- Advertisement -

Пайданы диқаннан гөрі дүкенші көп табады

69

- Advertisement -

Есет ДОСАЛЫ

Тамдылық Еркеғали Жусанбаев есігінің алдындағы 30 сотық жерді тиімді пайдаланып отыр. Яғни, жерінің 10 сотығына 2,5 мың түп қызанақтың көшетін отырғызған. Оның көпшілігі сұранысқа ие сарғыш түстісі. Ресейлік «Турмалин» сұрыпты қызанақ та пісіп жатыр. Осы жерден он тонна қызанақ жинап, әр келісін 200-250 теңгеден өткізуді көздейді.

Ал 10 сотық жерге еккен жүгерісінен де шамамен 9-10 тонна өнім жинап алмақшы. Мұнда жүгерінің мол өнім беретін  «Трофи» деп аталатын түрі егілген. Тағы он сотық жерге еккен майда қиярынан да кемінде 4 тонна өнім алуды жоспарлап жүр. Қиярдың бұл түріне банкі жабатындардан сұраныс  көп. Мұнан бөлек аталған аулада алманың бірнеше түрі, басқа да жеміс ағаштары жайқалып тұр. Ертеңін ойлаған Еркеғалидың бар болғаны 30 сотық жерден осындай берекеге кенеліп отырғаны қуантты. Отыздан енді асқан азаматтың тынымсыз тірлігіне қарап, ерінбеген адамға бір ауланың өзінен көл-көсір табыс табуға болатынын түсіндік.

Ал «Дулатбаев» жеке кәсіпкерлігін 22 жастағы Әнуар Дулатбаев басқарады. Оның әкесі Жарылқасын Ерімбетов те диқандықтың басында екен. Ол жерден нәсіп іздеген баласына жәрдемдесіп, бір жағында жүр. Әкелі-балалы диқандар 2 гектарға егілген қарбыз алқабынан шамамен 40 тонна өнім алуды көздейді. «Бұл жерде бір мәселе болып тұр. Біздің ала жаздай бейнеттеніп еккен қарбызымызды көшеде сатуға тиісті қадағалаушы органдар рұқсат бермей жатыр. Ал дүкен иелерімен келіссек, олар бізден әр келісін 40 теңгеден алып, көзімізді бақырайтып қойып, тұрғындарға 80 теңгеден сатуда. Сонда пайданың көбісін еңбек етіен диқан емес, дүкенші көріп отыр ғой» дейді Жарылқасын диқан. Ол диқаншылық кәсіпке баласын баулып жүргенін, жалпы жерден нәсіп теру бабаларынан жалғасып келе жатқан үрдіс екенін айтады.

— Осы маңайда  «Дулатбай әуіті» деген әуіт бар. Кезінде Дулатбай бабамыз осындағы ұжымшарлардың біріне төраға болған екен. Әуіт сол кісінің атында. Осының өзі бабалардан жалғасқан кәсіпті жалғап келе жатқанымызды білдірсе керек. Ата кәсіпті әулетіміздің берекесіне айналдырып, адал еңбегіміздің арқасында осы диқаншылықты ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдыру басты мақсатымыз, -дейді Ж.Ерімбетов.

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support