- Advertisement -

«Жұртына жанашыр, ойы озық ірілерді інілері ұмытуға бола ма?»

187

- Advertisement -

Белгілі публицист — журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕНМЕН әңгімелесіп едік.

– Мейрамбек Мылтықбайұлы, сіз бұған дейінгі сұхбаттарыңыздың бірінде ұлттық жады мектебін өшіріп алмай, жаңғырту мәселесін ең өзекті әрі ең асыл мұра тұрғысында қозғау қажеттігін айтқан едіңіз. Себебі, ұмытшақтық ұлтқа сор, дейсіз…
– Солай екені ақиқат. Ұмытшақтық ұлтқа сор болатын себебі, кез келген ұлт өз тарихын жете білмесе, оны сарқылып іздемесе, күні кешегі ел тәуелсіздігіне дейінгі кезеңде ел басына күн туған, зорлықшыл-зомбылыққа душар еткізген жағдайлардың түпкі орын алу оқиғаларынан сабақ алып, тағылымды және саналы ой қорытпаса, қандай тұшымды тірлік болуы мүмкін? Қазақ халқының жүріп өткен өмір жолы мен азаттыққа жол бастаған әрбір күрескерлік жылдары мен күндері біздің халқымыз үшін ерекше қастерлі, қадірі мен мәртебесі мол тарих. Қазақ рухы қашанда Отанымыздың өмір-тынысымен біте қайнасқан. Әр адам ұлттың тағдырына қатысты мәселеге жан-жүрегімен берілуі керек. Осы арада біз қай дәуірде болмасын тәуелсіздікке ұмтылу саналы түрде ой жүйесінде болғанын, бар өмірін осы ұлы мақсатқа бағыштаған адамдардың ақыл-ойы мен ерік-жігерінен көруге болады. Ал «Алаш» қозғалысының басында болған асыл азаматтарды біздің халқымыз жақсы біледі деп ойлаймын.
Сайып келгенде әр заманның өз әні дегендей, әр дәуірдің өзіне тән талабы болады. Сонымен бірге әр заманның өзіне тән қайшылықтары да бар. Осындай күрделі жағдайларға қарамастан өткен дәуірде адамгершілік, жанашырлық және мейірімділік қасиеттерімен қоғам мен ел-жұртына арқасүйері, адал да мейірімді, туабіткен қасиеттері арқасында өз ұлты мен халқына жанашыр болған тұлғалы азаматтардың бағасын білу – парыз. Олардың сіңірген еңбегі мен қызметін жадыдан шығармай, арқау жіпті үзіп алмай жаңғырта беру жағы байқайсыз ба, кейінгі жылдары әжептәуір бәсеңси бастағаны едәуір алаңдатады.
Қилы-қилы, тағдырлы тар замандарда тақыр жерден қала тұрғызып, қазақтың жусан иісі аңқыған ұлттық атамекені – ауыл-ауылдардың көркін келтіріп, зауыт-фабрика салып, кең сахарада өндіріс орындарының мол байлықтарын ұйыта білгендер кімдер десеңіз, олар біздің бауырларымыз, ірі өндіріс орындарының жетекшілері, олар терең білімін қару еткен қайраткер азаматтар. Жұртына жанашыр, ойы озық ірілерді інілері ұмытуға бола ма?
– Кейінгі толқын жастардың бойында адамдық болмысымызды көрсететін көзқарасты қалыптастыруда, әрине, сапалы қасиеттерімізді жоғалтып алмауымыз керек шығар…
– Әңгіме осында жатыр. Қазір бүкіл әлем тар жол, тайғақ кешуді бастан кешіп жатыр. Биыл адамзат онсызда алдынан шыққан аты жаман індетпен келген апат пен зобалаңның салдарынан түрлі тосын қиындықтарды көруде. Ешбір елге оңай соқпай отыр. Бұл ауыр жағдайлар енді өмірдің бұрынғыдай бола қоймайтынын сездіруде. Адам баласының амандығы мен сау болуынан еш артық байлық та, басқа да болмайтынын ешкімге бағынбайтын құдіретті уақыт көрсетті. Асып-тасу, даңғазалық, мақтангершілік, дүниені есепсіз шашып, төгудің қажетсіздігін, керісінше, ұқыптылық пен үнемшілдік, қанағат пен шүкіршілік етудің қағидаларын қайта еске салып, баршаны бір қауыздың ішіне сыйғызып жібергендей ұқтырып қойды емес пе. Адамзат бұл зіл батпан ауыртпалықтан шығар жолды «Жақыныңа жанашыр бол!» деген жүректен жүрекке жететін ортақ ниетпен, ыстық ықыласпен көрсетуде. Сырқатқа шалдықпаудың саналы сыры – жанашырлықта. Темірдей тәртіп пен сақтық шараларын берік қолға ұстауда, деп бүкіл жер жүзі үн қатып отыр.
