- Advertisement -

Парасат пен пайым

192

- Advertisement -

Ұлы әрі кемел тұлғаларды ұлы өзгерістер дәуірі туғызады. Суырылып алға шыққан ондай тұлғалар адамзат атаулының аузына ілігеді, қадір тұтып, қалтқысыз сенетін әлемдік деңгейдегі кемеңгерге айналады. Тарих тағылымы осындай.
Қазақстан жағдайында Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы, оның тұңғыш Президенті, қазақ топырағындағы жасампаздық құбылыстардың тікелей бастаушысы, халық алдындағы тарихи парызын азаматтық жауапкершілікпен ұштастыра білген дара тұлға, тұрақтылық пен ұлтаралық татулық идеясын ел аясында жүзеге асырып қана қоймай, әлемдік дәрежеге көтерген көреген, тосын идеялар мен орнықты ойларға кемел, бір сөзбен айтқанда осынау өтпелі кезеңде халқымыздың бағына тағдыр қосқан халықаралық деңгейдегі ірі құбылыс. Сондықтан да оның біреуін ғана айтсақ – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалықтың мәртебелі миссиясына ие болғаны. Бұл еліміз үшін үлкен абырой, Елбасы Н. Назарбаевтың беделін танығандық, оның жанқиярлық еңбегін бағалағандық. «Бақыт бағасын білгеннің басына қонады» деген осы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел ішіндегі, сырт мемлекеттердегі түрлі деңгейдегі кездесу сәттерінде, тәуелсіздікті қайтіп тұғырлы етеміз, қайткенде өркениеттің бел ортасынан ойып орын аламыз деген сұрақтарға жауап іздегенде әрбір сөзіне мән беріп тыңдаушысын елітіп әкетер, ой салар қанатты қағидалар мен оқшау ойларын маржандай тізіп, өзі де толғанып, өзгені де толғантып жіберетін қасиетке бай тұлға. 2009-2012 жылдары Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында профессор Мырзатай Жолдасбековтің басшылығымен Н.Назарбаевтың өз елімізде, шетелдердегі сапарларында айтқан сөздерін жинақтап «Менің Қазақстаным» деген сериямен 35 томдық құрастыруға жетекші ғылыми қызметкер ретінде қатысқаным бар.
Елін сүйген, елі сүйген Елбасының еліміз дамуының әр кезеңіне орай әртүрлі жиындарда айтылған саяси қисындары мен азаматтық аңсарларына, әлеуметтік және экономикалық ұстындарына қатысты ойлары мен пікір-пайымдарын, жасампаздыққа толы жан сырларының бір парасын жұрттың біліп, көкейлеріне түйіп жүргені жөн болар деген ниетпен жинастырумен айналысып едім. Солардың бір бөлігін «Ақ жол» газетінің оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдім.

Жандар Кәрібайұлы,
саясаттанушы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Тәуелсіздік — Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі — рәміздеріміз бар. Оның біріншісі — Елтаңба, екіншісі — Әнұран, үшіншісі — Көк байрақ, төртіншісі — Қазақ тілі.
* * *
Өз тілімізбен өмір сүрейік. «Ана тіліміз рухани азаттығымыз бен мемлекеттік тәуелсіздігіміздің тірегіне айналсын» деген сөздер әр қазақтың жүрегіне жететіндей. «Өз тілімізбен өмір сүрейік» — бұдан артық қалай айтуға болады? Қажет десеңіздер одан да оңайлатып айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.
* * *
Биік мәдениетті күшті ұлттар ғана жасай алады. Ал күшті ұлт болу үшін ең алдымен, ішкі бірлік, ұйымшылдық, татулық керек.
* * *
Қазақ даласында қазақтан өзге халық ту тігіп, орда құрған емес.
* * *
Қазақ — тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан халық.
* * *
Ұлттық тарихтың нақты келбетін, біздің тарихи тағдырларымыздың, ащы да қуанышты сәттеріміздің ортақтығын әсірелеусіз және өзімізді ұлттық кемсітусіз түйсіну қасиеті патриоттық деген асқақ сөзбен аталады.
* * *
Өз елімізде аз ұлт болып келгеніміз үшін ғана, сонан кешегі күнге дейін намысымыз жасып, сағымыз сынып қалғаны үшін ғана біз қазақтар, тоталитаризм атаулыға лағнет жаудырып, балаларымыздың балаларының балаларына: «Демократияның қадірін біліңдер!», деп өсиет айтып өтуіміз керек!
