Әлеумет

Олар өмірге құштар, өнерге іңкәр

Олар өмірге құштар, өнерге іңкәр

Облыстық фестиваль мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік берді

Ауылдардан келген үміткерлер аудан-аудандарына қарай бөлек-бөлек топтасып алыпты. Біреуі екіншісінің қолтығынан демеп, тағы бірі құрбысының шашын түзеп, қолынан келгендерінше көмектесіп жүр. Бір-бірін қанаттандырып, қайрап қояды. Бауырмалдықтарын, жанашырлықтарын осылай көрсетеді. Іштей қобалжып тұрғандарымен, көңілдері көтеріңкі. Шектеулі мүмкіндіктеріне қарай сән-салтанаты жарасқан, думанды мерекелерге қатысудың орайы үнемі келе бермейді. Ал енді оларға өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік туған еді...

Осымен екінші рет ұйымдасты-рылып отырған «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты облыстық байқауға биыл Тараз қаласы мен 10 ауданнан 111 мүмкіндігі шектеулі жан қатысып, он аталым бойынша бақ сынасты. Екі күнге созылған конкурстың жүлдегерлері кеше орталық «Достық» алаңында өткен гала концертте анықталды. Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысты. – Елбасымыз биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі жандарға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс» деп ерекше атап көрсетті. Осы фестивальдің арқасында дарынды азаматтар анықталып, олардың арасында шығармашылық байланыс орнатылды. Байқаудың тамыз айында өткен іріктеу кезеңдерінде 335 үміткер бақ сынаса, 111 үздік облыстық конкурста өнер көрсетті. Фестивальдің ережесіне сәйкес «Үздік әлеуметтік жоба» аталымының жеңімпазы ғана республикалық жарысқа қатысатын болады. Бірақ, осы шараға қатысқандардың барлығы – өмірге зор сеніммен қарайтын абзал жандар. Өнерлеріңіз өрге жүзіп, шығармашылық таланттарыңыз ашыла түссін, - деді Бекболат Серікбекұлы.