– Ең ақылды, ең жақсы ойды іске асыру қажеттігін бір мезетте сезініп, көп үнді дауыспен жеткізу де тарихи-табиғи құбылысқа айналды емес пе?
– Талап та, талғам да күрт өзгерген уақыттарда сондай-ақ рухани байлықтарымыз да сын таразысына тартылды. Үлкен мағынадағы дүниенің мазмұнына терең сүңгімей, тесіле қарамай үлкен нәтижеге жете алмайсың, деген тәмсіл бар. Бұл адам өміріне аса қатерлі індеттің алдын алу жолында Қазақстан басшылығы жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізіп, халықтың денсаулығын сақтау мен қорғауға көп күш-жігерді уағында жұмсай білді. Медицина қызметкерлері бейбіт күнде батылдықтары мен еңбектерімен ерекше көзге түсуде. Еріктілер мен жекелеген азаматтардың шын ниетті демеушілігі мен таза пейілмен жасаған жақсылықтарына зор рахмет айтамыз. Қиын сағаттарда туған халқына жәрдемге келген, өз ықтиярымен медицина қызметкерлеріне қол ұшын созған осындай елдік жұмысқа жегілуіне сөз жоқ, ұлттық намыс және саналы азаматтық күш әсер етті деп санаймыз. У ішсе де халқымен бірге бола білген кісілер шын мәнінде көпшіліктің сүйсінген тұлғалары болды.
Ерік-жігері, рухы күшті халық қана қиындықты еңсере алады. Сондай жауапты кезеңде, көпшілік күткен сын сағатта қалың бұқараның ішінен қайнап шығатын ұлтжанды, отаншыл, мемлекетшіл тұлғалар ортамыздан суырылып шықты. Мысалы, әділін айтсақ, әртүрлі себеппен болған қиын-қыстау уақытта Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, Ерболат Саурықов, Ғалымжан Сағынтаев, Әлімбек Жұмабаев, Арман Еділбаев және басқа да көптеген белгілі азаматтар қоғамға пайдалы әрі қажетті, бел шеше кіріскен белсенді іс-әрекеттерімен көзге түсті. Қоғам мұны білуі керек, жұрт өздерінің жақсы мен жайсаңдарын ардақтап жүруі керек. Бір сәттілік жасаған жақсылықтары деп емес, ауадай қажет кезінде ішкі рухы өте күшті адамдар елдің сеніміне айналғанын, алып кеңістікте өмір сүрген ата-бабаларының ғасырлардан жоғалмай келе жатқан өшпес қасиетін бойына сіңіргенін жүрегімен сезінуі тиіс. Өз перзенттерінің парызын орындау үстіндегі адалдығын айту рухани тілектестік және айта жүрер азаматтық болып табылады.
Тегінде өркенді елдің ұрпақтан-ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы – өзі бастан кешкендерден түйген азды-көпті рухани тәжірибесі. Одан қол үзген қауым – келешегінен қол үзген қауым. Біз асылдарымызды аялап қана қоймай, ел жүрегінде жылы кейпімен, шуақты, батыл әрекеттерімен, дарынды қарым-қабілетімен сақталған адамдарды ұдайы ұлықтауды жалғастырып отыруымыз тәлім-тәрбие үшін өте өзекті. Төрге шығар темірқазық тұлғалар тұғырын өнеге-үлгі жасаудың жөні бөлек.
– Әулиеата да – ел мен жер тарихы. Сіздіңше, осы өңірде әртүрлі салада, әртүрлі лауазымда еңбек ете жүріп, зор сый-құрметке бөленген ардақты азаматтар рухын ұлықтау қандай деңгейде болып отыр?