* * *
Тоталитаризмге ұлттық тарихтың да қажеті жоқ. Ол ұлттың тарихи жадын жойып, мәңгүрттік психологияны орнықтыруға мүдделі. Өйткені, өткенін білмейтін халықтың өзіне сенімі болмайды. Ал өзіне сенімі аз халықты айтқанға көндіру, айдағанға жүргізу оңай.
* * *
Тоталитаризмге халықтың тұтастығының қажеті жоқ. Ол ұлт мәселесін қолдан қиындатып, халықтардың бір-біріне сенімсіздігін, күдікшілдігін арттыруға мүдделі. Халықтың бір тобын бір тобына, бір табын бір табына айдап салуға мүдделі. Өйткені, үрейге бой алдырған ондай қоғамды билеу жеңілге түседі.
* * *
Біз қазақ халқы — мемлекеттің негізін құрушы, оның тағдырына жауап беруші, ішіміздегі өзге ұлт өкілдеріне өнеге көрсететін, барлық істе бастамашы болуға тиісті ұйытқы халықпыз. Сондықтан, үлкен ұлтқа тән төзім мен сабырлы мінез көрсете білген жөн.
* * *
Бүгінгі әлемдік дамудың қарқыны өте үлкен, оған ілесу қай мемлекет үшін де оңай емес. Ал өркениет кеңістігінен өз орныңды табу одан да қиын. Ол үшін биік мәдениет керек. Биік мәдениетті күшті ұлттар ғана жасай алады. Ал күшті ұлт болу үшін ең алдымен, ішкі бірлік, ұйымшылдық, татулық керек.
* * *
Бесік иесі — әйел. Демек, әйелдің жайы түзелмей бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей мемлекетіміз түзелмейді. Әйелдің жағдайы қандай болса, қоғамның жағдайы да сондай болады.
* * *
Егер ағаларымыз бен інілеріміз іргедегі жеріне, қорадағы малына, қолындағы балаларына қожа болатындай іскерлік танытып жатса, айналайын жеңгелеріміз бен келіндеріміз осылай сабылып жүрер ме еді?
* * *
Діннің тұтастығы – қашанда елдің тұтастығы. Діни алауыздық ұлттық алауыздыққа соқтыратыны тарихтан белгілі. Сондықтан, ұлттық сипатқа айналған дәстүр мен дүниетанымымызға сырттан келіп, түзету жасағысы келетіндерге жол бере алмайтынымызды ашық айтамыз.
* * *
Кімде-кім етжақындық және рухани тұрғыда өз халқының мәдени кейпінде болмаса, онда ол өз тамырын ғана жоғалтып қоймайды, сонымен бірге, одан кез-келген басқа мәдениет теріс айналады. Бұл – тура мағынасындағы да, оның агрессияшыл көрінісі тұрғысындағы да мәңгүрттікке бастайтын тура жол.
* * *
Бір адамның еркіндігі келесі адамның еркіндігіне нұқсан келтірмеуі керек. Еркіндікті шектеуге тек ел заңдарымен ғана жол берілуі тиіс.
* * *
Біздің тойымыз да, ойымыз да ортақ. Біздің табыстарымыз бен алар асуларымыз да ортақ. Біздің жеңістеріміз бен жаңа белестеріміз де ортақ. Өйткені, біздің тілегіміз, жүрегіміз, мақсатымыз бен мұратымыз бір.
* * *
Кеше болмағанның бүгін болуы мүмкін, бүгін болмағанның ертең болуы мүмкін, бірақ ана тіліне мән бермеушіліктің, оны құрметтемеудің орны толмас олқылықтарға соқтыратыны сөзсіз.
* * *
Үлкендері ізбасар ұрпақтың келешегін кеңінен қамдай білген, жастары аға ұрпақтың арман-мұратын, ізгі қасиеттерін бойына терең сіңіре алған жарастықты елдің іргесі дәйім берік.
* * *
Көздеген мұратымыз — халқымыздың қарттықты құрметтейтін, жастықты үкілейтін, қайырымдылықты қастерлейтін игі дәстүрінен қол үзбей, балаға — мейірім, атаға — қамқорлық, ағаға — ізет, ініге — ілтипат арқылы жалғасып келе жатқан рухани өміршеңдігімізді одан әрі шыңдай түсу.
* * *
Ғасырлар бойы халыққа қалтқысыз қызмет еткен, жанымызға жарасып, бойымызға орнаған иман, иба, инабат қайтадан жаңғыруда.
