- Advertisement -

Карантин әлі алынған жоқ, тұрғындар қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс

33

- Advertisement -

Жамбыл облысында қауіп тобындағы 27 мыңға жуық тұрғын тұмауға қарсы вакцинамен қамтылған.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды. Басқосуда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев эпидемиологиялық ахуалды күзде ЖРВИ мен тұмаудың өсуі күрделендіре түсу мүмкін екендігін айтып, алаңдаушылық білдірді. Бұл орайда тұрғындарды вакцинациялау маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Биыл тұмауға қарсы вакцинациялау өткен жылдармен салыстырғанда ертерек — 15 қыркүйектен басталды.

Өңірде биыл жалпы сомасы 280,8 млн. теңгеге тұмауға қарсы 320 мың дозадан астам вакцина сатып алынған. «СК-Фармация» ЖШС желісі арқылы тағы 110 мың доза тұмауға қарсы вакцина жеткізіледі деп күтілуде.

Жамбыл облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков қауіп тобындағы 27 мыңға жуық адам вакцина қабылдағанын жеткізді.

Эпидемиологиялық жағдай туралы айта келе, ол коронавирус ауруының шарықтау шегі маусым-шілде айларында болғанын атап өтті. Тамыз айында вирустың тарауы бәсеңси түссе, қазір инфекцияның оқшауланған жағдайлары анықталуда.

Облыс әкімі коронавирустың таралу қаупі әлі де сақталып отырғандығына көңіл бөліп, тұрғындар мен жауапты ведомстволар тым ерте босаңсуға жол бергенін атап өтті.

«Біз коронавируспен күрес шараларына байыппен қарап, оның бізге төндіретін қаупін түсінуіміз керек. Карантиндік режимді әлі ешкім жойған жоқ, тұрғындар бірінші кезекте өз жақындарын дерттен қорғауы үшін қауіпсіздік шараларын сақтауы тиіс», — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі аппаратының қызметкерлері өздері арнайы тексеріс жүргізіп, мобильді топтардың назарынан тыс қалған бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған. Айталық, шектеу шараларына қарамастан облыс орталығындағы «BoRa», «MART MAGNAT», «Бейбарыс», «Гаухар», «Adora me» сауда үйлері, «Мансард», «Enigma» кафелері, «Алма-Ата», «Гаухартас», «Тараз холл», «Үміт», «Сәтті», «Ақ орда» мейрамханалары, «Арал» моншасы жұмыс істегені белгілі болған.

Қызмет алушы ретінде қаладағы бірнеше мейрамханаларына қоңырау шалғанда да, «Інжу Маржан», «Сәтті», «Гранд Ширин» мейрамханаларының өкілдері жақын арада бос күндер жоқтығын айтып, жауап берген. Аудандардағы жағдай да осындай.

«Тұрғындар бірнеше жүздеген қонақтарды шақырып, мерекелік шаралар, үйлену тойларын ұйымдастыруда. Демалыс күндері ойын-сауық орындары мен сауда орындарын аралайды. Ешкім маска режимін және әлеуметтік ара қашықтықты сақтамайды. Бұл ретте тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті ешқандай шара қолданбайды, мобильді топтардың жұмысына қатыспайды, полицейлермен бірлесіп әрекет етпейді. Мұндай жауапты кезеңде жұмыстарыңызға немқұрайлы қарауға болмайды», — деді аймақ басшысы.

Ол денсаулық сақтау басқармасына, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне, «СК-Фармация» ЖШС өңірлік кеңсесіне бірлесіп жұмыс істеуді және эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда барлық мүмкін шараларды алдын-ала ойластыруды тапсырды.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support