– Бұл өте қажетті және иірімі мол идеологиялық мәселе. Терең пікір алысу, ұлт болашағына, ел мүддесіне, болашағына қатысты мәселелерді ойласып шешкен жөн. Сіздің сұрағыңыз көкейде көптен жүрген өзекті тақырыпты қозғап отыр. Біз өзімізді осы өңірдің бірден-бір шежіресін білетін кісілердің қатарына жатқыза қоймасақ та, біршама білетінімізді ортаға салайық. Бақ-берекесі мол Әулиеата-Тараз өңірінің арғы көне тарихы қалың-қалың зерттеулерге арқау болды. ХХ ғасырға дейін, одан да бұрын саяхатшы ғұламалар Ұлы Жібек жолы бойындағы шаһардың археологиялық орындарына келіп, қазба жұмыстарын жүргізді. Түрлі ғылыми еңбектер жазылды. Орта Азиядағы ең көне қаланың бар тарихы айтылған сияқты.
Біздің айтпағымыз, кешегі ХХ ғасырдың белортасынан бергі облыс тарихын жасауға бел шешіп кірісіп, жаңа қалалық және ауылдық өмірді жақсартуда жанын аямай жұмыс істеп, ұрпағы айта жүрер ізгілікті ізін қалдырған, рухани тұрғыда жол бастаған сапалы тұлғалар болды. Сол уақыт көшінде ұлттың өркендеуіне жан-жақты ықпал жасап, бірден-бір қуатты толқын өкілдері үлесінде жасампаздық тірліктері толып жатыр. Алайда әртүрлі себеппен естен шығып кетпесе де тасада қалып бара жатқан жоқ па деген күмәнді сауалдармен әңгіме өрбіткенді қалап отырмыз.
– Сіз де Жамбылда туып-өскен азаматсыз. Ел аузында жүрген, әсіресе, аға ұрпақ өкілдері айтатын жандар туралы естіген боларсыз. Олар кімдер екенін айтсаңыз?
– Жақсы. Айтайын. Сіздің Әлихан Комратов деген кісіні естуіңіз бар шығар. Таразда орталық көшенің бірі сол ардақты адамның атымен аталады. Бұл кісі сонау 50-60 жылдары Жамбыл қалалық атқару комитетінің төрағасы болған. Жүріс-тұрысы ширақ, тұла бойында күші тасып тұрған, қатаң тәртіпке бас иген алғыр адамның қаланы көркейтуге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сенбі, жексенбі күндері ақбоз атына мініп, соңынан кілең аққайың мен теректер көшетін тиеген ат арбасын ілестіріп, сол кездегі көшелер бойымен жүріп, әлгі ағашты өз қолымен еккен. Қазіргі орталық көшелерде кәрі діңгегі әлі бар. Ақбоз атты басшыны «біздің Ворошилов» деп мақтан тұтқан қала тұрғындары Комратовтың бір сәт дамыл тауып, демалғанын да көрмеген дейді. Тынымсыз жұмыс, қарбалас тірліктен шаршап, шалдығуды ұмытқан бұл кісінің ұлағатты өмірі ғана емес, нағыз басшы, көкірек кермейтін, қарапайым халықпен қоян-қолтық араласып жемісті қызмет еткені өшпейтін өнеге. Алдына барған кісінің өтініш, мұң-мұқтажын сол уақыттың өлшемінде кідіріссіз әділетті шешіп отырғаны – бұл күндері разы көңілден естелік боп айтылады.
