Мәдениет

Тарихты тірілткен қаламгер

Тарихты тірілткен қаламгер

Бақтыяр Әбілдаұлы. Осы кісінің арқасында Айша бибі мен Қарахан туралы аңыз архив тозаңында көміліп қалған жоқ. Ал Жамбыл қаласы өзінің қазіргі тарихи атауы – Таразға қайта ие болды. Ұлы даланың тарихи тұлғалары Қойгелді, Байзақ, Рысбек сынды ондаған батыр бабамыздың өмірі мен ерлігі туралы алғаш баяндаған да осы ағамыз болатын.

  Қияға қанат сермеген «Қанатын кең жая алмады. Сол өкінішті. Ойымнан кетпейді». Журналист, публицист, жазушы Бақтыяр Әбілдаұлы туралы осылай деп еске алады бүгінде мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков. Олар Бақтыяр Әбілдаұлы екеуі жас­ты болатын, мектепте, бертінде университетте бірге оқыды. …Жамбыл.1970-жылдар. Қазақ­стан­ның оңтүстігіндегі шағын қала тұрғын­дары облыстық «Еңбек туы» газетін­де жа­рия­ланған мақаланы қызу талқылауда. Жас ару жайлы баяндалатын «Айша туралы аңыз» тарихи очер­кінің күнделікті бас мақалаға, егіс алқап­тарынан жазылған репортаждар мен жиналыстар туралы ақпараттарға мүлдем ұқсамайтыны соншалық, оны байқамай қалу мүмкін емес еді. Оның үстіне мақала авторы жас журналист өзінің очеркінде бұрын белгісіз болып келген архивтік құжаттарды келтірген болатын. Бұл оқиғадан бірнеше жыл бұрын. …Ташкент. Мемлекеттік архив. Түр-сипаты зиялы жас қазақ тағы да көне құ­жаттарға беріле үңіліп отыр. Архив қыз­меткерлеріне ол жақсы таныс, себебі бірін­ші рет келуі емес. Қашанда ибалы, әңгімелессе баурап әкетеді. Жылна­ма­лардан өзіне қажет деректерді табандылықпен тынымсыз іздейді. Соңғы жолы архивтен қуанып шықты, бас­палдақтардан жеңіл аттап, қақпаға қарай жүгіре жөнелді. Айша бибі туралы аңызды бүгінде бәрі біледі. Тіпті бірнеше нұсқасы да бар. Алайда көне Тараз шаһарындағы қос ғашық туралы аңызды шаң басқан архив қойнауынан алып шығып, екінші өмір сыйлаған жамбылдық жергілікті журналист екенін екінің бірі біле бермейді. Біз бүгін уақыт атты ұлы құдіреттің өзін тізе бүктіріп, ұмытылған тарихты қай­та тірілткен осынау таңғажайып адам – Бақ­тыяр Әбілдаұлы туралы әңгі­мелемекпіз. Бақтыяр мектепте үздік оқушылардың бірі болды, сол кездің өзінде-ақ қағілез баланың бойынан мақсатына жетуге деген ұмтылыс байқалатын. Мектептен кейін олар арман қуып Алматыға аттанды. С.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Ұлттық университет) филология факультетіне түсті. – Ұстаздар жағынан біздің топтың керемет жолы болды. Бізге ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі дәріс оқыды. Курсы­мыз мықты болды, бәрі оқу үздіктері. Дегенмен сол сен тұр, мен атайын студент­тердің арасында Бақтыяр ерек­шеленіп тұратын. Оның керемет талдау қабілеті кейде профессорлардың өзін тығырыққа тірейтін. Университеттен кейін мен Алматы­да қалдым, Бақтыяр Жамбылға қайтты. Оның жүрегі кең болатын. Қашанда көмектесуге дайын тұратыны таңғал­ды­ратын әрі тәнті қылатын. Зайыбы Ақы­лай да өзіне сай еді, олардың есігі дос-жа­ран­дары үшін қашанда ашық болатын. Ол өте еңбекқор еді, шаршауды біл­мейтін. Оның тарихи тұрғыда өте ауқымды ойлай білетін қабілеті мені еріксіз таңғалдыратын. Егер ол ғылым жолын таңдағанда ірі ғалым болар еді. Архивтерге қалай барғаны, құжаттарды қалай көз майын тамызып зерттегені әлі есімде. Оның барлық еңбегі құжат­тармен расталған фактілерге негізделіп жазылған, – дейді Мырзекең өткен күндерді емірене еске алып.   