- Advertisement -

Қала әкімінің хатында жазылған дүниелер қаншалықты рас?

394

- Advertisement -

Альмира ОМАРОВА

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бұл сынды жазуға қаратаулық Жексенбі Шоңғардың мақаласы түрткі болды. «Аq jol»-дың  биылғы 29 ақпан күнгі №24 (18821) санында зейнеткердің «Көшелерде қоқыс жәшігі жоқ, есесіне қызмет бағасы қымбат» атты материалы жарық көрген еді. Осыған байланысты 3 наурызда Қаратау қаласының әкімі Қайрат Серимовке мақалаға назар аударып, тиісті жауабын редакцияға жолдауын сұрағанбыз. Бірақ өтінішіміздің басқа субъектi не лауазымды тұлғаға қарауға жiберiлгенi туралы шаһар басшылығы бізді құлағдар етпестен, өзге мекемеге бағыттаған көрінеді. Осылайша 17 наурызда редакциямызға Талас аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлмира Татимбетова қол қойған мынадай мазмұндағы хат келіп түсті: «ұйымдастырылған жұмыстар туралы ақпараттың қосымша жолданатындығын хабарлаймыз». Алайда…

Алайда аталған мекеменің жауап беруі тиісті арада қанша жұмыс күні, неше күнтізбелік күндер өтсе де ләм-мим деген жан, я хат-хабар болмады. Осыны ескере келе, өтініш хатты толтырған өзім болғандықтан, мамыр айында поштам арқылы да жауап күтетінімізді жаздым. Одан бөлек, 2-3 рет телефон нөмірлеріне де қоңырау шалып, тілдестім. Әй, қайдам, ресми хатты шопақ құрлы көрмегендер оларды мүлде жоққа шығара салуы ғажап емес. Сондықтан, қырқына шыдаған қырық біріне шыдайды десіп, аталмыш бөлімге, маусымның 18-інде газет атынан тағы да ресми хат жолдадық. Хатпен шыққанымыздан пайда болмаған соң, қаперге алар деген үмітпен 17 наурыздағы хатты орындаған қызметкеріне 21 шілдеде қоңыраумен шығып, соңғы рет ескертіп тұрғанымызды да жеткіздік. Сол баяғы «жарайды, жақсы, жауап беремізден» әрі аспады. Иә, рас, содан аспады, сол жерде айтылған сөз сол жерде қалды.

Әйтсе де  «Уәде – Құдай сөзі» демекші, Таласқа қарай-қарай көз талды: алғашқы хат жіберілгелі 5 айдан асты. «Ұйымдастырылған жұмыстар туралы ақпаратты жолдаймыз» дегендерінің өзіне тура 5 ай болса, автор мақаласы жарияланғанына да жарты жылға таяды. «Үмітсіз – шайтан», түлкібұлаңға салынған материалдың әрі қарайғы «тағдырына» алаңдаған біз «жауапты» мекеменің жауабын сарғайсақ та күте түстік.

Бұл ретте аудандар мен қала басшыларының әлеуметтік желідегі белсенділігін арттыру керектігі тұрмақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын, ондағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын айтудың өзі басы артық дүние ме деп қаласың. Себебі қанша рет өтініш, сұраныс жасағанымызбен, Талас аудандық ішкі саясат бөлімінен бірде-бір жауап ала алмадық. Ал Президент не деп еді?

«Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы халықпен тиімді кері байланыс орнатуды тапсырған. Осы орайда, жергілікті мекеменің құлықсыздығы мен «бейқамдығына» қарап, қарияның шырылдауы тектен-тек еместігін мойындамасқа амал қалмады.

Ең сорақысы – «Енді кімге сенемін, өздеріне барсаң да, газетке шықса да, еш нәтиже жоқ» деп, бәрінен көңілі қалған Жексенбі Шоңғардың кейіннен бізге хабарласып: «Одан да ең тынышы – әр жаққа сарылмай, есіктен-есікке сабылмай, заңды белшесінен басып, кейбір тұрғындар сықылды қоқысты көрсетпей түнгі уақытта сай-салаға апарып тастаған дұрыс-ау. Ақшаң да кетпейді, жүйкең де тозбайды» дегені.