* * *
….Құлқынның құлы болып, күнәға белшесінен батып жүргендерге, күнкілдеген күншілдерге, азғындаған арамзаларға: «Арыңды сақта, иман-қасиетті бол, ұятты сақтап, жомарттыққа жол аш», — демекпіз. Мейірімділік пен қайырымдылық, ынтымақ пен бірлік, бейбітшілік пен тыныштық бәрі де Құран дұғасында бар.
* * *
Дана халқымыз қателіктерді түсінеді, оларды кешіре де біледі. Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар: елдің қолына зарықтырып барып қонған бақыт құсынан — Тәуелсіздіктен айырылуды кешпейді.
* * *
Атын ағайындары ғана білетін толып жатқан жергілікті батыр. жергілікті би, жергілікті ақындарға ат шаптырып, той жасап, жұртты шаршатуды қою керек. Одан ұлттық тарих жасалмайды, рулық тарих жасалады.
* * *
Жер байлығы баррельмен, тоннамен, текше метрмен өлшенеді. Ел байлығын да теңгемен, доллармен мөлшерлеуге болады. Ер байлығының өлшеуіші — елдің өзін ел сезінуі. Өзгелермен тең сезінуі. Өзінің ұлтын ер сезінуі, қайраттанып, намыстанып, жігерленіп өмір сүруі.
* * *
Болашақ Қазақстанның келбетін әлемдік өлшемдер деңгейіндегі білімі бар маман анықтайды. Елдің болашағы өз баласын білімге ынталандыратын ата-анаға байланысты.
* * *
Байлық бар жерге сұқ көз қадалмай қоймайды.
* * *
Егер орталықтың шешімдерін жергілікті жерлерде тиімді орындауға қол жеткізілмесе, мұның бәрі жұрттың зықысына тиетін әншейін ұранға айналып кетеді, адамдар биліктің айтатыны бір басқа, нақты өмірде бәрі керісінше деп сөйлейтін болады.
* * *
Демократия заңға кұлықты қоғамда, тұрақты мемлекетте ғана сақталып, дами алады. Өйтпеген жағдайда бейберекеттік пен өткенге сырғу орын алады.
* * *
Егер тазалық пен заңдылық үшін күреседі екенсің, онда, жарқыным, алдымен өзіңе қарап ал. Сонда ғана сен өзгелер жөнінде сөз етуге кұқылы боласың. Ал егер өзің заңды бұзсаң, адамдарды ғайбаттап, тіл тигізсең, онда сенің қай жерің демократ? Онда сенің қай жерің сөз бостандығының жақтаушысы?
* * *
Қашанда игі ойларға бейім болу керек, жақсылыққа сену керек.
* * *
Жоғары ағартушылық әлеует қана экономикалық өсудің биік қарқынын және орташа таптың ойдағыдай қалыптасуын қамтамасыз етеді.
* * *
Мемлекеттік қызметкерлердің бойында адамға жаны ашымаушылық, безбүйректік, селқостық деген қайдан ғана пайда болады?! Мемлекетке қызмет ету ең алдымен, халыққа, яғни, адамдарға қызмет ету деген сөз. Кабинетке кірген сайын осы сөзді іштей бip қайталап қойған артық емес.
* * *
Билік басында бизнес өкілдері отырып алып, оны өзінің қарақан басының пайдасына пайдаланып жататынына көз жұма қарауға әбден бой үйретіп алдық. Сонымен бірге, билік құрылымдарының өкілдері қолын жеке секторға сумаңдатып, соларды билеп-төстеуге бейім тұратыны тағы бар. Бұдан енді бас тартуымыз керек.
* * *
Халық көреген. Бір айтпауы мүмкін, екі айтпауы мүмкін, бірақ бәрін көріп отырады. Содан барып қазіргі қоғамда айтылып жүргендей ойлар туады. Әкім болсаң әділ бол. Байқаңыздар, сіздер бейнебір әйнектен салынған үйдің ішінде тұрған сияқтысыздар, қай жағынан қарағанда да барлығы көрінеді.
* * *
Шын мәнінде, барлық тараптардан жауапты көзқарасты және мәміле табушылықты талап ететін қалыпты демократиялық процесс пен ар-намысқа тиюшілікке және мемлекеттік билікке бағынбауға шақырушылыққа құрылған жалған демократияның арасында үлкен айырмашылық бар. Соңғыларымен біздің жолымыз бір емес.
