Ел керегіне жарау – үлкен бақыт
Ел керегіне жарау – үлкен бақыт
Сырлыбек Сматов, «Ғимарат Темір Бетон» ЖШС директоры.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы жемісті жүзеге асуда. Бағдарлама аясында заманауи үлгіге сай салынып жатқан кәсіпорындар экспортқа бағдарланған өнім шығаруда. Мемлекеттік «Қолжетімді баспана -2020» бағдарламасы бойынша қазақстандықтар, оның ішінде жастарды баспанамен қамтамасыз етуде ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істер жүзеге асырылуда. Біздер, Тараздағы «Ғимарат Темір Бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары ел керегін түгендеп, қажетіне жарап, ортақ игілікті іске өз үлесімізді қосып жүргенімізді ойласақ, жүрегімізді мақтаныш сезімі кернеп, ертеңгі күнге деген сеніміміз арта түседі. «Ғимарат Темір Бетон» ЖШС-ның бай әрі тағылымды тарихы бар. Тараз қаласында 1968 жылы темірбетон бұйымдарын шығару үшін ашылған зауыт осы мерзімде өркендеу және құлдырау кезеңдерін бастан кешірді. Өтпелі кезең аталған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында экономикалық қиындықтарға байланысты жұмысын мүлдем тоқтатты. Кәсіпорынның ғимараты мен жабдықтары қолды болып, талан-таражға ұшырады. Ағам Қалдарбек Сматов екеуміз бірігіп, ғимаратты сатып алған кезде оның он екіде бір сайманы жоқ болатын. Екеуміз және басқа мамандармен бірлесіп, кәсіпорынның бұрынғы бағдарын сақтап, темірбетон бұйымдарын шығаруға бәтуаластық. 2002 жылы осы мақсатқа инвестиция құйып, жұмысымызды бастап кеттік. Мұнда әуелі 20 адам жұмыс істеп, жылына 30 миллион теңгенің темірбетон бұйымдары шығарылды. Екі автомашинамыз ғана бар болатын. Үздіксіз ізденіс, уақытпен санаспай еңбек ету нәтижесінде әлеуетіміз біртіндеп нығая берді. Бүгінде серіктестік темірбетон бұйымдарының 50-ден астам түрін шығарады. Бұған қоса кейінгі кезде аулалар мен аяқ жолдарға төселетін сәндік тақта плиталар шығаруды қолға алдық. Жылына 2 миллиард теңгенің өнімін өндіреміз. Жұмысшыларымыздың саны 150-ге жетті. Орташа айлық – 100 мың теңге. Біз негізінен тапсырыспен жұмыс істейміз. Өнімдеріміз қоймада жатып қалмайды. Жабын плита және бетон бағаналарымыз Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Атырау облыстарына көптеп жөнелтілуде. Кәсіпорында ғимарат салуға қажетті темірбетон бұйымдарының барлық түрі өндіріледі. Бұған қоса су шаруашылығы үшін бетон науалар құямыз. Мердігерлер тарапынан оларға да тапсырыс көптеп түсуде. Әлбетте, өнім әуелі сапасымен бағаланады. Сондықтан да біздер осы мәселеге ерекше көңіл бөлеміз. Өндірілген өнім арнайы зертханада тексеруден өткізіледі және тиісті сертификат беріледі. ИСО-9001 және 2000 сапа менеджменті жүйесін 2006 жылы енгізген болатынбыз. Содан бері оған лайық екенімізді екі рет растап, дәлелдедік. Нарық заңы – қатал. Бүгінде құрылыс жүргізушілер сапасы жоғары және бағасы қолжетімді материалдарды іздестіріп, сатып алуға күш салады. Тұтынушылар талғамынан шығу үшін барлық мүмкіндіктерімізді жұмылдырып келеміз. «Ғимарат Темір Бетон» іске кіріскелі бері қолда бар жабдықтың 80 пайызын жаңартты. Заманауи үлгіге сәйкес жабдықтарды Түркия, Қытай және Ресей мемлекеттерінен сатып алудамыз. Бұл мақсатқа жыл сайын 40-50 мың теңге жұмсалуда. Бұл – игі үрдіс тұрақты жалғасын табады. Бүгінде серіктестік қажетті қуатты техникамен толық қамтылды. Қазір 30 автомашинамыз, 3 тракторымыз және 2 автокранымыз бар. Өндірген өнімімізді техникамызбен тапсырыс берушінің қалаған жеріне дейін жеткізіп бере аламыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлердің алаңсыз да нәтижелі жұмыс істеуі үшін барлық мүмкіндіктерді жасауда. Биыл жыл соңына дейін кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялауы осының бір айқын айғағы болса керек. Әлбетте, жиі тексеру іскер азаматтардың уақытын алады әрі жүйкесін жұқартады. Әйтсе де, біздің бұл тараптан оларға деген өкпе-ренішіміз жоқ. Біз салығымызды және басқа да міндетті төлемдерді уақтылы төлеп тұрамыз. Дебиторлық және кредиторлық қарызымыз жоқ. Жұмысшыларымызға жалақы уақтылы беріледі. Сондықтан да тірлігі түзу кәсіпорындарды тексеруші органдар да көп мазалай бермейді. Биылғы межеміз – 2 миллиард теңгенің өнімін өндіру. Қазірге дейін 1 миллиард теңгенің темірбетон бұйымдары өндіріліп, өткерілді. Темірбетон бұйымдарын және тауарлы бетонды Тараздағы және облыс аумағындағы құрылыс салып жатқан мердігерлер әкетіп жатыр. Бетон науаларымыз Жуалы ауданында салынып жатқан Көксай каналының құрылысына қолданылуда. Мемлекет басшысының құрылыста елімізде өндірілетін материалдарды кеңінен қолдануды міндеттеп отырғаны белгілі. Бізде қазақстандық үлес 100 пайызды құрайды. Темірбетон бұйымдарын өндіру үшін арматураны – Павлодардан, цементті Шымкент қаласынан жеткіземіз. Қалған инертті материалдар Жамбыл ауданының аумағынан алынады. Кейінгі кезде аймақтық конкурстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрміз. Таяуда өткізілген «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық конкурсында Алғыс хатпен марапатталдық. Материалдық игілікті өндіруші – адам. Сондықтан да біз еңбек адамдарына қажетті жағдай жасауға ерекше көңіл бөлеміз. Кәсіпорында жұмыс екі ауысыммен ұйымдастырылған. Асханамызда бір мезгілде 50 адам тамақтана алады. Олар бір мезгіл мекеме есебінен тегін тамақпен қамтылған. Тұрақты арнайы жұмыс киімдері беріледі. Жұмыс орындарына жайлы көліктермен жеткізіледі. Бетон құю, сапалы өнім шығару қай уақытта болса да жоғары жауапкершілікті, табандылықты талап етеді. Кәсіпорында осы талап тұғырынан көрініп жүрген құрылысшылар аз емес. Солардың қатарында темірбетон өндіретін цех бригадирі Қайрат Аюпов, энергетик Руслан Қарқабаев, бас механик Ақылбай Орынбаев және бетон құюшы Нұртас Жанбаевтың есімдерін ерекше атап өткен жөн. Олар өз әріптестерін ұдайы өнімді еңбекке жұмылдырып жүреді.
Тараз қаласы.