Жуырда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен бір жиында ғарыштық мониторинг 168 қоқыс үйіндісін анықтап, оның 97-сі жойылғаны жайлы сөз қозғалды. Стихиялық қоқыс үйінділерінің көбеюіне жауапсыз жергілікті тұрғындардың да әсері бар көрінеді. Бірақ… жоғарыда айтылған жағдайды ескерсек, олардың санын арттыруға осындай «екі етпес» мекемелердің өзі итермелейтін шығар деген ой да қылаң беретінін жасырып қайтеміз.

Ең қызығы – орыстардың «Молчание – знак согласия» дейтініндей, арадағы бұл «үнсіздік» мақалада көтерілген мәселелердің растығын дәлелдей  түсетіндей.

Ал осы үнсіздікпен өткен уақыт жайлы сөз қозғар болсақ, оның өзі езуге күлкі үйіреді. Себебі «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» заңнаманың «Өтiнiштi қарау мерзiмдерi» атты 8-бабында: «2. Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлетiн жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтiнiшi субъектiге, лауазымды адамға келiп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде қаралады және ол бойынша шешiм қабылданады» делінген. Егер қосымша зерделеу немесе тексеру жүргiзу қажет болған жағдайларда, «қарау мерзiмi күнтiзбелiк отыз күннен аспайтын мерзiмге ұзартылады, бұл туралы қарау мерзiмi ұзартылған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде өтініш берушiге хабарланады», ал өтiнiште баяндалған мәселелердi шешу ұзақ мерзiмдi талап етсе, «онда өтiнiш түпкiлiктi орындалғанға дейiн қосымша бақылауға қойылады, бұл туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде өтініш берушiге хабарланады»! Автор көтерген мәселелерді егер дәп осылай қосымша зерделеп, ұзақ мерзімге созған күннің өзінде қазір 3-4 қайтара тексеретін мерзім артта қалды!

Осы мазмұндағы материалымыз жарық көруге дайындалып жатқанда, Таластан зарыға күткен хабарымыз да жетті. Нақтырақ айтсақ, Қаратау қаласының әкімі Қайрат Серимовтің  Талас ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне бағыттаған хаты. (Бірақ түсінбей-ақ қойғанымыз – о баста біз шаһар басшысына аталмыш бөлім арқылы шыққан жоқ едік. Әкімнің неге ішкі саясат бөліміне жүгініп жүргенін ұқпай-ақ қойдық – авт.). Ол хат әрине әлгі бөлімнен бізге жетті. Жетті дегеніміз болмаса, Гүлмира Татимбетоваға арналып жазылған мәліметтер тізбесіне аты-жөні жазылғанымен, Қайрат мырзаның қолы қойылмаған. Сондықтан, редакциямызға қол қойылған түпнұсқасы я сканерленген үлгісімен ресми хаты қоса келер деген үміт болған. Сөйтсек, әлгі әкімдіктегілер «іс бітті, қу кетті» деді ме, ат құйрығымен сонымен кесіскен сыңайлы.

Ал енді хат мазмұнына тоқталсақ, оны қаз-қалпында назарларыңызға ұсынамыз:

«Қаратау қаласында бүгінгі күнге 42 қоқыс алаңшасында 101 дана қоқыс контейнерлері орналасқан. Қоқыс контейнерлерінің тозуына және жеткіліксіз болуына байланысты ағымдағы жылы Талас ауданы әкімдігінің «Таза-Талас» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорны тарапынан қосымша 60 (алпыс) дана қоқыс контейнерлерін сатып алу жоспарлануда. Бүгінгі күнге кәсіпорын тарапынан аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне бюджеттік өтінім берілген. Қажетті қаражат сомасы тамыз айында өтетін мәслихат сессиясына ұсынылып, қаражат бөлінген жағдайда қосымша қоқыс контейнерлерімен қамтамасыз етіледі.