Қалалық атқару комитеті одан кейін де төрағаға жарып қана қоймай, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтарға таңдау түскені кадр іріктеудегі артықшылықтарды аңғартады. Әжібай Әпсеметов туралы айтқанда, әлі күнге шейін «нағыз патриот» деген ән сөзіндей әрдайым еске түсетін әлеуметтің әлеуетті тұлғасы. Бұл кісі де қаланың әр тасының қайда жатып, арық-атызында аққан су ағынын да көріп, біліп отырады екен. Өзіне сын көзбен қарайтын, сөз бен ісі үйлесімді, шынайы кісі болды, дейді көзін көрген көпшілік. Қалада өскен әр гүл бағының бабын тауып, қаланың мәдениетін өзінің аса биязы мінез-құлқымен ықпал жасап, қалыптастырудағы қызметін жұрт «ағартушы болған кісі» деседі. Өңірдің өркендеуіне кәсіби маман тұрғысында зор үлес қосқан тынымсыз Тұйғынбек Темірбеков химия өндірісінің көрнекті басшысы, іскер ұйымдастырушысы болып танылған. Оның қала тізгінін өз қолына алған күннен бастап, көз шырымын алмай аса біліктілікпен қызмет еткен қайраткерлігін аса жоғары бағалайды. Тарихи қаланың аумағы кеңейіп, келбеті өзгеріп, жаңа ықшамаудандар салынып, сәулеті көріктене түскен жағдайларда Темірбековтің талапшылдығы мен тиянақты шешімдері шешуші рөл атқарғанын көз алдыңа келтіреді. Адам жанын жай таптыратын сыпайылығы мен сергектігінің рухани күреспен ұштастырған кездері де аз емес.
Біз әңгімелеп отырған үш қайраткер кісі де бір-бірінің орнын ауыстырған кезде де өзара тілеулес болып, ар мен ождан биігінен көрінгені адалдық пен көрегендік деп бағалауымыз керек. Алаш азаматтарына алғыс айтып қоя салу аз, оларға қарыздар екеніміз аян. Өйткені халқымызды өркениет биігіне көтеру үшін қазақтың оқыған азаматтары, ұлтжанды қадыр-қасиеті мол бірден-бір қуатты толқын сол кезде бой көрсетті. Бұл шынайы ықыластың өлшем-бағасын тілге тиек еткен тұста жасыратын несі бар, бүгінде өмірбаяны кілең у-шудан тұрады, бірақ сонда да бой бермейді, «суға салса батпайтын» батырлар сөз жоқ, қалың ойға батырады. Тағлым таразысын бағамдай алатын зиялы адамдар өз ұрпағына ие болу керек деп неге зар илейді осы?! Қараңызшы, Жамбылда табыс пен бірліктің кілтіне айналған идеологияық мәселелер жөнінде обком хатшылары болған Жылқыбай Аралбаев, Ғайникен Бибатырова және белгілі қайраткер Әлмұқан Исақовтардың атқарған қызметінің қомақты із қалдырған кезеңдерін әлі күнге дейін үзеңгілес жолдастары құрметпен еске түсіреді. Солай деуіне негіз бар, дәлел көп. Олардың өмірбаянын қарап отырсаңыз сенімді, жұртқа ұнамды, кіршіксіз таза еңбек жолы «мен» мұндалап тұрады. Ақ көйлегін кір шалдырмаған, төгіле сөйлеген шешендіктері, қызметі мен азаматтық абыройына көлеңке түсірмеген, қара күйе жолатпаған асыл жандардың аманатына обал жасауға болмайды.
– Адамдар өз қадірін білуі керек-ақ. Алайда мол байлық пен ақша бақыт жолы деп ұғып, адасатын да кез аз емес. Өкінішке қарай…
– Адамдардың бай-қуатты болғанын кім қаламасын?! Адал еңбекпен тапқан байлықтың ғана өтеуі оңды болмақ. Өйткені, ол еңбектің артында төгілген мақсатты маңдай тер жатыр. Бұл арада әлеуметтік әділеттілік сақталуы, сол арқылы әлеуметтік-қоғамдық бірлік пен тұтастық нығаяды. Ал біздің қоғам дамуымыз бен әділеттілік кепілі – бірлікте. Сондықтан да, берекелі өмірді жеке өнегелі тұлғалардың ерен еңбегінен көре аламыз. Тағы бір мысал, кезінде Ержұман Ерсейітов деген азамат ірі ұжым «Кожкомбинат» мекемесін басқарған жылдары өте беделді әрі істің көзін таба білетін іскер адам болған. Өз қадірін білген адал басшы нарық заманы туып, дүние-мүлік бөліске түсер кезде бүкіл ұжым мүшелеріне игіліктің барлығын теңдей бөліп, қарамағындағы жұмысшыларына үй-жай алып беріп, туған әкесіндей жағдай жасаған азаматтық адалдығын жұрт жыр қылып айтуы бекер ме? Дүниені ұстап тұрған не? Ол – байрақты бедел. Егер адамдардың арасын жалғастырып тұратын бедел болмаса, онда махаббат та, басқа да тас-талқан болады. Қазір мәдениеті төмен, әріптестеріне үйрететін түгі жоқ, білім деңгейі «шетелдік оқумен» қатталған жастар мансапты қызметке келіп те жатыр. Өкініштісі, солардың арасында кейбіреуінің жағымсыз қылықтары мен қоғам үшін қасіретті тірліктерінің жария болуының ең негізгі бір себебі – өмір тәжірибесі аз, ұлттық құндылықтардан ой іргесін аулақ ұстайтын, құлқын құмарлықты тежей алмауынан. Бұл жас кадрларға абай болуды үндейтін жағдай.
