Жамбыл облысында орман өрттерін анықтау үшін 32 бақылау мұнарасы орнатылды

8

Жамбыл облысы бойынша орман өрттерін дер кезінде анықтау үшін 32 өрт-бақылау мұнарасы мен мемлекеттік мекемелер аумағына кіру орындарында 20 бақылау пункті орнатылды.

Облыстық ТЖД зілзалалар қауіп-қатерлерін төмендету және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқарманың бастығы Жасұзақ Ибраимовтың айтуынша, табиғи өрттердің алдын алу мақсатында ТЖ бөлімдері, жергілікті полиция қызметі және жергілікті атқарушы органдар жеке құрамының күшімен жалпы саны 84 адамнан тұратын 18 бірлескен мобильді топ құрылып, тәртіп бұзушыларды анықтау және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында 220 рейд жүргізілген.

​«Рейд барысында 35 құқық бұзушы ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 336 бабы бойынша ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Онда өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды жинау және оларды жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Жергілікті бюджеттен мемлекеттік орман қорының аумағын өрттен қорғау бойынша жұмыстар жүргізу үшін 2020 жылға 78 млн теңге, сондай-ақ мемлекеттік орман қорының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 4,8 млн теңге бөлінді»,- дейді Ж. Ибраимов.

Сондай-ақ, аталған басқарма басшысы жеке құрамды қиын таулы жерлерге жеткізу үшін 10 өтімділігі жоғары техника, табиғи өрттерді сөндіру үшін 68 өтімділігі жоғары автоцистерналар, 139 ранцті өрт сөндіргіштер, 1000 хлопушкалар, сондай-ақ 7 «Турая», «Иридиум» спутниктік терминалдары даярланғандығын жеткізді.

Жол қызметтерінің жұмыс жоспарына сәйкес облыс аумағындағы республикалық маңызы бар 1237 км автожолдардан 638 км, 1943 км облыстық маңызы бар автожолдардан 712 км, ал 840 км теміржолдардан 104 км қашықтықта орман екпелері бойынша өртке қарсы жолақтар жыртылған.

Comments are closed.