Қара нар Бақтыяр Әбілдаұлы ұзақ жылдар Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде еңбек етті, тілші­ліктен бастап, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметіне дейін атқарды. Қаламдас әріптестерінің жадында ол тынымсыз еңбекқор, жазғандарына жаны күйетін автор және жақсы жолдас ретінде қалды. Жазушы-драматург Елен Әлімжан былай деп еске алады: – Редакцияның қара нары еді. Газеттің бар ауыртпалығын қайыспай көтерді. Осы жұмыстың бәрін ол білік­тілікпен үйлестіріп, бағыттап отыру­шы еді, өзі де көп жазатын. Кезінде үлкен шу тудырған, облыс аумағындағы Айша бибі, Қарахан баба кесенелерінің тағдырындағы бет­бұрысты кезеңге айналған очерк те әріптестерінің есінде. – Қала азаннан шулап кетті. Мақала әкім­шіліктегі аппарат мәжілісінде тал­қы­ланып жатты, редакцияда – айтса-айт­паса да. Телефонға тыным болған жоқ. Қоңырау шалмаған аймақ та, адам да қалмады. Бұл Бақтыярдың көп жыл бойғы тынымсыз ізденісінің жемісі еді, – дейді драматург.   Тараздың тарихын түгендеген Бақтыяр Әбілдаұлының Айша бибі мен Қарахан батырдың ғашықтық дастанын жаңғыртқан еңбегінен де елеулі тағы бір еңбегі бар. Ол – Жамбыл облысы ор­талығының тарихи атауы Тараз еке­нін және оның 2000 жыл­дық тарихы бар еке­нін дә­лелдеуі. Өкініш­ке қарай, бұл жайтты қазір екінің бірі біле бермейді. Сол тұста облыс­тық әкімшіліктің идеология бөлімін­де қызмет еткен, сол бір тарихи оқиға­лар­дың тікелей куәсі болған әріптес шәкірттерінің бірі Қуаныш Сабыр­ұлы былай еске алады. – Бақтыяр аға ол кездегі Жамбыл қаласының тарихи аты Тараз екенін, оның 2000 жылдық тарихы бар екенін дәлелдеп, жазып қана қойған жоқ, ресми мойындатуға да барын салды. Елбасы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келгенде алқалы топ алдында облыс орталығына тарихи атауын қайтару, 2000 жылдығын атап өту таралы мәселені көтерді. Оған өзім куәмін. Елім, жерім деген азаматты өңір басшыларының Президент алдында бұл мәселені көтермеу туралы «өтініші» де тоқтата алмады. Абырой болғанда Нұрсұлтан Әбішұлы дұрыс көтеріліп отырғанын, даңқты тарихымызды жаңғыртуымыз керектігін айта келіп, мәселені зерделеуге уәде берді. Көп ұзамай тарихи мәселелердің қолдау тапқаны туралы қуанышты хабар жетті. 1997 жылы қыста Президентіміз Қарахан баба кесенесі алдында Жамбыл қаласына өзінің тарихи Тараз деген атын қайтару туралы Жарлыққа қол қойды. 2000 жылы Бақтыяр Әбілдаұлына осы елеулі еңбегі үшін Тараз қаласының құрметті азаматы атағы берілді. Ал 2002 жылдың 25-26 қыркүйек күндері көне шаһардың 2000 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында тойланды.   