Құрбан айттың бірінші күнінде 17 997 отбасыға ет таратылды

3

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) қоғам алдындағы негізгі 4 қызметінің бірі – қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, деп хабарланды ҚМДБ-ның ресми сайтында. 

ҚМДБ көмекке мұқтаж жандарды қолдау, қауіпті індеттің алдын алу мақсатында WWW.QURBAN2020.KZ сайтын іске қосқан болатын.

Жобаның мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну.

«WWW.QURBAN2020.KZ жобасы бойынша жүйелі есеп беріп тұратынымыз жайлы осыған дейін өздеріңізге хабарлағанымыздай, 2020 жылдың 31 шілдесі сағат 15:00-дегі мәлімет бойынша республика деңгейінде 3225 адам құрбандық шалуға тапсырыс берді. Бұдан бөлек 1000-нан астам адам Алла разылығы үшін қосымша құрбандық малын әкеліп тапсырды. Бүгін, яғни Құрбан айттың бірінші күнінде еліміз бойынша 4 700 мал шалынды. Оның ішінде қой – 4341, ірі қара – 274, ешкі – 83 , түйе – 2. Бұған қоса 22 кәсіпорын мен мекемелер құрбандық малын тапсырды. Барлық мәліметті жинақтап айтқанда, еліміз бойынша 17 997 отбасыға құрбандық еті таратылды.

Халқымызда: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Баршаңыз шынайы ниетпен құрбан шалып, мұқтаж отбасыларға мерекелік қуаныш сыйлап, сауапты іске ортақтасып отырсыздар.

Аса Қамқор, Ерекше Кеңшілік Иесі болған Алла Тағала осы амалдарыңыздың сауабын арттырып, өз құзыретінде қабылдыққа жазғай. Сауабы мол қайырымдылық істің жақсылығы өздеріңізге еселеп қайтып, халықтың алғысы мен батасына бөлене беріңіздер. Көмек алған жандардың сіздерге жолдаған дұға-тілектері қабыл болғай. Жаратқан Жаббар Иеміз мерейлеріңізді үстем етіп, екі дүниенің нығметі мен құрметіне бөленуді нәсіп еткей. Әмин!»,-делінген хабарламада.

 

Comments are closed.