- Advertisement -

ҚАЛАЙ ЖАЗҒАНЫМЫЗ ДҰРЫС? Қыркүйек/қыргүйек; көкөніс/көгөніс; шекара/шегара сөздерінің емлесі жайында

484

- Advertisement -

Бұл сұрауға бірден жауап бермес бұрын аздап шегініс жасауымызға тура келеді.

«Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» алғашқы толық, ғылыми басылымы 1963 ж. ҚазССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының әзірлеуімен жарық көрген еді. Көптеген сөздің орфографиялануы бірізге түсіп, жазу мәдениетін көтеруге едәуір септігін тигізген бұл сөздік негізінен «түбір сақтау» ұстанымын басшылыққа алған болатын. Шекара сияқты сөздер осы ұстаным бойынша жазылды.

Алайда…

Түбір сақтау ұстанымынан кейбір ауытқулар ұлы жазушы М.Әуезовтің «Қаракөз» пьесасынан басталған екен. Аға буын ғалымдардан естуімізше, Мұхтар Әуезов Қаракөз демей, Қарагөз деп жазуды қалам ұстаған мәдени  жұртшылықтан  қолқалап, қалап алған екен.

Бірақ мәселенің барысы бір ғана Қарагөз деп жазумен тына қоймаса керек.

Сол кездерден басталып, етек ала бастаған түйткілді түйіннің шешімін іздеген ғалым апайымыз Рәбиға Сыздық болатын. Өйткені Рәбиға апай атап көрсеткендей, радионың құлағын бұрап қалсаңыз да, телевизордың тетігін басып қалсаңыз да қыздарымыздың әп-әдемі әуезді есімін әншілеріміздің өзі Меңді[қ]ыз-ау, Меңдіқыз деп «қақалап» айтатыны әдетке айналған еді. Сөз ішіндегі дыбыстардың үндесім мен үйлесімі бұзылды. Мектеп өмірінде Аманкелді, Жанкелді деген тұлғалар есімін —…келді, -…келділер-мен «ке-келеп» айту көбейе түсті. Сахна төрінде, ақпарат құралдарында ше[к]ара, кө[к]өніс, қыр[к]үйек деп «ке-келеп» айту әдетке айналып та кетті. Осы тұста сөздің айтылу нормаларын көрсететін Р.Сыздықтың «Сөз сазы», Қ.Неталиеваның «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» де жарық көрді. Қазақ сөзінің айтылу нормаларының бұзылуы жайында лингвистикалық оптимизммен бірталай өткір мақалалар да жарияланды. Бірақ нәтиже ойдағыдай бола қоймады. Осындай жағдайда жиілігі жоғары, күндегісін-күнде естіп жүрген сөздердің жазылуында түбір қуалап жазудан «шегініп»,  орфографиялық сөздіктерде қыргүйек, көгөніс, шегара сөздерін сындырып жазуға тура келді.

Шегара, шег- шегін, шектен (шықпау) дегендер, түптеп келгенде, бір түбірден өрбіген ұялас сөздер. Сол сияқты көгөніс, көгал, көгілдір, көгершін, көгаршын, көгілжім сөздерінің түбірі — көк. Бірақ бұларды ешкім түбір қуалап көкал, көкілдір, көкілжім, көкаршын, көкершін деп айтпайды, айтпаған соң түбір қуалап жазбайды да.

Ал қыркүйек/қыргүйек атауындағы қыр мен күйек сөздерінің арасында мағыналық байланыс тасаланған. Неге қыр? Неге күйек? Қырдың «күйекке», күйектің «қырға» қандай қатысы бар?

В.А.Куфтин «Календарь и первобытная астрономия киргиз-казацкого народа» (1916 ж.) деген мақаласында қыркүйек атауын қырық үйек «стрижка густой шерсти» деп көрсеткен. Шындығында, күзем жүн қыркүйек айында қырқылды, яғни ай аты мен шаруашылық ұйымдастыру науқанымен сәйкес келеді. Әзірге біз сүйене қоярлық басқаша этимология жоқ.

Бірақ бұл этимологияны құлай құптап та, тұтасымен терістеп те отырған жоқпыз. Өз ойымызша, бұл атауды «қыр күйегі», қыр жануарларының, — ашатұяқ қоңыр аңдардың (бөкен, қарақұйрық, тауешкі т.б.) – күйті келмеген, күйекашарға дейінгі мезгілі, соның басқы кезі ме екен деп те ойлаймыз. Бұл шақ қырдағы, қоңыр аңдарға табиғаттың өзі күйек байлап қойған мезгіл болса керек. Осы мезгілдің бас кезі қыркүйек деген ай атауына негіз болуы ықтимал.

Қоңыр аңдардың күйті келіп, күйекашар кезі әдетте қарашаның аяғы, желтоқсанның басына тура келеді. Бұл кезде күйтойнақтан шыққан қырдың ашатұяқтары көкектің (қазіргіше сәуірдің) аяғы, мамырдың бас шенінде, анық бес айда жаппай төлдей бастайды. Бұны айтып отырған себебіміз халқымыздың дәстүрлі төлтума ай атаулары табиғатпен, сондағы құбылыстармен мағыналық байланыста болып келеді Ал ай атауының емлесіне келсек, көгал, көгорай, көгаршын, қазанғап, қолғап дегендердің ізімен қыргүйек деп жазудың әбестігі жоқ деп ойлаймыз.

Сонымен, қысқаша айтқанда, шегара, қыркүйек, көгөніс деп жазу, сайып келгенде, сөз сыңарларының 1) мағыналық, 2) дыбыстық және екпін (просодикалық) жағынан кірігуінің графикалық нышаны болып табылады. Орфографиялық сөздікті құрастырушы ортологиялық лексикография мамандарының мәдени жұртшылыққа, әсіресе мәселе көтеріп, ойтүрткі болған Нұртөре Жүсіп, Есенкүл Кәпқызы сынды тіл жанашырларына айтар уәжі, міне, осындай.

Нұркелді Уәли,  А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д.                    

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support