* * *
Егемен мемлекетке демократиялық процесті сырттан таңуға да ешкімнің қақы жоқ және бұл ешкімнің қолынан келмейді.
* * *
Ант беріп, қайда жіберсеңіз де, сонда барамын деп қызметке келеді. Қызметті атқара алмаған соң босатып жіберсең, оппозицияға кетеді. Біз қазақтар, қайтіп ел боламыз, қалай мемлекеттігімізді сақтап қаламыз? Тентекті тыятын зиялы қауым қайда? Қылмыс, ұрлық жасады, оны тексере бастасаң, сол қаражатқа партия құрып, сол арқылы өзін қорғап қалғысы келеді. Біздің халық сондайларды қашан ажырататын болады?
* * *
Егер елде қуатты орта тап болмаса, егер адамдар құрметпен пікірталастыруды үйренбесе, егер, ақыр аяғында, қоғамның ішінде аса күшті әлеуметтік жіктеліс бар болса, демократия әдемі, алайда бос сөз болып қалады.

* * *
Естеріңізде болсын, саяси ұпай жинауға әуестенгендерден салиқалы саясаткерлер шыққан емес. Сау басын саяси саудаға салғандарға біздің арамызда орын жоқ.
* * *
Тентегі мен телісін тыя алмаған ел болмайды.
* * *
Адам деген өзі қызык, емес пе? Жақсыға тез-ақ бой үйрете қалады, көрген қиындығын тез-ақ ұмыта салады. Мұның өзі дұрыс та, үнемі ауыртпалықты ойлай берсең, өмір сүру қиын болып кетер еді.
* * *
Біз барлық мәселелерімізді сот арқылы өркениетті жолмен шешуге үйренуіміз керек. Заңға шынайы құрмет деген осы. Ал бостекі сөздер мен дау-дамайлар — тек эмоцияның көрінісі. Алайда, олар жеке мәселені саяси мәселеге оп-оңай айналдыра кояды. Бұл адал адамның ісі емес.
* * *
Шынайы ақпарат азат қоғамға керек.
* * *
Кей өңірлерде аймақтық газеттер мен телеарналарды тек өзін мадақтату мақсатында пайдаланғысы келетін жергілікті бишікештер пайда болды.
* * *
Бүкіл адамзат тарихы тоқтам жүйесінсіз, белгілі бір тыйымдарсыз, бақылаусыз және әлбетте, ынтымақтастық орнатпайынша БАҚ-ты бүлдіру мақсаттарында пайдалануды тыю мүмкін емес екендігін көрсетіп берді.
* * *
Қазақстан — біздің ортақ үйіміз. Біздің өзіміз де, біздің балаларымыз да осы жерді мекен етеді. Егер біз өзіміздің елімізді, өзіміздің өмірімізді тек сынауды білер болсақ, оны жасампаздықпен жаңғыртып, бой көрсеткен әрбір талшыбықты мәпелеп өсіріп отырмасақ, онда біз өзімізді нағыз патриот деп санай алмас едік.
* * *
Әрине, адам болған соң жаңылыс баспай тұрмайды. Алайда объективті фактілерге көз жұма қараған кезде мұны жай ғана қателікке жатқыза салу жөнсіз.
* * *
Біз өзіміздің кемшіліктеріміз туралы айтуға тиіспіз, сөйте тұра Отанымызға деген сүйіспеншілік көкейімізден кетпеуі керек.
* * *
Халықтың саулығы — бұл мемлекеттің саулығы.
* * *
Біздің полицейде көзтүрткінің емес, қорғаушы мен көмекшінің кейпі болуы тиіс.
* * *
Демократия заңға құлықты қоғамда, тұрақты мемлекетте ғана сақталып, дами алады.
* * *
Көпұлтты елдің азаматтары арасындағы тыныштық пен келісім, достық пен сенім–адамдар қажет ететін ең басты нәрсе. Мен үшін бұл – халықтың басты аманаты, сондықтан да мен оны орындайтын боламын.
* * *
Біз ешкімге қарсы соғыс ашпаймыз. Ешкімнің жеріне көз алартпаймыз. Бар мақсатымыз – тыныштықты, бейбітшілікті сақтау, тәуелсіздігімізді қорғау екенін тағы да қайталаймын. Бұл сөздерді қайталаудан мен жалықпаймын. Өйткені жатсам-тұрсам ойлайтыным осы!