Жалпы, өңірімізде мүмкіндігі шектеулілердің қоғамға кедергісіз бейімделуі үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатқа жұмсалатын қаржы көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, былтыр мүгедектерді оңалтуға 268,7 миллион теңге бөлінсе, биыл бұл сома 304,7 миллион теңгеге жеткен. Соның нәтижесінде оңалту құралдарына мұқтаж 2203 азаматтың 2062-сі тиісті жабдықтармен қамтылды. Жыл басынан бері 39 адам медициналық-әлеуметтік мекемелерден үйлеріне шығарылса, мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарында 17 жеткіншек балдақсыз жүре бастаған. Мүгедек арбасына таңылған 6 адам ходунокка ауыстырылды. Он бір бүлдіршіннің дыбыстауы түзелсе, 5 балғын арнайы көмекші мектепке, 5 бала орта білім беретін мектепке баратын болған. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің жақсарғанының бір көрінісі осы. Мектеп демекші, мектепке бару – байқаудың «Ең тату отбасы» аталымы бойынша сынға түскен жамбылдық бүлдіршін Нұртазаның арманы екен. Нұртазаның анасы Рахила «Үй тапсырмасында» белгіленген талап бойынша сахналық қойылымда перзентінің осы бір ой-арманын көрсетуге тырысты. Бауырсақ үйден қашып шығып, мектепке бармақ болады. Бірақ, оның қалам-дәптерлері болмайды. «Қойылымдағы рөлді балам жақсы ойнады. Нұртаза бір-екі қайталаған сөздерін ұмытпайды. Үйде ағасы сабаққа дайындалғанда қасында тыңдап отырып-ақ, есептеуді үйреніп алады. Тақпақтарды да тез жадына сақтайды. Өзі зейінді, қазір мектепке баратын кезі емес пе?», - дейді жеті жасар Нұртазаның анасы. Бұл аталым бойынша төрт отбасы сынға түсті. Десе де, талапқа сай өз өнерлерін көрсеткен Жамбыл ауданынан келген Нұртаза Битан мен шулық Мейіржан ғана болды. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, өнер додасындағы бәсекелестік жоғары. Байқаудың «Үздік би», «Үздік орындаушы», «Үздік әлеуметтік жоба», «Үздік спортшы» аталымдарының жеңімпаздарын анықтау оңайға соққан жоқ. Әсіресе, Тараз қалалық мәдениет үйінде өткен бишілер жарысы тартысқа толы болды. Әншілер бәсекесінен кейінгі қатысушылары көп болған аталым да осы. Он үш үміткердің әрқайсысының өнері өзгеше есте қаларлықтай. Солардың арасында меркілік бүлдіршін Асылай Медетбекованың, «Болашақ» интернатының бишілер тобының өнері көрермен көңілінен шықты. «Алтын қауырсын» аталымы да өз қатысушыларының әдеби шығармашылық әлеуеттері шексіз екендігін анықтап берді. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәжіліс залында өткен шығармашылық байқауда қала, аудандардан келген сегіз үміткер өз өнерлерін ортаға салды. Бірқатары тосын қырларымен де танылды. Қаратаулық Вячеслав Морозов өлең жазып қана қоймай, өлеңдерін көрермендеріне «рэп» әуенімен әсерлі жеткізе де біледі екен. Рысқұловтық Халида Кеупова болса, өзіне ақындық пен ісмерлікті бірдей серік етіпті. Оның қолынан шыққан қыз жасаулары қазірдің өзінде ел ішінде айрықша сұранысқа ие болып үлгеріпті. Облыстық оңалту орталығынан келген Ақерке Кенжебек демеушілер көмегімен өзінің үш жүздей өлеңі топтастырылған тұңғыш жинағы жарық көргелі жатқанын айтады. Тараздық Дмитрий Ивановтың елге қаламгерлігімен танылып үлгергенін, тіпті, биыл оған «И был рывок» атты кітабы үшін халықаралық «Филантроп» сыйлығы берілгенін де білеміз. Ал Аса ауылында тұратын Қолқанат Оңғарбаева зағиптығына қарамастан, «Лотос» қыз-келіншектер клубын ашып, жұмысын бірден жандандырып әкеткен. Азамат Катанбаев көркем сөз оқудың шебері... Әрқайсысы бір-бір тұнық бастау, ашылмаған арал секілді. Содан да олардың қай саладағы болсын өнерлері шынайылығымен баурады. Тағдыры маңдайынан сипамаған жандар үшін мұндай шара көңілдерінде үміт отын тұтатқанмен бірдей дейді мамандар. «Облыстық байқауға он төрт үміткеріміз қатысты. Олардың арасында былтырғы қатысушылар да бар. Солардың бірі – «Алтын қауырсын» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылған Халида. Ол осы конкурсты асыға күтті», - дейді Т. Рысқұлов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Сәуле Әденова. Конкурстың он аталымы бойынша жаңашылдығымен, шығармашылық даралығымен, шеберлігімен көзге түскендер жеңімпаз деп танылды. «Амазонка» қоғамдық ұйымының төрайымы Анжелика Сарьян – «Үздік әлеуметтік жоба», сарысулық Асқар Әшірімбетов – «Үздік спортшы», ал Балтабай Дайырбеков «Кәсібінің үздігі», Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің 1-курс білімгері Талғат Аманбеков – «Үздік студент», Диана Әскербай – «Ақылдылар», шулық Әділет Иманбай – «Үздік жасампаз», жамбылдық Нұртаза Битан – «Ең тату отбасы» аталымдарының иегерлері атанды. Т. Рысқұлов ауданынан келген Халида Кеупова – «Алтын қауырсынның» жеңімпазы болса, таластық Балжан Ғабит бишілер арасында, сарысулық Мұхамбет Құдайбергенов әншілер арасында үздік шықты. Топ жарғандарды гала концертте облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жасампаздық-шығармашылығына қолдау көрсету, олардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты облыстық байқау көздеген үдесінен шықты.

Баймаханбет Ахмет, Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.