ жол».