Өмірде бәрі салыстырмалы қарастырады. Сол өлшем Ержұман ағалардың ішкі жандүниесінің тазалығы мен қоғам алдындағы адалдығын барынша ашып көрсетіп отыр. Зейнеткерлікке шыққанда аузына ел қараған, билік пен байлықтың құлағын ұстаған адам сол өзіне тән қарапайым ғана өмір сүрген. Атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың осы Ерсейітовке арнап ән шығаруы кездейсоқтық деп айта аламыз ба? Жақсы адамды ісіне қарап жырға қосады әдетте. Бұл кешегі дәуірде әбден екшеп, саралап, жұрт пікіріне құлақ тосып жасалған қадам екені даусыз. Бүгінде ақшаң болса, екінің бірі сізге арнап ән шығару соншалықты қиын емес. Және оны эфирден беру мәселесін де ақшалы тапсырыспен орындай алады. Бұл да жақсылыққа апармайды. Сіз қалай ойлайсыз, «мен сені жүз процент жақсы көремін» деген сөзді сан мәрте қайталайтын әннің көркемдік деңгейі туралы не айтуға болады? Құдая тоба, ғашық болу сезімін процентпен өлшейтін болған ба?
– Өмірде мазасыз сұрақтар көп қой…
– Дұрыс айтасыз. Бұл тұста кейде сұрақ көп те, жауап аз. Соның бірі – біз неге жақсы-жайсаңдарымызды ұдайы құрметтеп, қадірлеп, жастарға тағылым үшін үлгі ете алмай барамыз, деген орынды сұрақ мазалайды. Көп жағдайда қисыны келіп тұрса да ескере бермейміз. Қазақстан тарихында өзіндік орны бар, киелі Жамбыл облысының 80 жылдығын шама-шарқынша атап, түрлі жинақтар шығарды. 75 жылдыққа «Атыңнан айналайын, Әулиеата!» деген жаңа туынды жарық көрді. Сексен жылдыққа 80 том кітап та әзірленді. Бұл дүниелер халық пен тарих арасын жалғайтын алтын көпір. Жергілікті газеттерде мереке рухында мақалалар басылды. Әйтсе де осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан азаматтардың барлығы емес, жартысы да қамтылған жоқ.
Мысалы, ардақты ағалардың қалың шоғырында төбесі тау жерден көрінетін Сейфолла Қожахановтың жұлдызы жанып, айы оңынан туған азамат болғанын біздің жерлестеріміз аузынан суы құрып, тебірене айтады. Паһ, шіркін, Сейфолладай сұңқар жігіттер жүз жылда бір рет туады, деп сүйсінеді. Бұл кісі аса биік мансап иесі емес, халық шаруашылығына қызмет ететін «Казсельхозтехника» деп аталатын мекемеге басшылық жасаған және Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған.
Бірақ бұл кісінің ерекше жаратылысы мен алмас қылыштай өткірлігі сеп болған, өзі де от болып жанып тұрған азаматтың жанашырлығы мен мейірі аузы алты қарыс тұлғалардың тілін тауып, жақын араласып, Алматы мен Мәскеуде шешілетін мәселелердің түйінін тарқатып беруде талантты іскерлігі жұртты қатты таңғалдырған. Табиғатында «жоқ» деген сөзді аузына алмайтын есіл ер Жамбылдың нағыз жампозы, қазақтың қайсар, ұлтжанды азаматы атанған. Обком хатшыларының өзі сыйлап, істің көзін таба білетін қасиетке тәнті болған. Ағамыздың жомарттығы мен қамқорлығын талайлар көрген.
