Жаңалықтар

Көксау кәсіп

Көксау кәсіп

1Берік САДЫР.

Өз басым қазіргі кәсібіме біржола ынты-шынты кіргіздірткен сол бір күнге ризамын. Сол күні, яғни жылдың соңғы күні ұнатып қалған қызымды қыдыртып жүріп тәуір дәмхананың төрінен бір-ақ шығардым. Содан тапсырыс беріп талтайып отырып, қызыма небір қызық-шыжықты айтып езу жиғызбай отыр едім, бір мылқау келіп бір жапырақ қағаз бен бір-екі зат әкеп үстеліміздің шетіне қойып кетті. Әлгіге қызым көз жүгіртіп өткен соң алып қарасам, мүгедек жан мүсәпірлігінен хабар беріп қайырымдылық өтініпті. Ондағысы – қағаз үстіндегі қалам мен шырпыны сатып алсақ болды екен... Ойланбастан қағаз үстіне екі есе құнын қойып қаламды қызыма, шырпыны өзіме бұйырттым. Мылқауым иіліп-бүгіліп ризашылығын білдіріп кете барып еді, бір көксақал көкем келіп қарсы отырды да, әйда кеп қолындағы ойын картасымен бал ашып бақылдасын кеп. Айтқандарына ауыз ашып, көңілімізге көктем орнап, көлдей асып-тасыппыз... Көксақал көкемнің көріпкелдігіне берерімді беріп «е, жарайды» деп желпінген шақта қолында «әзір-мәзір» фотоаппараты бар балаң жігіт «Қалайсыздар?» деп қарсы кеп тұр... Іле балаң жігіт жіті қимылдап жарығын екі-үш мәрте жарқ-жұрқ еткізіп еді, әзір-мәзір суретіміз алдымызда жатты... Ішімнен «пәлекеттер-ай-ә!» деп, оларға кеткеннің есебін бір тиянақтап, мұнымды ылдым-жылдым ұмытып, бикешімді биге шақырдым. Бидің түбін түсіріп жалп етіп жайғасқанымыз сол, ортамызға қауға сақал тағы бір көкем келіп отырды да, басындағы тақиясын түзеп, қолындағы таспиығын тартқылаған күйі: «Бақыттың бағы алдарыңда. Бақыт құсы бүгін-ертең қонады!» дей келіп, соңын ет жүрек еңіретер батамен бітірді... Елжірегені сонша, қыз қапшығын қарманып жатыр екен, дереу алдын орап елгезектік таныттым. Не керек, биден буын босап, ішімдік «сырдың суын сирағымнан келтірмей» отырғанымда, бір бикеш бума гүлін көтеріп келе қалмас па. Алып беріп арқа-жарқа болдық... Өстіп отырып қызды-қыздымен оркестрге тапсырыс беріп едім, қызымның атын атап ойнап кеп берсін. Сөйтіп, көлдей көсіліп отыр едік, бір апай баласымен келіп жанымызда тұрып сыбызғысын сызылтсын-ай кеп... Біреуін бітіріп келесісін күйлей бастағанда, ес жинап есеп айырыса қойдым... Не керек, осындайлардың тағы екі-үшеуі еміс-еміс есімде, бәрін базарлы етіп, жылдың соңғы күні дәмхананың «құрметті қонағы» боп кете барыппын. Ертесінде есеңгіреп жатып кешегіні көз алдыма көлбеңдете есептеп көрсем, көлденең келіп «қызмет көрсеткендерге» дәмханаға төлегенімнен көп есе шығынданыппын. Содан кешегі қилы-қилы «қызметтер» отырсам ойымнан, тұрсам тұла-бойымнан кетпей, «сатып алған» ауру болып жабысқаны... Сөйтіп аурудан айығу керек, ары ойлап, бері ойлап, мен де жылдың алғашқы күні дәмханадан кәсіп таптым... Кәсібім – көңілі көктем үстелге барып «Жүз бір анекдот» атты жұқа кітабымды ұсына қоям да, көңілдері қош көргендерге таңдаған тақырыбына орай анекдотты майын тамыза суша сапырамын...