Экономика

Қысқа әзірлік қалай?

Қысқа әзірлік қалай?

Облыс әкімдігі энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұхтар Төлеулиев баспасөз орталығында журналистермен өткізген брифингінде осы мәселе туралы кеңінен әңгіме қозғалды.

Тұрмыс көңілді болса, еңбек өнімді. Ешқашанда ескірмейтін бұл қағиданың қазіргі жағдайда тұрғындардың электр қуаты, табиғи газ, ауыз су, жылумен қамтамасыз етілуіне қатысы жоғары. БАҚ өкілдерімен басқосуда М. Төлеулиев облыста бұл мәселенің шешімін тауып отырғанын тілге тиек етті.

– Нысандарды 2014-2015 жылдардағы жылыту маусымына дайындауға 6 жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 1 миллиард 379 миллион 538 мың теңге қаржы бөлінген. Ол қаржы толық игерілді. Отын-энергетика кешені кәсіпорындарында негізгі қорды жаңарту мен жаңа технологияларды енгізу мақсатына қарастырылған 1 миллиард 163 миллион 94 мың теңгенің 242 миллион 576 мың теңгесі жылумен қамтамасыз етуге арналған. Бұл қаржының толық игерілу мүмкіндігі бар. – Сіз «қысқы жылыту маусымына дайынбыз» деп сеніммен айттыңыз. Бұл істе асырасілтеушілік жоқ па? – Майда-шүйде бітпеген жұмыстар бар. Ол жылу берілетін 15 қазанға дейін толық атқарылады. – Экономикалық та, экологиялық та тиімділігі жоғары «жасыл энергия» туралы әңгімелесеңіз... – Дәл қазіргі таңда облыста күн, жел, судан 21 мегаватт электр қуатын өндіріп жатырмыз. 2020 жылға қарай облыс аумағында «Жасыл энергия» өндіруді 300 мегаватқа жеткізу көзделуде. Оған толық негіз бар. – Жылу беру мәселесі маңызды екені түсінікті. Бірақ, төлемі – күрделі мәселе. Бұл жөнінде не айтасыз? – Жылуға төлем күрделі екені рас. Дәл қазір бұл саладағы қарыз 32 миллион теңгені құрап отыр. Қайтарымның әртүрлі жолдарын қарастырып жатырмыз. Электр қуаты бойынша автоматты есептегіш құралының тиімділігі жоғары. Қарызыңыз көбейіп кетсе, есептегіш қондырғы өз-өзінен сөніп қалады. Демек электр қуатын беру автоматты түрде тоқтайды. Осындай қондырғылар су мен жылуға да қажет-ақ. Сонда пайдаланылған қуат үшін қарыз қордаланбас еді. Қойылған сұрақтарға осылай жауап берген басқарма басшысы бұл мәселе де шешілетініне сендірді.