- Advertisement -

Көгалда өскендер көгалдағы хоккейден мықты

140

- Advertisement -

Есет ДОСАЛЫ
Спорттың қандай түрі болса да жаман емес. Әр өңірдің өзіне қолайлы, ұзақ жылдардан бері өркендеп келе жатқан спорты болады. Алайда, көгалдағы хоккей туралы олай дей алмаймыз. Таластықтар спорттың осы түрінен толайым табыстарға жетіп отыр. Алайда, осы жетістіктің барлығы соңғы төрт жылдағы ізденістің жемісі.


2016 жылы Талас аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, кір тасын көтеруден Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерік Мамадияров ауданда көгалдағы хоккейді дамытуды ойлап, Таразда жүрген білікті бапкер, кезінде көгалдағы хоккейден КС РО — ның қола жүлдегері атанған Қанат Нақыповты аттай қалап алдырады. Қанат Мэлсұлының бапкер болып келуімен Таласта көгалдағы хоккей жанданып сала береді. Көгалда өскен балалар көгалдағы хоккейді жатырқамай, меңгеріп кетіпті. Ұлдары да, қыздары да мықты. 2018 жылы Қызылорда қаласында қыздар арасында республикалық жасөспірімдер чемпионатында таластық қыздар чемпион атаныпты. Осы жылы таластық бұрымдылар Қаратауда өткен ҚР кубогының да жеңімпазы болып, 12 қыз ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт комитетінің марапатына ие болған. Ал 2019 жылы Талдықорғанда ұлдар арасында өткен жасөспірімдер чемпионатында таластық жігіттер алтыннан алқа тағынған. Мұндай ірі жеңістер тек ғана ізденіспен, маңдай термен келетіні белгілі. Мұны аға жаттықтырушы Қ.Нақыпов пен көмекші жаттықтырушылар Дулат Шыныбек пен Марал Мэлсованың тынымсыз еңбегі, қайсарлығы деп түсінгеніміз абзал. Әйтпесе, тарихында көгалдағы хоккейдің «иісі» бармаған Қаратаудан қаптаған чемпиондар қайдан шықсын!? Қазір Таласта көгалдағы хоккейден 27 спорт шебері, 33 спорт шеберлігіне үміткер жасөспірім бар. Қазіргі таңда спорт шеберлері Сәбина Берденова, Алтынай Арынбай, Феруза Ескермес, Мөлдір Орманбек, Зарина Ералиева әйелдер арасында Ұлттық құрама сапына алынса, Дәурен Мэлсов, Азат Қуатов, Тілеуқабыл Пірмановтар Қызылорданың «Қайсар» командасында (көгалдағы хоккейден) ойнап жүр. Міне, тынымсыз тер төгілген төрт жылдың нәтижесі. Былтыр аудан басшылары жанашырлық танытып, көгалдағы хоккейге арнап спорт алаңшасын салып беріпті. Қазір сол спорт алаңшасында кілең чемпиондар тер төгіп жатыр. Мұндай қамқорлық оларды екі есе ынталандыратыны белгілі.
— Міне, тың жерден бала дайындап, нәтижесін көріп отырмыз. Кезінде біздің Алматының «Динамосы» көгалдағы коххейден 19 мәрте КСРО чемпионы болды ғой. Соны шәкірттеріме үлгі ретінде айтып отырамын. Ал қазір Алматы, Қызылорда облыстарының когалдағы хоккейден 35-40 жылдық тарихы бар. Ал біздің ауданның жасөспірімдері спорттың осы түрімен 4 жылдан бері ғана айналысады. Сонда да ел чемпиондары атандық. Чемпион команда дайындау оңай емес. Таңғы 6-дан тауға қарай 8 шақырым жүгіріп қайтамыз. Бұлар 15-16 жастағы жасөспірімдер. Мәселен, «Қайсар» клубына алынған балалар 100 мың теңге жалақы алады.16 жасар спортшылар үшін бұл жақсы табыс, ата-аналарына жақсы көмек. Өздерінің артынан келе жатқан жасөспірім спортшыларға да үлгі, -дейді аға жаттықтырушы Қанат Нақыпов.
Жанашыр басшы, жақсы маман бар ауданнан әлі талай чемпиондар шыға береріне біз де сендік.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support