Әлеумет

Газет өзгерді, сен де өзгер, оқырман!

Газет өзгерді, сен де өзгер, оқырман!

Адамдарды дүниетанымға, саналық тұрғыдан қалыптастыруға, ерік-жігерге, қоғамдық мүддеге адалдыққа, жеке жауапкершілікке тәрбиелейтін құндылықтар аз емес. Соның ішінде газеттің жөні бөлек... Мен қоғамдық-саяси басылым туралы айтып отырмын. Ол билік пен бұқараның арасындағы жарық сәуле. Егер оны былай ысырып тастайтын болса, билік пен бұқараның арасындағы кеңістікті тұман басады. Сөйтіп, екі жақ бір-бірінің талап-тілегін, арман-мүддесін, сұранымын көре алмай қалады. Мәселе осында. Газетті күнделікті жансерікке айналдыру, сол арқылы қоршаған ортаның жан-жақты жаңғыруына, жаппай алға ұмтылысына, сондай-ақ, жанайқайына қанық болу, керек жағдайда оған үн қосу азаматтықтың белгісі.

Өмір өзгерісте. Газет те өзгерді. Оқырман сен де өзгер. Өрелі тұрғыда. Өз газетіңнің, өз өңіріңнің қадіріне жет. Қалғаны бола жатады. Бүгін баспасөзге жазылу басталған кез. Облыстық «Ақ жол» – аталарың мен әкелеріңнің қолынан түсірмей оқыған, солардың қаны мен терін қатар сығып берген еңбегін, өсіп-өнуге, өркендеуге бар күш-қуатын сарп еткен өмір тарихын жазып келе жатқан газет. Оған жазылу бізді осы күнге жеткізген алдыңғы ұрпақтың алдындағы парыз болып саналады. Егер бүгінгі өмір-тіршіліктің бағасын, барын біліп отырғың келсе, ондағы өз орнымды пайымдаймын, сөйтіп қоғамның қажетіне жараймын десең, «Ақ жолға» жазыл!

Несіпбек Дәутаев,  жазушы.