Ел асыға күткен премьера Мерзімді басылымда, күнделікті шығатын газетте жұмыс істей жүріп Бақтыяр аға шығармашылыққа, ізденіс­ке, зерттеуге де уақыт тапты. Сол кездің өзінде ел тарихының мәнін терең тү­сін­ген азамат жылдар бойы архив­те отыр­ды, құжаттарды зерттеді, тарих тере­ңінде жатқан мәліметтерді тірнек­теп жинады. Онымен де қоймай, тиісті мекеме­лерге хат жазып, олардың назарын облыс аумағындағы тарихи ескерт­кіш­тердің күтімсіздіктен, жауын-шашыннан жойы­лып бара жатқанына аударды. Айша бибі туралы аңызды ол өзі Ташкент архивінен тапқан құжаттардың негізінде қайта жаңғыртты. Жоғарыда айтылған тарихи очеркін де сол дерек­тердің негізінде жазды. Сондықтан да 1984 жылы Жамбыл облыстық драма театрының директоры Әлібек Әмзеевтің Айша бибі туралы пьеса жазу туралы ұсыныспен дәл осы Бақтыяр ағаға қайырылғанына таңғалуға болмайтын еді. – Мен театрға директор болып 1983 жылы келдім. Қызметімді театр репер­туарын өзгертіп, мазмұнын байытудан бастадым. Режиссер Асқар Құл­дановпен ақылдаса келіп, Айша бибі туралы аңызды шығаруымыз керек деп шештік. Пьесаны жазып беруді Бақтыяр Әбілдаұлынан өтіндік. Оны аңызға екінші өмір сыйлаған адамнан басқа кім жазуы мүмкін? Қуана келісті. Құлшына кірісті. Жарты-ақ айдың ішінде бірінші нұсқасын жазып бітірді. Бірақ одан кейін де шығармасын шыңдау жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Премьерасы 1985 жылы тамыз айында болды. Залға ел сыймай кетті, – деп еске алады Әлібек Әмзеев. Басты рөлде ол кезде жас актриса, бүгінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлшат Қыпшақова ойнады, Қараханның рөлін талантты актер, марқұм Спандияр Мұқашев асқан шеберлікпен сомдады. Сол жылдары Жамбыл қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қыз­метін атқарған Москау Ноқрабеков те ол оқиғаларды жақсы біледі. – Премьераны ел асыға күтті. Ол жыл­дары ұлттық мәдениетіміз, тарихымыз туралы шығармалар жоқтың қасы болатын. Оның үстіне Бақтыяр Әбілдаұлының газет бетінде баяндалған аңызы елге танылып қалған. Сондықтан көрермен «Айша бибі» спектакліне қуана келді, тіпті бірнеше қайтара келіп көргендер де аз болған жоқ. Бұл аса қуа­ныш­ты жай еді, – дейді Москау Ноқрабеков. «Айша бибі» театр репертуарынан ұзақ уақыт түскен жоқ. Спектакль жоғары наградаларға ие болды. Ең бас­тысы – көрерменнің көңілінен шықты. – «Айшадан» кейін Бақтыяр тарихи тақырыптағы «Төле би», «Сыпа­тай батыр» және басқа бірнеше дра­малық шығарма жазды, дегенмен оның шығар­машылығының шыңы қос ғашықтың махаббат тарихы болып қалды, – дейді Ә.Әмзеев.   Ән қанатында Спектакльге музыканы бастапқыда Нұрғиса Тілендиев жазуы керек болатын. – Біз Нұрекеңмен келісіп, пьесаның мәтінін беріп те қойғанбыз. Өкінішке қарай, жұмысының қауырттығына байланысты жаза алмады. Ол кезде Нұраға фильмге музыка жазып жатқан, оркес­трімен гастрольдерге де шығуы керек болды. Бұл туралы маған телефон арқылы өзі айтты. Ақылдаса келіп, қойылым музыкасын сол кездегі облыс­тық филармонияның директоры, сазгер Алтынбек Қоразбаев жазады деп шештік, – дейді Әлібек Әмзеұлы. Ал бұл туралы композитор, Қазақ­станның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қораз­баевтың өзі: – Бақтыяр