- Advertisement -

Жамбылдық шаруалар Қызылордадан жоңышқа сатып алуда

126

- Advertisement -

Малсыз қазақтың күні жоқ. Амандасқанда «Мал-жан аман ба?» деп адамнан бұрын, шаруаның жағдайын сұрайтын халықпыз. Тіршілігіміз төрт түлік малмен тығыз байланыста болған соң, олай сұраудың сөкеттігі де жоқ шығар. Биыл жауын аз жауып, біраз аудандарда құрғақшылық болды. Соның салдарынан табиғи шөптің шығымы нашар. Нәтижесінде шөптің бағасы аспанға ұшты. Шөпті жылда қымбат деп жүргеніміз бекер екен. Қымбаттың көкесі биыл болуда.


Талас ауданы, Ойық ауылының тұрғыны Арман Әбдашимовпен хабарласқан едім, «Қызылордадан 1 мың түк жоңышқа келе жатыр. Олар жоңышқаның бір түгін 850 теңгеден сатуда. Ал, пішеннің бір рулоны 3 мың теңге болды. Сабан деген ауылда атымен жоқ» дейді ол. Ал Қызыләуіттегі жас кәсіпкер Нұржан Манатбектен мән-жайды сұрап едім, ол да жоңышқаның түгі 800 теңгеден екенін, қызылордалықтар әкеліп беріп жатқанын айтты. «Пішеннің түгі де 600 теңге, сояу-сояу қамыс шөптің бір түгі де 600 теңге. Қызылордалықтарға қайта рахмет. Жергілікті жоңышқа өсірушілердің бағасы тіпті аспандап (1000-1100 теңге) кетті. Биыл мал азығы қиындау болып тұр» деді. Таластың Үшарал ауылының тұрғындары да Қызылордадан келіп жатқан жоңышқаны сатып алып жатқанын айтты. «Әй, сонда Қызылорданың шөбі болмаса, шөпсіз қалатын ба едік. Екі көзіміз төрт болып Сырдың жоңышқасына қарап қалдық па?» дейін десең, амал жоқ, нарықтың заңы осындай… Сыр елінің шаруалары сұраныс болғандықтан ғана соншама жерден шөп тасып жатқаны анық.
Байзақ пен Жамбыл ауданында жоңышқаның түгі 750-800 теңгеден бағаланса, Сарысу ауданында да бір түк жоңышқа 800 теңгеден емес. Ал қамыс құрағы аралас шөптің бір рулоны Сарысу ауданында 3300-3500 теңгеден сатылып жатыр. Міне, нарық қайда барады?
Шөлейтті аудандардың бірі – Мойынқұм. Мойынқұмда да биыл жауын аз жауған. Соның салдарынан шөп жағынан біраз мәселе бар. Мойынқұмдық әріптесіміз Уалихан Жайлаудың айтуынша, былтыр әр түгі 850 теңгеден емін-еркін сатылған жоңышқаның бағасы биыл 1100 -1150 теңгеге бір-ақ қарғыпты. Жай қамыс аралас пішеннің рулоны 3 мың теңгеге жеткен. Оның кейбірі қамыс аралас, ал кейбірі түгел қамыс екен. Соған байланысты мойынқұмдық тұрғындар қамысты малға турап, майдалап беру үшін жаппай шөп турағыш іздеп кеткен. Бірақ, қанша майдалағаныңызбен қамыстың аты – қамыс емес пе?.
Қордай ауданында шөптің бағасы анау айтқандай өсе қоймаған тәрізді. Ал Шу ауданы, Ақсу ауылының тұрғыны Бақытбек Жұмабеков «Шу ауданында жоңышқаның әр түгі алқаптың басынан 700 теңгеден сатылып жатыр. Пішеннің түгі 350, сабанның түгі 200 теңгеден бағалануда», — деді. Біздің байқағанымыз, аудандар арасында шөп нарығы бойынша ең арзан баға Шу ауданында екен.
Біз осы мәселе бойынша облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеевті сөзге тартқан едік. «Жалпы облыс бойынша биыл 1 миллион 650 мың тонна шөп дайындалуы қажет болатын. Ол меже орындалды. Алайда шөптің бағасы биыл жауын аз жауған Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарында көтеріңкі болып тұр. Бұл бір жағынан нарықтың заңы. Өзіңіз айтыңызшы, қазір не қымбаттамай жатыр? Ал, екінші жағынан нарықты ортадағы делдалдар көтереді. Біз шөпті де алқаптың басынан сатылып кететін деңгейге жеткізуіміз қажет. Талас, Сарысу аудандарының шаруа қожалықтарына қай ауданда шөп арзан, қай жерде қандай шөп бар екені туралы анықтама жібердік. Ол жаққа Қызылорда жақтан да шөп келіп жатқан секілді. Ал негізгі кей ауданда биыл шөп бағасының көтеріңкі болуына жауын шашынның аздығы себеп болып отыр», — деді.
Міне, өңірдегі шөп бағасы осылайша құбылып, Қызылордадан келген шөп бұл сауданы тіптен қыздыра түсуде. Бір айтары, шөптің жылдағыдан көп мөлшерде қымбаттауы шаруаның қалтасына едәуір салмақ түсіріп, қыс айында соғымның да бағасының көтерілуіне ап келетіні анық. Әрине, бәрін уақыт көрсетеді. Бірақ, дәл қазір Жамбыл жерінде жоңышқа қасқалдақтың қанындай қат болып тұр!
Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support