Өз ісіне жан-тәнімен беріліп, күні-түні бір тынбай қызмет жасап, небары 58-ақ жыл ғана өмір кешкен Сейфолла Қожахановтың жұмыс кестесі таңғы сағат 6.00-де басталады екен. Біз бұл жерде адам жанын баурап, өнегелі өмірлерінен керемет ой түйетін тұлғалардың бірқатарын айтып отырмыз. Соның бірі атақты ғалым-академик, облыс әкімі, министр лауазымында қызмет атқарған «Гидроның» ректоры Марс Үркімбаевтың талантты қыр-сыры тіптен сирек құбылыс. Үзеңгілес інісі, төл шәкірті Әшімжан Ахметов та алғыр тұлға болды.
Осындай кезде облыс спортын отыз жылға жуық уақыт табысты басқарып, Әулиеата спортшыларының халықаралық аренаға шығуы мен спорт нысандарының материалдық-техникалық дамуына үлкен ықпал еткен Ермаш Бұзауовтың еңбегін қалай ұмытуға болады. Бұзауов бастаған сол дәстүр бүгінге дейін өз жемісін беріп келеді.
Бұлар шын мәнінде адал адамдар. Бірде жоғары, бірде төмен сөйлейтіндер қатарынан емес. Осы нар тұлғалардың қоғамдағы орны саф алтындай салмақты мінездерімен, іскерлігімен, сабырлы істерімен өлшенді. Бұл азаматтардың ең басты айта жүрер қасиеттері – жас маман кадрларды тәрбиелеп, арттарында айнымас із қалдырғандығы. Аузы дуалы, қолы таза асыл жандарды сауап үшін еңбегі мен есімін арнайы атап-атап айтуды жөн деп білеміз. Әр нәрсенің обалы мен сауабы болады. Бір өзі мыңға татиды дейтін Айтбек Байқоразов секілді жігерлі жігіттердің егемендіктің елең-алаңында осы ел-жұртына мықты тұтқа болған. Жомарт жанды Жамбылда білмейтін ешкім жоқ еді ол кезде. Тау қопарған Толағай батырдай қоғамға ортақ іске көп пайдасы тиген. 1997 жылы «Тараз» футбол командасын ел біріншілігінде чемпиондық атаққа жеткізіп, спирт зауытының өндірісін өте табысты еткен ер еді…
Сіздің жады мектебін жаңғырту жайында қойған сұрағыңызға орай осындай ойлар мазалайды. Әсіресе, мұны жас ұрпақтардың біліп, танып жүргені адамгершілікке баулу ісінде маңызды. Тұлғатану дегеніміз осы! Осыдан бірер жыл бұрын Білім және ғылым министрлігі «Өлке тану тарихы» оқулығының қанатқақты жобасын шығарып еді. Жамбыл облысының өлке тарихын оқулық сипатында жазып шығару кезінде ел жадында сақталған көрнекті тұлғаларды толық түгендеу жағын да қарастырады деп ойлаймыз.
– Біздің өңірде ел мен жер тарихын насихаттап жүрген кімдер бар?
– Бар ғой. Бір ғана Күзембай Байбосынов облыстық музейде қатардағы маман, кейінірек мекеме директоры қызметінде жүріп, мәдени-тарихи ескерткіштерді тізесін бүкпей, белін жазбай тізімдеп, жинақтап, археологиялық зерттеу жұмыстарында ірі ғылыми институтқа жүк боларлық жауапкершілікті бір өзі атқарған десек те болады. Мың жыл жаяу жортқан жолаушы сияқты бұл кісінің бармаған тауы, баспаған жері жоқ бұл өңірде…
Өлке тану тақырыбына қалам тартқан жергілікті жазушылар мен елгезек журналистердің, бірқатар ғалымдардың да сіңірген еңбектері елеулі. Бақытяр Әбілдаұлы, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Амантай Айзахметов, Сәулембай Әбсадықов және басқа да қаламгерлердің жазғандарын жас толқын іздеп жүріп оқитын болады. Тәкен Молдақынов, Мәкен Уақтегі секілді әуесқой тарихшылар да өз үлестерін қосқанын жақсы білеміз.
