- Advertisement -

160 мың теңге жалақыны азсынды

115

- Advertisement -

Есет ДОСАЛЫ

Мойынқұм ауданындағы ірі шаруашылықтың бірі – «Байбарақ — Агро» өндірістік кооперативі. Алмабек Әбдіхалықов осы шаруашылықты ұзақ жылдан басқарады.

Бұл өндірістік кооперативте 100 гектар суармалы жер, 4 мың гектар жайылымдық және шабындық жерлер бар. Аудан әкімі Мәден Мұсаев 2018 жылы бірнеше ауылдың егістігіне су жеткізу үшін каналдар қаздырғаны белгілі. Алмабектің арығына су келу үшін де сол кезде 6 шақырым канал қазылған екен. Жүгері, жоңышқа өсірудің шебері Алмабек қазір сол каналдың рахатын көріп отыр.  Аталған шаруашылықта 100-ге жуық жылқы, 4 мың бас қой өсірілуде. Алмабек Тезекбайұлы 2018 жылы өз шаруашылығына әр данасы 12 миллион теңге тұратын екі тракторды қосымша тіркемелерімен сатып алыпты. Бізді алдымен 30 гектар жоңышқалығына бастап барды. Шаруашылық жетекшісі осы 30 гектар жоңышқаның бір орымының өзінен 1 миллион 800 мың теңге таза табыс тауыпты. Келесі жылы жоңышқалығын 80 гектарға ұлағайтуды көздеді. «Он жылдан бері жоңышқа өсіріп сатамын. Өз малыма да жинап аламын. Биыл шөптің бағасы жоғары болғанын білесіздер. Кімге сатамын деп алаңдамаймын. Жоңышқалығым оруға келген кезде шөп іздегендер түйірін қалдырмай талап алып кетеді. Менен шөп сатып алу оларға абырой секілді. Әлде менің өнімімнің сапалы екеніне қызыға ма? Әйтеуір өнім өткеруден мәселе жоқ. Бір мәселе – жұмысшы табу қиын. Биыл 160 мың теңге жалақыға су суаратын жұмысшы таппай қойдым. Сосын науқан кезінде сушыларыма 200 мың теңгеден айлық төлеп жатырмын. Қаражат шығармай табыс та жоқ», -дейді А.Әбдіхалықов.

Алмабектің 50 гектарға еккен қазақ будандастыру «777» сапалы жүгерісі де енді 15 күннің ішінде пісіп, жиналғалы тұр. Гектарына 70-80 центнерден өнім алуды көздейді. Сонда осы 50 гектар жүгерінің өзінен шамамен 15 -17 миллион теңге таза батыс табуға мүмкіндігі бар.  Алмабектің үйелмелі — сүйелмелі екі ұл баласы  бар екен. Үлкені Мархабат та осы ауылдан бөлек шаруа қожалық ашып, егін өсірумен айналысуда. Ал екінші баласы Шыңғысхан «Ақбақай» кенішінде инжинер болып еңбек етіп жүр.  Әкесінің айтуы бойынша Мархабат өзіне қарасты жерден биыл шамамен 5 миллион теңге таза табыс табуды көздейді, бұл дегеніңіз айына 415 мың теңге ақша табады деген сөз.

«Бір баламның шаруашылықпен шұғылданып, жолымды жалғағанына қуаныштымын. Екі жыл бұрын аудан әкімі Мәден Мұсаевтың бастамасымен ауылымызға  бірнеше  шақырым канал қазылып, су көзі молайды. Содан бері еңсеміз көтеріліп, жұмысымыз жүріп берді.  20-25 жылдан бері бос жатқан алқаптарға су барып, егін егілді. Істің көзін тауып, ауылға жанашыр болған аудан басшысына рахмет. Су келген соң, ауыл халқында жерді пайдалануға болады екен деген сенім пайда болды. Нәтижесінде суармалы жеріміз 200 гектарға ұлғайса, жайылымдық жер 6 мың гектарды құрайтын болады, — дейді  тірлігі оңға басқан шаруашылық жетекшісі Алмабек Әбдіхалықов.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support