Жеке сектор аумағында көше ағаларымен нақты бекітілген орындарда қоқыс контейнерлері орнатылады. Алайда, жеке сектор аумағын бүгінгі күнге қоқыс контейнерлерімен толығымен қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ. Алайда «Таза қала — Қаратау» ЖШС тарапынан жеке сектор тұрғындарымен қоқыс шығару бойынша тиісті келісімшарттар жасалынуда. Келісімшартқа сәйкес, қоқыс жинау тарифы адам басына – 110 теңге немесе 1 қап 100 теңге болып бекітілген және әр аптаның сәрсенбі және жұма күндері алып кету жоспарланған».

Осы бойынша қанша айдан бері күтумен жүйкесіне ши жүгірген Жексенбі атайдың өзіне хабарластық. Сөйтсек, зейнеткерге бұл хат бармаған болып шықты. Одан бейхабар қария хатпен танысып шыққан соң, Қаратау қалалық әкімі аппаратының бізді мәлім еткен мағлұматтарын жоққа шығарды.

  • Мұнда бәрі келер шақта айтылып тұр. «Таза қала — Қаратау» ЖШС тарапынан жеке сектор тұрғындарымен қоқыс шығару бойынша тиісті келісімшарттар жасалып жатқанын көрген жоқпын. Мәселен, біздің бір ғана Сәду Шәкіров көшемізде 100-ден аса түтін бар. Әрқайсысымызбен келісімшарт жасаспақ түгілі, олардың көшемізді аралағанын көрген де, естіген де емеспін. Ал «қоқыс жинау тарифы адам басына – 110 теңге немесе 1 қап 100 теңге болып бекітілген және әр аптаның сәрсенбі және жұма күндері алып кету жоспарланған» дегені де шындыққа жанаспайды. Әркім келіскен бағасымен қоқыс шығартады. Онда да алып кетсе егер. Мұнда, бірақ, тағы да болашақты меңзеп тұрғандықтан, келешекте осындай тариф болса қанеки, құба-құп қой, – дейді қала тұрғыны.

Жоғарыда айтып өткендей, арадағы «үнсіздік» қана емес, жолданған хаттың өзі де  мақалада айтылғандардың бәрін тайға таңба басқандай растап берді. Әлі еш нәрсе орындалмаған, тек болашақты меңзейді.

Қаратау қаласының аумағы қазір кішіреймесе, үлкейген жоқ. Сөйте тұра тазалық жайы нашарламаса, жақсарып бара жатқанға ұқсамайды. Себебі мұндай көріністерге өзіміз де куә болғанбыз. 1 қапқа 100 теңге төлеп шығара салатындай қалыптасқан жағдай да жеңіл еместігін айта кеткен ләзім. «Өйткені кей көшеде үйме-үйме үйіндіден көз сүрінеді. Оны дәл қазір суретке түсіріп алу да қажет емес. Кез келген тексеруші кез келген мезетте келсе де «Баяғы жартас, сол жартас». Олар келеді дегенше шаһардағы  жылдап жиналған қоқыстан түзілген төбешіктерді жою оңайға соқпайды, – дейді шағым иесі қайтарылған жауапқа қанағаттанбай, – өзен жағасын айтпаған күнде, қала айнасы саналатын орталық көшелердің өзін жылан жалағандай дей алмаймыз. Қаншама көшелер бар, олардың өзінде жағдай мәз емес».

P.S. Бір хат арқылы қанша жайдың беті ашылып отыр. Байқағанымыздай, кейбір мекемеге қайда, қашан, қандай хат жазу маңызды емес, әйтеуір бір  мағлұматтармен құтыла салу «аш құлақтан, тыныш құлақ» секілді. Мейлі берсін, бірақ мезгілінде жолданса түсінер едік. Ал жарты жылдан кейін де орындалады, келешегіміз жарқын болады деп әлі де уәдені үйіп-төгу жергілікті жердегі жүргізіліп жатқан жұмыстың «қарқынынан» хабар бермей ме?! Дей тұрғанмен мәселенің ақ-қарасын таразылауды өздеріңізге қалдырдық, қадірменді оқырман!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support