Әрине, ұлы ойшыл жазушы Әбіш Кекілбайұлының Тараз қаласының 2000 жылдығына орай шыққан «Талайғы Тараз» деген жан тебірентер ой-толғаулар туындысы, белгілі әдебиетші ғалым Жаңғара Дәдебаевтың «Тараз өлкесі» кітабы тарихи мазмұндығы жағынан өте құнды дүниелер.
Ал, бұл күндері… Айтсам, қазыналы қария биігінде әр әңгімені ұйып тыңдап, тұлға деңгейінде танылған адамдардың қадір-қасиеттерін зердесіне түйіп есейген Әлібек Әмзеұлы, сыр сандығын ашуға сараңдау демесең, ыңғайында адалын айтатын Сағынхан Әміреқұлов, абыз ақсақалымыз Баттал Жаңабаев қариялар сирек болса да заманы мен замандастары жайында айтып та, жазып та келеді. Әлібек ағамыздың кейінгі жылдары мәдениет қайраткерлері хақында небір тамаша эссе-әңгімелер жазып жүргені қуантады. Бұл сол арда есімдерді жоғалтпаудың шынайы жолы. Сондай-ақ Жамбыл архивінің білгірі атанған, марқұм Мақұлбек Рысдәулеттің де шаң басқан архивтерден көз майын тауысып, зерттеген талай дүниелері мұра болып қалғанын бүгін айтуға тиіспіз. Дәл осы Мақұлбектей ел мен жер тарихына қатысты тың деректерді жинақтап ұсынған деректанушы адам қоғамға өте қажет. Он жылдың ішінде 15 том архив материалдары негізінде кітап жазу ерлікке тең емес пе? Біздің Мақаң еңбектің торысы еді-ау…
Ел азаматы Қырғызәлі Тілеуовты білесіз ғой. Білікті-білімді идеолог. Адамның адалдығына жүгінгің келсе, сол кісіден ақыл сұра. Мұны жалғыз біз айтып жүрген жоқпыз. Ол сөз қадірін білетін азамат. Жақсы адамдарды ерекше ардақтаған жан. Сол азамат жыл сайын Жамбыл өңіріндегі айтулы, даталы оқиғалар тізбесі мен ең жарқын елдік тарихи күндердің дестесін жасайды. Ағартушы кісінің жұмысын атқарады. Мұқият дәлдікпен жасаған материалын газеттерге шығарады. Бұл әрекеттері оның елжанды, жанашыр, отандық мұраға қамқоршы екенін көрсетеді. Әр өңірде осындай азаматтар есті тірлігімен, ақы сұрамайтын белсенді қызметімен танылған. Азаматтың әлеуметтік-саяси санасы өзгелерге қарағанда жоғары тұрады. Олар ойлы көзқараспен өмір сүреді. Қоғамның моральдық-рухани бейнесіне шын жанашырлық рухын қосып келеді. Біз оларға алғыс айтуымыз керек. Адамға алғысы жоқтың Аллаға алғысы жоқ, демей ме?
– Сый-құрмет те әділ болуы керек, дегенде қоғамдық пікір қай қиырдан келіп тоғысады?
– Әлеуметтік әділдік болса, қоғамда бірлік болады. Қоғам да дамиды. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әділетті қоғам идеясын арқау етті. Халықтың әл-ауқатын арттыра отырып адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жолында стратегиялық бағыттарды айқындап беруі де ертеңге келешекке деген сенімді арттыра түсті. Ұрпақтар сабақтастығы жойылмау керек.
Ал қоғамдық пікір – қозғаушы күш. Өмір сахнасының құбылыс-жұмбақтары өте көп. Театр сахнасы бар. Саясат сахнасының сипаты да сан тарау және ауыр. Ал өркениетті қоғамға әлеуметтік сахнаның маңызы зор. Себебі, ел ішінде, өңірде, аудан-ауылдарда қарапайым адамдар әлеуметтік тұлғалардың аузына қарайды, солардың ақыл-кеңесіне жүгінеді, соңынан ілеседі. Бұл халықтық дәстүр меніңше, қазіргі аумалы-төкпелі жаһандық кеңістікте тіптен маңызды болып отыр. Адамдардың қоғамдық ой-санасы әлеуметтік мәселелердің әділ және сұранысқа сай толыққанды, сапалы шешілуіне тікелей байланысты. Халықтың мұң-мұқтажын мұқият ескеріп, талап-тілектеріне құлақ түрген саясат бәрінен де пәрменді. Осындай мызғымас асыл қазыналардың тірегі – рухани құндылықтарға деген шынайы көзқараспен өлшенері хақ.
