Саясат

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығымен қыркүйек айының үшінші жексенбісі «Қазақстан халқы тілдерінің күні» болып бекітілгені мәлім. Мерейлі мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шаралар легі алдымен «Тіл – татулық тірегі» атты жастар форумымен ашылды. 

Форумның ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков кіріспе сөз сөйледі. «Қазақстан халқы тілдерінің күні» мерекесі аясында ұйымдастырылып отырған бұл шара – сан ғасырлар бойы қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен 140-тан астам этностардың ынтымағын одан әрі нығайтып, арман-тілегін бір арнаға тоғыстыратын мереке. Қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды. Бұл ретте Елбасының сарабдал саясатымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамды біріктіріп, елімізде мекендеген ұлттар мен ұлыстардың арасында азаматтық татулық пен қоғамдық келісімнің сақталуына негіз қалап келеді» деп сөзін бастаған Бекболат Серікбекұлы одан әрі мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдеріне ризашылығын білдірді.

Осы орайда өзбек ұлтының өкілі Шерзад Раимов, әзірбайжан ұлтының өкілі Сулейман Сулейманов мемлекеттік тілді меңгеру – әрбір қазақстандықтың міндеті екенін, қазақ тілін білу арқылы сол ұлттың тарихын да білуге болатынын сөз етті. Соңынан жастар «Қазақстан халқы тілдері» күні өзге тілдің бәрін біліп, өзге тілді құрметтеу қажеттігін айтып, үндеу жариялады.

Бұдан кейін облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерімен кездесу өткізді. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Үртай Сапаққызының айтуынша, бұл басқосуға бұрын-соңды байқауларға қатыспаған, қазақ тілін өз тіліндей жақсы көретін азаматтар келіпті. Кездесу барысында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Серікбекұлы қиын-қыстау кезеңдерде «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» қағидатын ұстанған ұлан-ғайыр қазақ даласына келген ұлт пен ұлыс өкілдерін Алаш жұрты құшақ жая қарсы алғанын, бір нанды солармен бөле жегенін сөз етті. Сондықтан да өз тілдерін құрметтей отырып, мемлекеттік тілді меңгеруге ден қоюға шақырды. Жиналғандарды мерекемен құттықтады. Кездесу барысында мемлекеттік тілдің, Қазақстан халқы тілдерінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Ахметова облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, өзге бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табыс етілді. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген кездесуге келген барлық азаматтар марапаттан қалтарыс қалған жоқ. Оларға дипломмен қоса, электронды қазақ үй тапсырылды. Дүнген ұлтының өкілі Есар Уджур, ұйғыр ұлтының өкілі Гүлнар Кушекова, иран ұлтының өкілі Ислам Саядов, кәріс ұлтының өкілі Ольга Сурумбаева және өзгелер қазақ тілін қазақ ұлтының өкілдерімен тең дәрежеде білетінін мақтан тұтатындарын әңгімеге арқау етті. Естеліктерімен бөлісті. Әсіресе мемлекеттік қызметте жүрген өзге ұлт өкілдері қазақ тілін міндетті түрде білуі керек деген пікірге тоқталды. Жуалы ауданынан келген Ислам Саядов пен Асиф Аббасов (әзірбайжан ұлтының өкілі) Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін күмбірлетіп тартып берді.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ рысмахан.