- Advertisement -

200 миллион теңгеге жаңа техникалар сатып алды

80

- Advertisement -

Есет ДОСАЛЫ
Қордай ауданындағы Кенен ауылдық округінде екі жүзге жуық шаруа қожалық болса, соның ішінде іскер азамат Жұмахан Кәкетаев басқаратын «Қанағат» шаруа қожалығы жыл өткен сайын жақсы табыстарға қол жеткізіп келеді.


Аталған шаруашылықтың 8 мың гектар жайылымдық жері, 2 мың гектар егістік алқабы бар. Бұл шаруа қожалық биыл 500 гектарға бидай, 300 гектарға арпа, 500 гектарға көпжылдық шөп, 40 гектарға жоңышқа егіп, мол өнім алуға ниеттеніп отыр. Қазіргі таңда арпаның түсімі әр гектарға 22 центнерден айналса, бидайдың түсімі гектарына орта есеппен 23-24 центнерден кем болмайды деген болжам бар. Мұнан бөлек бұл шаруашылық бір гектар аумаққа мәуелетіп жеміс бағын өсіруде. Қазіргі таңда ол жерде 600 түп жеміс талы бар екен. Қожалықта 200 жылқы, 500 бас ангус тұқымды ет бағытындағы және қазақтың ақ бас сиырлары, 1400 қой өсірілуде. Қойдың 700-і меринос тұқымды болса, 700-і қазақы. Аталған шаруашылық 80 отбасын жұмыспен қамтып отыр. Олардың жалақысы да, жұмысшыларға жасалған жағдай да көңілден шығады.
Облыс әкімі назарда ұстап отырған техниканы жаңалау жұмысы – бүгінгі күннің басты мәселесі. Жұмахан Кәкетаевтың тағы бір батыл қадамы қажетті техникаларын жаңалай білуі. Ол қазіргі таңда «Қазаграфинанс» арқылы 100 миллион теңгеге лизингпен 6 жаңа трактор сатып алған. Мұнан бөлек 100 миллион теңгеге екі жаңа комбайн сатып алыпты. Екі жүз миллион теңгесін жаңа техникаға жұмсаған шаруашылық басшысының қадамы құптарлық. Себебі, жаңа техникасыз іс өнбейді. «Ескіні жамағанмен жаңа болмас» деген нақыл бекер айтылмаған. Жұмекең сатып алған жаңа комбайндар жақында егіс алқабында орақ жұмысына кіріседі. Бағасына қарай бұл комбайндардың жұмысы да өнімді болатыны анық.
Біз шаруашылық басшысынан: «Жұмысшылар табу мәселесі қалай? Малшы, механизаторлар табылып тұр ма?» деп сұрадық. «Бұл мәселе қашанда өзекті. Қазір бізге малшы табу қиынға соғып барады. Ал механизатордан тапшылық көріп жатқан жоқпыз. Әсіресе, жаңа тракторларды жүргізуге таласатындар көп. Себебі, бұл техникалардың ішінде барлық қажеттіліктер бар. Ыстықтаса желдеткіші, ән тыңдағысы келсе радиосы, басқа да құндылықтары дайын. Келешекте малшыларға да жасалатын жағдай мұнан да жақсара түспек» деді шаруашылық төрағасы.
Әрине, нарық талабы жеңіл емес. Неғұрлым малшы, механизатор, жұмысшыларына жағдай жасаған сайын, шаруашылықтың табысы арта бермек. Оны Жұмахан Кәкетаев жақсы түсінетін тәрізді.
Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support