- Advertisement -

Індеттің екінші дүмпуі күтілуде Балалар ауруханасы оған қаншалықты әзір?

97

- Advertisement -

Альмира ОМАРОВА

Бүгінде COVID-19 инфекциясы айылын, ал есеңгіреген ел есін жия бастады.  Алайда бүгін эпидемиологиялық жағдай тұрақты десек те, көпшілік арқаны кеңге салуға болмайтынын айтады.

Өйткені коронавирус деп жүргенде, шіліңгір шілденің өзінде пневмония өршіп, жұртшылықты әбігерге салғаны естен кетсін бе?! Енді, міне, күн қысқарып, түн ұзарған құбылмалы күз де келіп жетті. Алты ай қыста індеттің тағы бір дүмпуі орын алып, өткен жағдай бек қайталануы мүмкін. Сондықтан облыстық көп бейінді балалар ауруханасының кеселдің келесі кезеңіне дайындық барысы жайлы әңгімелеген мекеменің  бас дәрігері Азат Сатжанов журналистер қауымына ғимараттағы қажетті жабдықтарды да таныстырып көрсетті.

Азат Бекенұлының пікіріне сүйенсек, аурухана дәрі-дәрмектің екі айлық қорымен қамтылған. Инфекцияға шалдыққан науқастарды емдеуге қажетті жабдықтар да жеткілікті көрінеді. Оның ішінде өкпені жасанды желдетудің 25 аппараты бар. Вирусқа қарсы антикоагулянттар, антибактериалды терапияға арналған препараттар да жоқ емес.

  • Жалғыз «СК-Фармация» ЖШС-мен 266 миллион теңге сомаға

дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізуге 31 келісімшарт жасалды. Біз бірақ қосымша  тағы 108 миллион теңгеге өтініш беріп отырмыз. Бұдан басқа «Садыхан», «Әмір және Д» дәріханаларымен де келісімдер бар. Енді инфекциялық стационар үшін компьютерлік томограф сатып алу жоспарлануда, – дейді ол.

Жеке қорғаныс құралдарының  мың бірлігі барын  алға тартқан бас дәрігер жуырда «Біргеміз» акциясы аясында ауруханаға өкпені жасанды желдету аппаратының тағы екеуі жеткізілгенін айтты. «KazTransOil» компаниясы алып берген құрылғының қуаттылығы басқаларға қарағанда әлдеқайда жоғары екен.

Таныстырылым барысында Азат Сатжанов пандемияның келесі толқынына дайындық жоспарын орындау аясында инфекциялық стационарда төсек қоры 250-ге дейін артқанын атап өтті. Қажет болған жағдайда провизорлық стационарда қосымша 360 орын әзірлеуге мүмкіндік бар. Бір тиімділігі – бұл төсектер ересектер мен балаларға да арналғандығында. Сондай-ақ ғимаратта кавасаки дертін анықтау үшін фильтр де орнатылыпты.

Осы ретте айта кетерлігі – облыста осындай көп қабыну синдромымен әзірге бір-ақ бала тіркелген.  Қажетті ем алған 15 жасар жеткіншек қазір жазылып, үйіне шығарылды дейді маман. Ал COVID-19 диагнозымен мұнда әлі де сегіз сырқат жатқан көрінеді.  Ауру белең алғаннан бастап өңірде коронавирустық инфекциямен ауыратын 40 бала тіркелсе, олардың 80 пайызы өкпенің қабынуымен түсіпті.

Жалпы, алда-жалда коронавирустың екінші толқыны басталып жатса, облыстық көп бейінді балалар ауруханасы оған толықтай дайын. Тіпті мұнда тұмау және ЖРВИ белгілері бар науқастарды тексеру үшін сүзгілеу бекеттері  жұмыс істейді. Сонымен қатар науқастарды шұғыл қабылдау үшін жекелеген  бокстар ұйымдастырылған.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support