* * *
Конституцияның жасаушысы Қазақстан халқы деп толық сеніммен айтуға болады. Бұл оған жоғары заңдық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар, рухани-имандылық және моральдық күш-қуат береді.
* * *
Заңды жеке меншігі бар адам ғана шын мәнінде ерікті.
* * *
Саяси құбылмалылық ықпалымен Конституция нормаларын қайта қарау – бұл биліктің дағдарысына және мемлекеттік ұстындардың босаңсуына бастайтын бірден-бір жол.
* * *
Шын бостандық адамның еңбек ету еркіндігінде.
* * *
Өркенді жас мемлекеттің нышанды бейнесіне айналған Барысымыз барған сайын буыны бекіп, қуат пен тәжірибеге молығып, байсалды да бекем бола түсуде.
* * *
Сарыуайым сапырып, қара аспанды төндіріп сөйлейтіндер қай кезде де болған, олар жекешелендіруді бастағанда да болған, нан өнімдерінің бағасын еркін жіберуге шешім қабылдағанда да болған, астананы ауыстыруға бекінгенде де болған, бірақ біз мұның бәрін жасадық.
* * *
Біз бәріне тәуекел еткенбіз. Сөйтіп, бүгінгі күнге жеткенбіз.
* * *
Тарихында соққы мен жаншу астында тұншыққан қазаққа бас бостандығын әперіп азат еттік, сөз бостандығын, бас бостандығын алып бердік.
* * *
Алыстағы ағайынды ұшақпен көшіріп алатын ел Қазақстаннан басқа қайда бар! Әйтсе де, бұл жетістіктеріміз бен табыстарымызға тоқмейілсіп, орта жолда іркіліп қалуымызға болмайды.
* * *
Біз мынау жаһандану жағдайында мемлекеттер мен әр адам бәсекеге түскен кезде алдыңғы қатарлы ел болып, озу үшін білім керек екенін білеміз. Қазір білімнің бәсекесі, біліктіліктің бәсекесі жүріп жатыр. Қазақтың жерінің асты-үстінде байлық баршылық. Бірақ білім болмаса, жаңа технология болмаса, ол байлық қазақтың дастарханына өздігінен келіп түспейді.
* * *
Отаның — алтын бесігің, қанша миллиардер болсаң да, Отаның, жерің, ата-бабаңның кіндік қаны тамған Отаның болмаса, сен қандай адамсың. Сондықтан мұндағы да, сырттағы да қазақтарды, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеуге шақырамын. Отанды сүю – өркениеттіліктің бірінші белгісі. Осыны мықтап есте ұстаған жөн.
* * *
Қай жерге барсам да, ешбір елден қазақ диаспорасы тыныштығымызды алды деген сөзді естіп көрген жоқпын. Бұл да ұлт деңгейіндегі естиярлықтың белгісі.
* * *
Бұл ғасыр менімше, жас, қуатты, талантты, өмірге белсене араласып, әлемнің, елдің және өз отбасының тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына ала білетін жастардың дәурені болады. Бұл ғасыр аграрлық және индустриялық революциялардан кейін ақпараттануда, ғылым мен техникада сілкініске алып келетін өркениеттің ғасыры болады.
* * *
Қазақстанның жас азаматы білімді, әлемдік жаңалықтарға құмар және өзінің тамырлары, дәстүрлері туралы, біздің елімізді басқалардан ерекшелеп тұратын жақсы атаулының бәрі туралы ұмытпауы керек. Жастар өздерінің туған мәдениетіне қанығып өсуі тиіс, оны байытуы тиіс.
* * *
Ел билігіне келетін жастардың бойында білімі болуымен қатар, патриоттық сезімі болғаны жөн. Отанға, оның халқына деген шынайы сүйіспеншілікке толы демократиялық патриотизм болсын. Берекелі де өршіл, дамыған экономикасы мен жоғары мәдениеті бар Қазақстанды қалыптастыратын қуатты қозғаушы күшке айналатын жанды патриотизм болсын.
* * *
Армансыз елдің ақыры дұрыс болмас, қазақ бірікпей бақ қонып, ырыс болмас.
* * *
Бабаларын қалтқысыз қастерлей білген халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақшы.
* * *
Болашақ Қазақстанның келбетін әлемдік өлшемдер деңгейіндегі білімі бар маман анықтайды. Елдің болашағы өз баласын білімге ынталандыратын анаға байланысты.
* * *
Бейбітшіліктің бағасы оны жоғалтқаннан кейін ғана білінеді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support