Әлеумет

2015 жылдан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшері ұлғаймақ

2015 жылдан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшері ұлғаймақ

6

Астана. 16 қыркүйек. Baq.kz – 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақылық төлемдер 9 пайызға, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 7 пайызға артады. Оған қазына қаржысынан 129 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Бұдан бөлек, министрдің айтуынша, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап студенттер стипендиясы 25 пайызға ұлғаймақ. Оған да бюджеттен қосымша 23 млрд теңге қарастырылған. Тоқтала кететін тағы бір жәйт, 2015 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі де 25 пайыз артады,-деді Бақыт Сұлтанов. Сондай-ақ, 2015 жылы болжанған республикалық бюджет түсімдері 6 триллион 309 миллиард теңгеге жетпек. Бұл ағымдағы жылдың нақтыланған болжамына қарағанда 103 миллиард теңгеге артық. Республикалық бюджеттің түсімі 2016 жылы 6 триллион 738 миллиард теңге, ал 2017 жылы 7 триллион 127 миллиард теңге шамасында болжанып отыр. Есесіне, ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияның мөлшері кеміген. Розақұл Халмурадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: - Міне, субсидияны айтып отырсыз, субсидия 2015 жылы 30 млрд болса, 2017 жылы 25 млрд-қа түсіріп отырсыз? Қалай ауыл шаруашылығы көтеріледі, субсидияны жылдан-жылға азайтып отырсаңыздар? Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі: - Нәтижесін қарайық, өсіп жатса, көтеріліп жатса, әрине оған беруге де болады. Бірақ, біз Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысын талқылаған кезде толық қажеттілігін түсіндіріп бере алмай отыр. Ертең ала ма, алмай ма? Әрине, бұл салаға беру керек, құю керек. Ең үлкен мүмкіндіктеріміз осы ауыл шаруашылығында.