Қазақ тілі – ең бай тіл
Қазақ тілі – ең бай тіл
Марина Устинова, студент, ұлты орыс.
Тіл туралы заңның қабылдан-ғанына да 25 жыл болды. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әндей. Басқа тілді білу – әрине, мақтаныш. «Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» – деп, Қадыр Мырза-Әлі ағамыз айтпақшы, ана тілімізді қастерлеу – әрқайсымыз үшін парыз. Елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншіліктің мақтаныш сезімі болуы керек. Менің ұлтым орыс болса да, қазақ тілін ана тілімдей қастерлеп, мақтан тұтамын. «Тілі бірдің – тілегі бір» демекші, еліміз көп тілді ұлттардан құралған. Дегенмен, мемлекеттік тіліміз қазақ тілі болғандықтан, мен үшін Қазақстанда тұрған әрбір азамат басқа да ұлт болсын қазақ тілін білуі міндетті. Қазақ тілі керемет, бай тіл. Мен Қазақстанда туылып, қазақ тілін білгеніме мақтанам. Өйткені, менің жүрегім қазақ деп соғады! Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп айтып өткендей мен Елбасымыздың үмітін ақтап, мәртебесін көтеремін деп ойлаймын. Жастарды да тілімізді құрметтеуге шақырғым келеді. Шыны керек, қазақ тілінде әрбір сөздің бірнеше мағынасы бар. Ана тіліміз құдды бір таусылмайтын байлық секілді. Абайдың өзі «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегенді айтқан. Қазақ елі сол сөзді әрдайым биік ұстап жүр. Сол Абайдың сөзін біз де бойтұмар секілді ұстануымыз қажет. Себебі біз мемлекеттік тілді білу арқылы сол ұлттың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін толыққанды меңгере түсеміз. Тонның ішкі бауындай араласамыз. Бірлігіміз бекіген үстіне беки түседі. Сондықтан да біз мемлекеттік тілді құрметтейміз, қадір тұтуға тиістіміз. Қазақстан Республикасы – іргелі мемлекет ретінде достық, ұлттық келісім, халықтың ауызбірлігі мен ынтымағын аса қадірлейтін мемлекет екенін мақтан тұтайық. Соны әрдайым насихаттай білген жөн. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем, мемлекеттік және ана тіліміз мәртебелі болсын!
Тараз қаласы.