Әдебиет

Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез

Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез

Адамға екі нәрсе тірек тегі: Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі. Елдіктің өзегі – білік, кілті – тіл, қадір-қасиеті – кісілік.

Жүсіп Баласағұн.

Игі істің басы – тіл, тәрбие басы – тіл. Махмуд Қашқари.

Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт. Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш.

Халел Досмұхамедұлы.

Ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек.

Сұлтанмахмұт Торайғыров.

Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабаның тілі болған қазақ тілін осы күнгі қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе, дін де осында, ғылым-білім де осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті. Дүниедегі ең асыл тіл – араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.

Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі.

Жүсіпбек Аймауытов.

Әркімнің туған тілі – туған шеше, Оған бала міндетті сан мың есе. Сәбит Мұқанов.

Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнеге белгісі. Бауыржан Момышұлы.

Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені, тіл байлығы – бәрінен де сенімді байлық. Ғабиден Мұстафин.

Тілден биік асқар тау, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ. Ғабит Мүсірепов.

Халықтың мәңгі ғұмыры оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін Ұлы. Шыңғыс Айтматов.

Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң не бір алуан – шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте, тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне! … Осындай майса сұлу тілді қалай өгейсітуге болады.

Нұртас Оңдасынов.

Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды.

Шерхан Мұртаза.

Ұлттық руханиятымыздың өзегі – тіл. Әбіш Кекілбай.