Әлеумет

Төл басылым төріңнен табылсын, оқырман!

Төл басылым төріңнен табылсын, оқырман!

Әңгіменің ашығын айту керек, облыстық «Ақ жол» газеті соңғы уақыттарда безендірілу ерекшелігі ғана емес, мазмұны жағынан да түрленіп шыға келді. Өңірдің бас басылымы болған соң аймақта атқарылып жатқан сан салалы жұмыстармен қатар ойды қозғайтын, рухани серпіліс сыйлайтын тұшымды дүниелер күтетініміз рас. «Ақ жол» бұл тұрғыдан келгенде озды. «Пырақ», «Оқырман отауы», «Шөкеңнің шошаласы» арнайы беттерін сүйсінбей оқу мүмкін емес. Айына бір рет тұрақты шығып келе жатқан «Тылсым дүние» қосымшасы да елді елең еткізді. 

Біздің ең басты құндылығымыз – егемендігіміз. Тәуелсіздік – қазақтың басына ауып қонбаған, тауып қонған бақ. Сондықтан да оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еңселі елдігімізді, Отанымыздағы орныққан ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімді кеңінен ашып көрсетудегі «Ақ жолдың» атқарып жатқан істері орасан. Әлеуметтік желілерде «Қазақстан Ресейдің губерниясы болу керек» деп көкіп жүрген, өзін «тараздықпын» деп таныстыратын Ермек Тайчибеков туралы «Тойып секірген Тайчибеков қашанғы тайраңдайды?», «Тайчибековке тұсау жоқ па?» деген тақырыптармен шыққан мақалалар осы сөзіміздің бір ғана дәлелі. Идеология деген осы! Конституциямен қорғалған біздің төл Тәуелсіздігімізге қол сұғуға ешкімнің қақысы жоқ. Басылым осы мәселені батыл қозғаған. Сонымен қатар «Ақ жолдың» «Ел және Елбасы» айдарымен бере бастаған дүниелері де көңілден шықты. Тағы бір аңғарғаным, басылым бетінде шалғай ауылдардың, мысалы Жайлаукөл, Қамқалы, Шығанақ елді мекендерінің өмірі, ауылшаруашылығындағы ауқымды тірліктер кеңінен қамтылуда. Шешімін күткен әлеуметтік мәселелері де көтерілуде. Өйткені, ауылшаруашылығы – ең негізгі сала. Қазақтың кіндігі байланған ауылды ұмытпау керек. Осыны ескерген басылым басшылығының облыстың ең шалғай деген ауылдарының тынысын танытатын мақалалар беруге ден қойғаны байқалады. Соңғы бір ай бедерінде газет тілшілерінің іссапардан жазған «Мойынқұмда ауылым», «Шаруаң қалай, шалғай ауыл?» атты мақалаларын сүйсіне оқып шықтым. Осындай дүниелер басылым мен оқырманның арасын жақындастырып, байланысын арттыра түседі. Міне, сондықтан да болар өз басым «Ақ жолдың» әр санын асыға күтетін болдым. Төл басылым сенің де төріңнен табылсын, оқырман!

Жандар КӘРІБАЕВ,  саясаттанушы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.