Жаңалықтар

Қойбағардың «қоян» бизнесі

Қойбағардың «қоян» бизнесі

Көптен бері бизнеспен айналысуды армандап жүрген Қойбағар энциклопедиядан және интернеттен қояндардың өте өсімтал келетінін, сол өсімталдығының арқасында бір жылдары Австралия даласына қояндар сыймай кеткенін оқып білген соң, қоян бизнесімен айналысуға белді бекем буды. Қызу іске кіріскен ол алдымен қояндарға арнап темір тормен қоршалған екі үйшік жасады. Содан кейін базарды аралап жүріп бір еркек, үш буаз қоян сатып алды. Еркегін бір бөлек, аналықтарын бір бөлек «құтты орындарына қондырып» көңілі жай тапты. Үлкен істі тындырғандай болып біраз демалғаннан кейін қолына қалам мен қағаз алып, қояндарының қалай көбейетінін есептей бастады. «Бір қоян орташа есеппен сегіз көжек туатын болса, үш аналық қояным жиырма төрт көжекті дүниеге әкелсе, үш-төрт айдан кейін осы көрсеткішті қайталаса, қояндарымның саны елуден асады екен. Осы өткен уақыт ішінде алғашқы көжектер де үлкейіп, өздері де туып, геометриялық прогрессиямен көбейе бастайды», – деп ойлап ары қарай есептеуге ерініп, қаламын жайына қалдырды. Қиял құшағына беріліп, бизнестің жағдайына көшті. «Қояндарды сойып етін бір бөлек, терісін бір бөлек сатып отырсам, ыңғайы келсе қоян терісінен бас киім тіктіруді қолға алсам, тұрмысымды тез-ақ жөндеп алар едім» деген тәтті ойдан рахаттанып екі алақанын ысқылап қойды. Түнгі ұйқыға жатар алдында қояндарды қорғап жүрсін деп қабаған итін шынжырынан босатып жіберді. Түнде қояндар туралы жақсы түстер көрді. Бірақ, тәтті түсін итінің шабалап үргені жиі бұза берді. Таң ата ұйқыдан ояна салысымен асығыс киініп, қояндардың жағдайын білмекші болып үйшігіне барғанда, олардың өліп жатқандарын көріп, өкініштен өзегі өртеніп, өкіріп жылап жіберуге аз-ақ қалды. Қойбағар қояндардың сужүрек келетінін ескермепті. Қабаған иттің үйшіктің торын тырналап, тоқтаусыз өршелене үрген ашулы түрінен зәре-құттары қалмай шошыған қояндардың жүректері ұзаққа шыдамай «инфаркт» дертіне ұшырап тоқтап қалыпты.

Сейітқасым Тәжбенов, дәрігер.