Өзгеге қайырым қылсаң, қайырын өзің көресің
Өзгеге қайырым қылсаң, қайырын өзің көресің
Көпбалалы отбасы балалары мен тұрмыстық жағдайы төмен ортада өсіп жатқан балаларға жыл сайын көмек қолын созып, оларға түрлі сый-сияпат жасау Іскер әйелдер қауымдастығының игі дәстүрі. Бұл жолғы шара облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша Тараз қаласындағы «Інжу-Маржан» тойханасында ұйымдастырылып, балаларын жетектей келген аналарды қауымдастық мүшелері зор құрметпен күтіп алды. Аталған тойхананың иесі, кәсіпкер, жомарт жүректі жан Меруерт Лештаева көп баламен жастайынан жесір қалған өз анасын мысалға келтіре отырып, бүгінгі таңда қиындық көріп жүрген жас аналарға өмірлік күш-жігер берер қолдау сөздерін арнады. Сондай-ақ, қауымдастық мүшесі, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің Бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали да балақайларға жылы лебізін арнап, сабақтарын үлгілі оқуға шақырды. Өз кезегінде көмек алған аналар да ақ тілектерін жаудырып, әркез ана мен балаға көмек көрсетуге асығып тұратын өңірдің кәсіпкер әйелдеріне алғыстарын білдірді. Айта кетейік, Іскер әйелдер қауымастығы бұл жолы көмек алған отбасылардың басым бөлігімен үнемі тығыз байланыста жұмыс істеп, реті келген сайын түрлі сый-сияпат жасап отырады. «Өзгеге қайырым қылсаң, қайырын өзің көресің» деген ұстанымды берік ұстанған қауымдастық мүшелері қашанда қайырлы істің басынан табыла біледі.