- Advertisement -

«Арқардай ауып жүргенде, арқамды саған сүйедім»

381

- Advertisement -

Есет ДОСАЛЫ

Редакцияның тапсырмасы бойынша танымал композитор, ҚР Мәдениет саласының үздігі Әуезхан Салабековті іздедім. Таптым. Композитордың сырлы дауысын телефонның арғы жағынан естігеніме де қуанып қалдым. Жүздескенше асықтым. Оның ақын Нарша Қашағанұлының өлеңдеріне  жазған бірнеше әндері халыққа кең тарап кетті ғой. «Хат жазып тұр»,  «Рахмет, саған туған ел», «Жақсылық жаса адамға» деген әндерді білмейтін тыңдармандар жоқ шығар. Бұл жерде ғажайып ақынның өлеңіне талантты композитордың жазған әуені керемет үйлесіп тұр емес пе? Шығармашылық тандем дегеніңіз де осы болар..

Әуезхан  – сол баяғы  қарапайым қалпынан жазбаған. Әндерім танымал болды деп аспанға қалықтап, шалықтап жүрген ол жоқ. Аңқылдап, жарқылдап қарсы алды. Соңғы жылдары ол Нұрғиса Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатта музыка маманы болып еңбек етеді. Аталған мекеменің кітапханасында отырып, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрдық. Қазақ ән өнерінің корифейі Нұрғиса Тілендиевтің атын иеленген мекемеде белгілі композитормен сұхбаттасуымның өзі бір үйлесімділік секілді.

Әуелі композитордан есімін «Әуезхан» деп кім қойғанын сұрадым. Керемет әуендерді шығаратын кісінің есімі – Әуезхан. Мұнда да бір жарасым бар. «Осы жағын өзім де енді — енді ойлана бастадым. Әкемнің аты- Көсембек.  Есімімді сол кісі қойыпты. Жаны таза, өмірі үйлесімді болсын деп қойған болар. Қазір қарасаңыз тағдырымды білгендей боп тұр. Сәбиге жақсы есім қоюдың  маңызы зор деген рас екен-ау», — деп жымиып қойды ол.

Көсембектің Құдай берген он  баласының ішінде қолына домбыра ұстап, ән салмайтыны жоқ. Барлығы өнерге жақын. Әкелері Көсембектің өзі партия, сауда қызметтерінде жүргенмен, өнерге жақын. Ара-тұра ән әлеміне аңсары ауып, «әу» деп қоятын. Бірақ, нағыз музыка маманы болып, өнердің жолына шындап түскені – Әуезхан. Ол 7 жасында музыка аспабы пианинода еркін ойнап, көп ұзамай домбыра да тартқан. Ал 8 сынып оқып жүргенінде Медет Тұрсынбаев деген әнші кісіден баян тартуды үйреніпті. Әттең, ол кезде Ақкөлде музыка мектебі болмапты. Әйтпесе, Әуезханның жұлдызы мұнан да ертерек, мұнан да биікте жанатын ба еді.

Айтпақшы, махаббат тақырыбындағы  алғашқы әндері сол мектеп жасында өмірге келгені бар. Оның тарихы да қызық. Өзімен тете өскен інісі ауылдың бір қызына ғашық болып қалып, бұған қолқа салған. Содан махаббат жайлы ән туады. Әуезханның алғашқы әнінің өзі осылайша екі жастың махаббатына куә болған көрінеді.

1965  жылы  Ақкөлдегі орта мектепті бітіре салысымен Шымкент педагогикалық мәдениет институтының хор ұжымының жетекшісі (дирижер) мамандығына түсіп, төрт жылдан соң бітіріп шықты. Содан Талас аудандық Мәдениет үйінде әдіскер болып жүріп, әскерге кетеді. Институтта жүргенінде «Сен», «Қыз – жігіт» деген әндер туады. Әскерде де туған жерге деген сағыныштан біраз әндер жазылады. Бірақ, Әуезхан мұның барлығын нағыз шығарма деп есептемеген. Жетілу жолындағы қадамдарға балаған. Әуезханның өз көңілінен шыққан нағыз әндер 1983 жылдары Ақкөлде музыка мектебінде істеп жүрген кездерде туады. Мұнда барлық жағдай жасалған. Жанға жайлы аура бар. Жайлы бөлмелер, қажетті музыкалық аспаптардың барлығы да жеткілікті. Міне, осы мекемеде музыка маманы Әуезхан ақын Нарша Қашағанұлымен танысады. Ол кісінің аудандық газетте тілшілік тіршілікке бет бұрып, шығармашылыққа шындап кіріскен жылдары екен. Нарша ақын да оның өнеріне, әншілігіне сырттай сүйсініп, сырттай бақылап жүретін болса керек. Бір жолы екеуі бір жиында танысып, Нарша: «Ой, інім, өзіңмен жақсылап әңгімелессем деп жүр едім» деп ағынан жарылып, осылай екеуінің шығармашылық байланысы, сыйластыққа толы жылдары басталады. Арада біраз жылдар өткенде Наршаның «Өлеңге менің — дағы бар таласым» деген алғашқы өлең кітабы шығады. Әуезханға  соның ішіндегі «Хат жазып тұр!» деген өлең ерекше ұнап, сол өлеңге ән жазіға отырады.  Сөйтсе, бұл өлеңнің де өзіндік тарихы бар екен. Бұл Нарша ақын студенттік жылдарында, яғни, Алматыға шапқылап жүрген жастық шағында бір қызға ғашық болып, сол қызбен қоштасарда қимастықтан шыққан өлең екен.