Әбілдаұлы тарихымызды жаңғыртуда орасан жұмыс атқарды. Оның өлмес тарихи шығармалары соның дәлелі. Солардың арасындағы шоқтығы биігі «Айша бибі» пьесасының қойылымына музыканы мен үш айға толмайтындай уақытта жаздым. Әрине, алдымен пьесаны оқып шықтым, ондағы оқиғаларды жүректен өткіздім. Спек­такльде бас кейіпкер орындайтын «Айшаның әні» бар. Оның музыкасын да мен жаздым, сөзі Бақтыяр ағаның өзінікі. Ән хитке айналды десем, артық айтқандық емес. 80-ші жылдардың соңында оны үлкен де, кіші де айтатын. Үлкен сахнада оны Мақпал Жүнісова, Қарлығаш Қожағазина шырқады, мен өзім де концерттерімде міндетті түрде орындаймын, – деп еске алады. Бұл әнді сіздердің де сан рет тыңда­ған­дарыңызға сенімдімін. Сырлы сазбен айшықталған ғашық­тық сезімге толы жыр жолдары ел арасына тез тарады. Біздің отбасымыздағы сүйікті әндердің бірі де осы «Айшаның әні» еді. Беріле шырқайтынбыз, ал әкеміз домбырамен сүйемелдейтін. Кейін домбырамен орындауды өзіміз де үйреніп алдық.   Көзден кетсе де, көңілден кетпеуі тиіс Оның ғұмыры ұзақ болған жоқ. Журналист, жазушы, драматург, зерттеу­ші Бақтыяр Әбілдаұлының бақилық дүниеге аттанғанына биыл он жыл. Қос ғашық Айша бибі мен Қарахан батыр туралы шығарманың тұңғыш қойылымының премьерасына 35 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында қос кесене Жамбыл облысының ең танымал символына айналды. Бұл тарихи нысан­дар киелі орындардың республ­и­ка­лық тізіміне енгізілген және бүкіл Қазақ­станнан, басқа елдерден саяхаттап келе­тін туристердің, дертіне шипа іздеп келе­тін зиярат етушілердің сүйікті жерлері. Ал осы аймақ мәдениетінің, тарихы­ның үлкен бір қатпарын сақтап қалу жөніндегі ең алғашқы және ең маңызды қадамды көп жылдар бұрын облыстық «Еңбек туы» газетінің журналисі Бақ­тыяр Әбілдаұлы жасаған бола­тын. Жас тілші кесенелері Әулие­ата өңірінде сандаған ғасыр бойы махаббат символындай болып тұр­ған тұлғалар туралы мәліметтерді көр­ші елдің архивтерінен өз бетінше табан­дылықпен іздеді. Көнекөздер мен Бақтыяр ағаның замандастары, әрине, оның еңбегін, шығар­машылығын жақсы біледі. Алайда, неге екені белгісіз, өзі ұзақ жылдар қызмет еткен, қазір «Ақ жол» деген атпен шы­ғып жатқан газет редакциясында да, облыстық музейде де, тіпті «Рухани жаң­ғыру» орталығында да өзінің табанды еңбегі­мен, ізденісімен уақыт тегер­шігін кері айналдыра алған, Тараз шаһа­ры­ның даңқты тарихы бар екенін дәлел­деп, сол кездің өзінде-ақ рухани жаң­ғы­руы­мызға өлшеусіз үлесін қосқан, махаб­бат символына айналған аңызды тарих тозаңынан аршып алып, хал­қы­мыз­бен қайта қауыштырған адамға ар­нал­ған не кабинет, не стенд, не тақта жоқ. Шынын айтқанда, өте өкінішті жайт. Өйткені мұндай адамдар мақтанышымыз болуы тиіс. Жастарымызға, жалпы қоға­мы­­мызға, өзінің туған жеріне, өзінің сү­йік­ті ісіне беріле қызмет етудің үлгісі қажет. Бұл орайда шығармашылық адамдарын ынталандыру мақсатында журналистер арасындағы сыйлықтың Бақтыяр Әбілдаұлы атындағы «Тарих зерт­теушісі» номинациясын тағайындаған дұрыс болар еді.  Зарина МОСКАУ, журналист