Әкімдердің ресми сайты қаншалықты тиімді жұмыс істеуде?
Әкімдердің ресми сайты қаншалықты тиімді жұмыс істеуде?
Бәріңізге белгілі, бүгінде барлық облыс, аудан, қала әкімдігінің өз ресми сайттары бар. Ол сайттарда сол өңірдің тыныс-тіршілігі, жаңалығы, хабарландырулары жарияланып жатады. Азаматтарға ең негізгісі – әкімнің блогы. Ол блогқа тұрғындардың арыз-шағымдары, өтініш-тілектері, ұсыныстары жазылып, жолданады. Әкімнің немесе тиісті басқарма, бөлім басшыларына жазылып, барып жүргенше, ресми сайттағы блог арқылы да сол шағымды тікелей жеткізуге мүмкіндіктің бар екенін бірақ көпшілік біле бермейді. Білсе де, сенім жоқ. Ендеше, облыс аудандары мен Тараз қаласы әкімдерінің ресми сайттарын барлап, ондағы «тіршілікке» көз жүгіртіп көрген едік. Сонымен... Облыс орталығынан ең шалғайда орналасқан Мойынқұм ауданынан бастадық барлауды. Аудан әкімі Мәден Мұсаевтың ресми сайтқа жауапты мамандары шын мәнінде жауапты екен. Өйткені, ауданның соңғы жаңалықтары сайтта жарияланып, әкім блогына түскен сауалдарға дер кезінде жауап беріліп отыр. Әлбетте, тұрғындардан күнделікті сауал жолданып, арыз түсіп жатпағаны анық. Дейтұрғанмен, сайтта тіршілік бар. Соңғы сауал Светлана Айкенова есімді тұрғыннан ауыз су мен канал суына байланысты түскен екен. Оның өтінішіне «Сіздің көтерген мәселеңіз бойынша өзіңізбен кездесу барысында түсіндірілді» деп жауап берілген. Ал Мойынқұммен көршілес Шу ауданында тұрғындардың блогтағы белсенділігі байқалады. Аудан әкіміне жолданған сауалдар көп. Азаматтардың түрлі өтініштеріне аудан әкімі белсенді, дер кезінде жауап қатқан. Шу ауданының әкімі Нұржан Календеровті қызметімен құттықтай отырып, жас балалардың, оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдаған Айман Қаршығабекова есімді тұрғын: «Балалардың мәселесіне көз жұма қарауға болмайды. Шуда Жамбыл атындағы гимназия бар. Білім бөлімі балаларға қауіпсіз жағдай жасамай отыр. info__shu инстаграмм желісінде Ж.Жабаев гимназиясының жағдайы туралы бейне жүктелді. Жуық арада жаңа оқу жылы басталады, білім бөлімінің немқұрайдылығының салдарынан олар бастауыш сынып оқушыларын қабылдай алмайды. Өтініш, аталған гимназияға барып, оның жай-күйімен танысып, баға берсеңіз, 21-ші ғасырда өмір сүреміз ғой. Ж. Жабаев гимназиясының білім беру деңгейіне ата-ана ретінде көңілім толады, басшылығына қояр талабым жоқ. Қала бюджеті ауданға түседі, бірақ осы 30 жылда дені дұрыс мектеп, жарық, балалар алаңы мен бағдаршамдар жоқ. Балаларға осылай жасауға бола ма, біздің шенеуніктер оларға қандай үлгі көрсетіп жүр. Ол төңірек балалар үшін қауіпсіз емес. Кешкі, түнгі мезгілде көшелерде жарық жоқ» деп жазады. Төртінші тамыз күні ғана жазылған соң болар, әзірге бұл сауалға жауап жазылмаған. Шу ауданының жаңа әкімі Нұржан Календеров бұл мәселені бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз. Өйткені, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі халыққа Үндеу жариялап, балалардың қауіпсіздігін мықтап қолға алыңдар деп жатқанда, халықтың өтініші де, облыс басшысының тапсырмасы да аудан әкімі бір жақты қылса керек. Келесі кезекте халық саны ең көп әрі десе шиеленіскен әлеуметтік жағдайымен елді дүрліктірген Қордай ауданы әкімінің ресми сайтына ойыссақ. Сайтта тіршілік жоқ емес, бар. Бірақ, неге екенін, аудан әкімі Рүстем Дәулетке сауал қою үшін облыс әкімінің сайтына өтіп кетесіз. Әрі аудан түрғындарынан түскен өтініш, арыз, ұсыныстарға көз жүгірту де мүмкін болмады. Бәлкім, біз тиісті тетігін таба алмадық па екен?! Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбекке де күнделікті болмаса да ресми парақшасы арқылы қайырылатындар бар екен. Соңғы сауал шілде айының 23-ші жұлдызында жолданған. Ақмарал Нашкенова Костоганская көшесінің жол құрылысына алаңдаушылық туғызыпты. «Құрылыс жұмыстары қашан аяқталады? Шебін төсеп тастады, бірақ әлі асфальт жоқ. Өзге көшелерді жасап қойды, бір айдан асты біздікі әлі жатыр. Балалар қоларбасымен жүру мүмкін емес, ойын балалары бір-біріне көшеге төселген тастарды лақтырып жүр. Құрылыс жұмысының аяқталу уақыты бар ма?» деген тұрғынның сауалына аудан әкімі аталған жолды жөндеумен айналысып жатқан «Арқат-Өркендеу» ЖШС екенін және жұмыс 10-шы тамызда аяқталатынын айтып жауап беріпті. Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұловтың сайтқа жауапкершілікпен қарайтыны байқалды. Ауданның тыныс-тіршілігі мен соңғы жаңалықтарымен қатар, тұрғындармен кері байланыс бар. Мысалы аудан орталығы Құлан ауылы, Сұлутөр қиылысының тұрғындары атынан көше жолын жөндеу туралы түскен өтінішке дер кезінде жауап беріп, аталған қиылыстарға асфальт төсеу үшін 1,7 миллион теңге бөлінгенін және алдағы уақытта жұмыстар жүргізілетіні айтылып, жауап берілген. Ал Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітовке соңғы сауал ақпан айының соңында жолданған екен. Бұрынғы аудан әкімі болған Р.Рахманбердиевтің қатысы бар жер теліміне байланысты құқықтық сауалдан кейін аудан халқы ресми сайт арқылы ешқандай өтініш, арыз, ұсыныс білдірмеген. Сондай-ақ, Сарысу, Жамбыл, Жуалы, Талас ауданы әкімдерінің ресми сайттары да өз деңгейінде жұмыс істеп, тұрғындармен тығыз байланыс орнатқан. Халық тарапынан көбінесе жол жөндеу, ауыз су, ағын су, интернет байланысы, әлеуметтік төлемдер сынды сауалдар жиі түсетінін байқадық. Осы ретте облыс орталығы Тараз қаласы әкімінің ресми парақшасында белсенділіктің жоғары екенін байқадық. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың атқарып жатқан жұмыстарынан есептер, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, қала тіршілігі туралы ақпараттар жүйелі жарияланып отыр. Осы ретте қала тұрғындарының да белсенділігін атап кеткен жөн. Өйткені, қала әкімі блогына түсіп жатқан сауалдар баршылық. Онда өте күрделі құқықтық мәселеден бастап, дүкеннен сатып алған қаймағының ашып кеткеніне дейін жазады екен жұртшылық. Маржан РАҚАЙ