Саясат

Мәңгілік Елдің мәуелі мұраты

Мәңгілік Елдің мәуелі мұраты

Татулық пен тұрақтылық табысқа бастайды

Соңғы 13 жылда еліміз экономика өсімінің жоғары қарқынын ұстап келеді. Осы көрсеткіш бойынша әлемдегі лидерлердің біріне айналып, жаһандық дағдарысты сәтті еңсерді. Былтыр 6 пайыздық экономикалық өсімге қол жеткізген. Ағымдағы жылы экономика өсімі 5 пайыз болса, ІЖӨ номиналды көрсеткіші 36 триллион теңгеге жетіп, елдің алтын-валюта қоры қазіргі кезде 105 миллиард долларды құрап отыр. Бұл туралы Астанада өткен «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыруға байланысты «Қазақстан Республикасының халықаралық қауымдастықтағы рөлі» атты дөңгелек үстелде құттықтау сөз сөйлеген Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған аталмыш шараға халық қалаулыларынан бөлек Астанадағы дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің басшылары қатысты.

Төраға өз сөзінде еліміздің экономикалық әлеуеті мен оның жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті күшейтудегі зор үлесін жетекші халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары толық мойындап отырғандығын баса айтты. «Елбасы – ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан тарихи тұрғыдан алғанда қысқа мерзімде жүзжылдықтарға теңдесетін жолдан өтіп, қайта құрудың беймәлім болмысынан әлемдік саясаттың сахна төріне көтерілді. Қазір Қазақстан дамудың жаңа сатысына аяқ басты, бүкіл елімізде жаппай жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Сондықтан Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің алдына «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасы негізінде одан әрі тұрақты даму міндетін қойып отыр. Аталған тұжырымдама басты құндылықтарды қамтыса, ол – халықтың бірлігі, қоғамның тұрақтылығы, ұлтаралық келісім, біздің мемлекетіміздің тұрақты дамуы» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Сенат төрағасы еліміз «жасыл экономиканы» дамытуға да ерекше көңіл бөліп, қоршаған ортаны қорғаудағы әлемдік үрдістерге сәйкес 2050 жылдары энергияның 30 пайызын баламалы көздерден алуды жоспарлап отырғандығын атап өтті. Бұл тұрғыдан келгенде Астанада өтетін «Болашақ энергиясы» атты халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аталған нәтижелерге жетудің құралдарын айқындауға көмектесетініне сенім білдірді. Сондай-ақ, Төраға 2014 жылдың 12 маусымында қабылданған заң бойынша қазіргі бар жеңілдіктер мен преференцияларға қосымша корпоративтік және жер салығынан 10 жылға, жылжымайтын мүлік салығына 8 жылға босату, мемлекет тарапынан нысан қолданысқа енгеннен кейін инвестор жұмсаған шығынның 30 пайызы төленіп берілетінін де қаперге сала кетті. Белді халықаралық қаржы институттарымен – Халықаралық банк, ЕҚДБ, АДБ және ИДБ өзара ынтымақтастығының рөліне ерекше маңыз беріліп отыр. Қазақстанның сыртқы саясатын айтқанда, әлемнің өркениетті мемлекеттер қауымдастығында лайықты да берік орнын иемденгенін атап айтқан жөн. Бұл тұрғыдан келгенде, Сенат төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың интеграциялық бастамаларын атай келіп, Қазақстанның көршілес елдермен достық қарым-қатынастар мен стратегиялық әріптестікті нығайтып келе жатқандығына ерекше назар аудартты. Бұдан кейін сөз алған еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстанның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен алдына бейбіт мақсаттар қойған, болашағына сенімді, халықаралық аренада жауапты әріптес ретінде танылған мемлекет құрып отырғанына тоқталды. Бұл ретте «алдымен экономика, сосын барып саясат» деген ұстанымның елдің экономикалық және саяси дамуын қапысыз қамтамасыз еткенін айтты. Сырт көз сыншы

Дөңгелек үстелдің пікір алмасу кезеңінде Астанадағы дипломатиялық корпус – шетелдік дипломатиялық миссиялардың және елімізде тіркелген халықаралық ұйымдар өкілдерінің басшылары белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салды. Алдымен сөз алған Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников Стратегияда елдің сыртқы саясаты тұрлаулы, ашық та ұлттық мүддені ілгерілетуге, сонымен қатар, жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталғандығын алға тартты. Еуропалық одақ өкілдігінің басшысы Аурелия Бушез ханым өз сөзінде «Қазақстан-2050» Стратегиясының ел дамуы үшін қаншалықты мағынасы барлығына назар аудара келе, үш басты маңызды мәселеге тоқталды. Біріншісі – оның кең ауқымдылығы, басымдықтардың анық көрсетілуі, институттық, саяси реформалар мен экономика арасындағы синергияның қажеттілігінің байыпталуы. Қазақстан барлық саланың дұрыс жолмен дамуына мән беруде. Бұл – өте маңызды. Әрине, ол бәсекеге қабілетті ел болуға, үздік отыздыққа енуге жол ашатын іс дей келіп, Еуроодақпен арадағы қарым-қатынастар төңірегіндегі ойымен де бөлісті. «Жақында ғана екі арадағы келіссөздердің соңғы раундын өткізіп, кең ауқымда ынтымақтастықты дамытуға уағдаластық. Келіссөздер негізі жылдар бойына қаланып, ол Қазақстанның Еуропаға жол бағытымен өрбіді. Экономикалық қарым-қатынастар, тұрақты даму, инвестициялар тарту, адамдар арасындағы байланыс, қоғамдардың бір-бірімен ықпалдасуы сынды мәселелер қамтылған бұл жұмыстар қай жаққа да тиімді», деді ол. Жалпы, тақырыпты талқылауға Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі міндетін атқарушы, UNFPA субаймақтық кеңсесінің директоры Н.Ботев, Беларусьтің елшісі А.Ничкасов, Францияның елшісі Ф.Етьен, Пәкістанның елшісі Ш.А.Мукадам, Нидерланд елшісі Х.Дриссер, Ұлыбритания елшісі К.Браун, АҚШ істері бойынша уақытша сенімді өкіл Дж.Ордвей қатысқанын айта кеткен жөн. Пікірсайыс барысында дөңгелек үстелге қатысушылар «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудағы бір жарым жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылғандығына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Стратегиядағы қойылған міндеттерге сәйкес тиісті заңнамалық актілер қабылданып, қоғам өмірінің көптеген салаларында арнайы бағдарламалар бекітілген. Елшілер өз сөздерінде, сонымен қатар, әлемдегі жалғасып келе жатқан экономикалық дағдарыс пен саяси тұрақсыздық мәселелері бедерінде Қазақстанның дамуы ерекшеліктерін де тілге тиек етті. Әсіресе, мемлекеттің одан әрі даму бағытын айқындауда жаңа стратегия ерекше құнды болып отырғандығы айрықша айтылды.

Тұрсынбек Сұлтанбеков,  «Ақ жол».