Адалын айтайық, қазіргі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев елімізге кеңінен танымал әлеуметшіл тұлға деп білеміз. Қайраткер кісінің тындырымды, жүйелі ұстанатын жұмыс стилі өз нәтижелерімен көрінуде. Әріптестерінен де әлеуметтік белсенді, ауқымды әрекеттерді күтетіні байқалады, сондай қатаң талап қоя білетін тәртіптің адамы. Өйткені, қатаң тәртіп қана оң нәтиже береді. Зор халықтық сенімге ие болатыны сөзсіз. Біздіңше, жас мемлекеттік қызметкерлер көз алдында жүрген ірі мемлекет қайраткерінен көп нәрсені үйреніп, өмірлік тәжірибе жинап, ел басқару ісінде лайықты көшбасшы болуға мүмкіндік беретін ізгіліктер мен игіліктерді тұла бойына дарытуды, соған ұмтылуды ұсынар едім. Өйткені, бұл жан бүгін қасыңда жүр ғой… Қоғам әлеуметшіл тұлғалардың мемлекеттік қайраткер тұғырына көтерілетініне талай мәрте дәлел мысалдар келтіре алады. Біз де осындай ниетте ой қозғадық. Өмір көрсетіп отырғандай, жанашыр адамдарда биік ар мен ұждан, дақ түспес адалдық пен тазалық бар.
– Сіз облыстық кәсіподақ ұйымын басқарасыз. Әлеуметтік мәселені ерекше жоғары қойып, еңбек адамдарының мүддесін қорғау – азаматтық қоғамның басты парызы. Жұмыс бабы әлеуметтік қолдаумен байланысты дегенім ғой.
– Қоғам мен билік арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастарды реттеп, үйлестіру маңызды мәселе. Қазақстан кәсіподақтары таяуда өткен XXVI съезінде де Еңбек адамына жан-жақты қолдау көрсету мәселесін талқылады. Еңбек адамы – қоғам дамуының тірегі. Қайнар бұлағы. Өйткені еселі еңбектің бабы болмай, мемлекеттің бағы жанбайды. Сөз арасында айта кетейін, кезінде Әнуарбек Жүнісәлиев деген ағамыз өңірдің кәсіподақ ұйымын басқарған жылдары өзінің жеке абыройымен де, ұжымдық берекелі жұмысымен де жұртқа әйгілі қайраткер азамат болған. Рухы күшті, ұлтжанды, әділ әрі азулы, сыршыл әрі көпшіл адам ішкі мәдениетімен, өнерді қатты сүйетін қырларымен жұрт құрметтеген тұлға деңгейіне көтерілген.
Кәсіподақтың көшбасшысы болу оңайшылықпен келмейді. Сындардан сүрінбей өтіп, шыңдалу жолында қалыптасып, кәсіби тәжірибе жинау қажет. Еңбек адамдарының сеніміне ие болған бірқатар кәсіподақ көшбасшылары бүгіндері «NUR OTAN» партиясының ішкіпартиялық іріктеуі – праймеризге қатысуда. Жаңа форматтағы бұл іріктеуде Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауалды партиялық тізімдеріне кандидаттар анықталады. Праймеризге қатысушылар арасында біз де бармыз. Депутат болу – мансап емес, көпшілік мүддесіне, қоғам игілігіне қызмет көрсету деп білеміз. Ал депутаттық мандат иесі атана жатсақ, бірінші кезекте еңбекті дәріптеп, еңбек мерейін арттыруға күш саларымыз ақиқат. Сондай-ақ өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылық пен мемлекеттің тұтастығы үшін қызмет ету кәсіподақтар ұйымының бұлтартпас бағыты болып қала бермек. Барлық кезде жақсы мен жайсаңдардың өнегесі – ұлттық және қоғамдық құндылықтарды қастерлеу екенін ұмытпауға тиіспіз. Ол үшін саналы қадаммен қатар, жастар арасындағы жүйелі жұмыстар өте қажет. Бұл қабырғалы қоғамның ортақ парызы.
– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Аманкелді Әбіл.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support