«Қош, қош, КазМУ, қайран сайран бесігім,

Арманды ерге айқара ашқан есігін.

Тарихыңның бір жеріне жаза сал,

Қашағанов Наршаның да есімін» деп жүрген жылдар ғой.

Сол қызбен мәңгілік бірге бола алмайтынын сезген ақын «Тым болмаса хат жазып тұр!» деп толқып, шығарған өлеңі ғой. Өлең – нағыз поэзия, онда ностальгия да бар. Нарша жаңа әнді тебіреніп тыңдап отырып, композиторға өлеңнің шығу тарихын айтып береді. Жақсы әннің туғанына ерекше қуанған екен. Бұл әнді Асқар Жүнісбеков деген танымал әнші орындап, ән көпшілікке керемет танымал болғанын барша оқырманның білетіні анық. Әуезхан мұнан соң да Нарша ақынның «Рахмет, саған туған ел!», «Жақсылық жаса адамға», «Мен енді өмірге ғашықпын», «Туған жерім» деген өлеңдеріне  сырлы саз жазды. Оның бәрі де аз ғана уақытта сұранысқа ие әндерге айналды. «Рахмет, саған туған ел!» әнін әйгілі «Мұзарт» тобы орындаса, «Жақсылық жаса адамға», «Туған жерім» әндерін құландық тамаша әнші Мейіржан Самылтыров шырқап жүр.

«Қасиеттім, киелім, жаралған сенен сүйегім,

Арқардай ауып жүргенде, арқамды саған сүйедім.

Рахмет саған, туған ел!» деп ағынан жарылып жырлаған қайран Нарша ақынның мөлдір сезімі-ай десеңізші!

Нарша ақынның Қаратаудағы үйіне Әуезхан жиі барып тұрыпты. Бір жолы шәкірті Мейіржанды ерте барған екен. Ақынның сөзіне жазылған «Туған жерім» әнін Мейіржан орындайтын болады. Сонда Нарша ақын түске дейін отырып, жас әнші Мейіржан Самылтыровқа «Туған жер» әнін қалай орындау керектігін үйреткен. Наршаның танымының тереңдігі әлі де айтыла беретін бөлек тақырып. Нәкең, Нарша  қазақ халқының жүздеген халық әндерін жатқа білген және олардың тарихынан да хабардар болған. Жады қандай мықты десеңізші! Балалары Нарбол, Ернар, Тайлақ бәрі де өнерлі, білімді, әкелеріне тартқан.

Әуезхан Нарша ақынмен бірге шығармашылық ізденісте болған жылдарын сағына еске алады. Кейінгі жеті жылда Н.Тілендиев атындағы мектеп –интернатта музыка маманы жұмысын атқарып жүрген  Әуезхан бұл мекемеден де Жалғас Айтқұл, Бейбарыс Дүйсенбек, Ермахан Байсейіт деген талантты әншілердің шығуына себепкер болды. Бүгінгі таңда аталған мектеп–интернаттың қабырғасында жүрген, халықаралық байқаулардың жеңімпаз жүлдегерлері Әскербек Жамантай, Альбина Жұмат, Расул Мұстафаев – Әуезханның шәкірттері. Міне жүрген жерінде жақсы ізі сайрап жатыр. Мектеп–интернат директоры Эльмира Жақсылықова да композитордың жанын түсініп, ерекше құрметтейді. Әуезханның 60 жылдығына орай ән жинағы кітап болып шығыпты. Ол жұмыстың да басы қасында аталған мектептің ұйымдастырушы педагогы Айжан Қадірқызы, музыка маманы Құдайберген Нұрманов жүргенін айта кеткен жөн. Композитордың жары Тамара өнер адамының жанын жақсы түсінеді. Екеуі тәрбиелеген перзенттері өмірден орындарын тапты. Қазір Әуезхан композитор немере сүйіп отыр. Жақсы ортасы, жақсы отбасы бар, ғажайып әндердің авторы Әуезхан осы жетістігіне шүкір дейді. Кейбіреулер құсап асып-тасып кетпейді.  Белгілі ақындар, ерлі зайыпты  Кұләш Ахметова мен Қайырбек Асановтың өлеңдеріне де бірнеше ән жазыпты.

– Нарша ақын терең еді.  Біз оның қадірін біле алмадық. Еркелігін толық түсінбедік. Еркелете алмадық деп ойлаймын. Оның әзілдері де керемет болатын. Осы бір төрт –бес өлеңінің танымал болғанына Нарша ақын ерекше қуанды. Соған шүкір. Оның мұрасы мәңгі жасайды, -дейді Әуезхан композитор ағынан жарылып.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support