- Advertisement -

Махаббатсыз дүние бос

170

- Advertisement -

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Ұлы хәкімнің 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ел Үкіметі қаулы шығарды. Сол қаулыға сәйкес 10 тамыз Абай күні болып белгіленіп отыр. Бұл әрине, алып ақынның мерейтойы аясында қабылданған ұтымды шешім екені талас тудырмайды. Өйткені Абай – қазақтың әдеби мұрасының төлқұжаты.
Ұлы ақынның шығармашылығындағы басты тақырыптардың бірі – махаббат лирикасы. Мәңгілік тақырыпты шарықтау шегіне жеткізе жырлаған Абай десек, қателеспейміз. Оның өлеңдерінде жүректің қағысы, тұнық сезімнің мөлдірлігі айна-қатесіз көрініс тауып отырады. Әрине, фольклорлық қиссалар мен лиро-эпостық дастандарда іңкәрлік, махаббат тақырыбы қамтылғанымен, Абай шығармашылығындағы қуатты шағын өлеңдердің жөні бір бөлек болатыны түсінікті.

«Кейде есер көңіл құрғырың,
Махаббат іздеп талпынар.
Ішем деп бейнет сусынын,
Асау жүрек алқынар.

Тартқан бейнет, өткен жас,
Жүректің отын сөндірмес.
Махаббат – өмір көркі, рас,
Өлген соң ол да үндемес» -деген өлең жолдарында терең мазмұн бар екені рас.
Иә, шынында да бейнет пен уақыт дегенің жүректегі алаудың шоғын сөндіре қоймайтыны белгілі ғой. Әйтпесе, Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанының 750 жылдығы тойланған кезде тоқсаннан асқан Жамбыл Жабаев қыпша бел грузин қызына аңсары ауар ма еді. Осыдан-ақ Абайдың өлеңіндегі тармақтардан «жүрекке әжім түспейді» философиясын байқауға болатындай.

Абайдың махаббат мәселесінде мінезге назар аударатын тұсы да бар.
«Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!»
«Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» атты өлеңіндегі бұл шумақта сол жігіттерге кеңес беретіндей. «Мінезіне көз жетпей көңіл бөлме» деген тармақтың астарында үлкен мағына жатқаны ақиқат. Расында қыз баланың бойындағы көркем мінез – оның байлығы. Абай да соны айтып отырған секілді. Қысқасы, махаббатта да жүректің емес, ақылдың бұйрығын орындау қажеттігін еске салатындай.

«Жігітті жұрт жақтаған қыз мақтаған,
Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай
Бойында майдалықпен сыр сақтаған,
Кей жігіт арсыздықпен ұятсынбай,
Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған»,-деген өлең жолдарында паралелді образға ден қойған секілді. Қыз жақтаған жігіт пен арсыздыққа барған ерді қатар айта отырып, олардың мінезіндегі кемшіліктерді де меңзейді.

«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,
Көзбен көр де ішпен біл.
Сүйісер жастар қате етпес,
Мейлің илан мейлің күл»,-деп келетін шумақтың да тереңдігін айта кеткен жөн. Шумақтағы бүкіл ойдың түйіні «Көзбен көр де ішпен біл» деген тармақта айқын көрініп тұрғаны сөзсіз.
Әрине, әр дәуірдің өз шындығы болатыны рас. Абайдың шығармаларының да өз шындығы мен көркемдік биігі бар екені талас тудырмайды.
«Ғашықтық, құмарлық пен — ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол» -деген шумақта ғашықтық пен құмарлықтың айырмашылығына баса назар аударады.
«Мен не болсам болайын, сен аман бол»,-деген тармақта ақын өлеңіндегі шешім жатыр. Былайша айтқанда бір өлеңнің түйіні осы бір шумақтың төртінші тармағына дөп келе қалғандай. Мұнда шын ғашық жүректің мұңы да, шыны да бейнеленгендей. Әлі де өзектілігін жоймаған шумақ екені тағы рас.
Ғашықтық деген ғаламат сезім Абайдың әндерінде де көп кездесетіні белгілі. Ырғағы бөлек сазды әуен жүрек қылын шертпей қоймайтыны мәлім. Оған дау жоқ.
«Айттым сәлем, Қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас.

Сенен артық жан тумас,
Туса туар артылмас.
Бір өзіңнен басқаға,
Ынтықтығым айтылмас.

Асыл адам айнымас,
Бір бетінен қайырылмас.
Көрмесем де, көрсем де,
Көңілім сенен айырылмас».
Дәл осы «Айттым сәлем, Қаламқас» әнінде ақын жүрегінің бүкіл дүрсілі естіліп тұрғаны ақиқат. «Сағынғаннан сені ойлап, келер көзге ыстық жас» деген екі тармақта хәкім Абай жүрек шындығын жайып салады. Ол дәл осы тармақтарда мінезге емес, жүрекке мойынсұнады. Егер шынайы келбеттен, болмыстан алыстаған мінезіне салса, «келер көзге ыстық жас» деген тармақты қолданбас еді ғой. Шынайылық дегеніміз, міне – осы.

«Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың, жаны — терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі.
Көрінбей жердің топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі.

Тау жаңғырығып, ән қосып
Үрген ит пен айтаққа.
Келмеп пе едің жол тосып
Жолығуға аулаққа?

Таймаңдамай тамылжып,
Бір суынып, бір ысып,
Дем ала алмай дамыл қып,
Елең қағып, бос шошып.

Сөз айта алмай бөгелiп,
Дүрсіл қағып жүрегі,
Тұрмап па еді сүйеніп,
Тамаққа кіріп иегі».
Иә, Абай Құнанбаевтың бұл әні мелодиялық қуатымен де, ішкі мазмұндық сипатымен де жүректерге жылу беретіні сөзсіз. Өзі айтқандай «бір ысынып, бір суынатын» кезеңнің бүкіл табиғаты, адам бойындағы ұяттың табы, пейзаж атаулының бәрі де бір әннің ішіне шеберлікпен сыйып кеткен. Дәл осы ән – Абай әндерінің бойтұмары.
Абай әндерінің ішінде орны бөлек шығармалардың бірі – «Көзімнің қарасы» екені белгілі.

«Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы.
Бітпейді іштегі,
Ғашықтық жарасы.

Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы.
«Бар» демес сендей бір,
Адамның баласы.

Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде,
Қалқама сөз дайын.

Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын».
Бұл әнде де поэзия мен мелодияның жымдасып кеткені рас. Өлең түйініндегі «Өзі де білмей ме, көп сөйлеп созбайын» деген екі тармақ ақын бойындағы бүкіл ынтызарлықты тұспалдап жеткізіп тұрғаны шындық.
Абай туындыларының бір ғажабы махаббат лирикасы екені сөзсіз. «Қop бoлды жaным» «Сeн мeнi нe eтeсiң?», «Сүйсiнe aлмaдым, сүймeдiм», «Aмaл жoқ қaйттым бiлдipмeй», «Тaңғaжaйып бұл қaлaй хaт?», «Тәңipi қoсқaн жap eдiң сeн» деген өлеңдер мен әндер де жүректерге жеткені мәлім.
Түйіп айтқанда хәкімнің махаббат тақырыбын жырлаудағы еңбегі мен шеберлігі өлең-сөздің мәнін түсінген адам атаулының бәріне де аян. Оның шығармалары әлі күнге өзектілігін жоймағанынан-ақ ұлы ақынның болашақпен бірге жасасып келе жатқанын бағамдауға болады. Оған ешкімнің де таласы жоқ.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support