Экономика

Лизинг: трактор аласың ба, торпақ аласың ба? Мархабат!

Лизинг: трактор аласың ба, торпақ аласың ба? Мархабат!

Қазіргі таңда ауылшаруашылығы саласын техникасыз көзге елестету мүмкін емес. Қажетті техника сатып алу – әрбір шаруаның арманы. Дегенмен, оны қолма-қол ақшаға сатып алуға екінің бірінің шамасы жете бермейді. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларында ауылшаруашылығы саласына мемлекеттік қолдауға ерекше мән беріліп келеді. Үкімет тарапынан көптеген бағдарламалар қабылданып, 2020 жылға қарай ауылшаруашылығын мемлекеттік қолдаудың көлемін 4-5 есе арттыру көзделген. Үкіметтің 2014 жылғы 29 сәуірдегі № 421 қаулысына сәйкес агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салымдар кезінде жұмсаған шығыстарының бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау қағидалары бекітілді.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ шаруаларға ауыл-шаруашылығы техникасын несиенің өсім пайызын жеңілдетіп беретін болды. Нақтырақ айтсақ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ өңір шаруаларына техниканы 12,8 пайызбен берсе, оның 7 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Ал қалған 5,8 пайызы шаруаның мойнында. Бұл – өте тиімді әрі үлкен қолдау. Мұндай жәрдемді мемлекет алдында қаржы-лай берешегі жоқ және қандай жағдай болғанда да алған қаражатын қайыра алатындай қау-қарлылары ғана ала алады. Яғни, несие алатын адамның ауылшаруашылығы тауарлары, шаруашылық жүргізетін жер телімі, қорасында қажетті мөлшерде малы болуы керек. Лизинг тәртібі бойынша ауылшаруашылығы техникасы 5-7-10 жылға беріледі. Лизингке берілетін техника алыс-жақын шетелдерден және ТМД елдері, сондай-ақ, жергілікті қазақстандық зауыттардан шыққан. Елімізде ауылшаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау-көмек жыл сайын көрсетілуде. Жалпы, лизингке техника алуға кез-келген шаруаның қолы жетпейтіні де рас. Өйткені, «ҚазАгроҚаржы» АҚ өкілдері шаруадан 25 пайыз алғашқы жарна төлеуді талап етеді. Бұл ретте банк қалған 75 пайызын 5-7 жылға бөліп, жылына бір рет төлеуге рұқсат етеді. Мұндай талапты жұмысын жаңа бастап жатқан шаруа қожалықтары орындай алмайды. Лизингке техника рәсімдей алмай жүргендердің көбісі осындайлар. Ал аяғынан тұрып кеткендер үшін бұл ең оңтайлы тәсіл, олар лизингке рәсімдеу арқылы техника санын көбейтіп, қожалығын кеңейтуге мүмкіндік алады. Несие қаражаттарының жылдық өсімі 8 пайыз мөлшерінде, жұмсалу мақсатына қарай 1 жылдан 7 жылға дейін, оның ішінде бау-бақша өсіру, малды бордақылау, жанар-жағармай, жем және шөп сатып алу үшін 1-2 жыл мерзімге, малды сатып алып, өсіру үшін – 5 жыл мерзімге, асыл тұқымды малды және ауылшаруашылық техникасын сатып алу үшін – 7 жыл мерзімге беріледі. Тағы да бір ерекше тоқтала кетер жәйт, биылдан бастап шаруаның лизингке өз қаражаты есебінен алған техниканың елу пайызын Үкімет төлейтін болды. Дәл осындай жеңілдік мал басын көбейтуге де қарастырылған. Ол үшін жобаның паспортында: «50 сиырдан тұратын тауарлы сүт фермаларды салу, кеңейту» деген жазу болуы шарт. Мысалы, ет бағытындағы мүйізді ірі қараны өсіретін сиырдың басы және биенің саны жүзден кем болмауы тиіс. Осы талапқа сәйкес келген жағдайда бірнеше техникаға қол жеткізе аласыз. Ірі қара малдың тауарлы фермаларын кеңейту және техникалық жарақтауға да Үкімет қолдау көрсетуде. «Етті бағыттағы ірі қара малын өсіру бойынша шаруа және фермерлік қожалықтарға техника мен жабдықтар сатып алу» жобасының мақсаты – етті бағыттағы ІҚМ өсіру бойынша шаруа және фермерлік қожалықтардың өнімділігін қамтамасыз ету (кемінде 100 бас аналық бас). Жобаның аясында бес техника бірлігінің жалпы құны 9 миллион 144 мың теңге болса, 4 миллион 572 мың теңгесі мемлекет тарапынан субсидияланып, 50 пайызын мемлекет жабады. Ал алғашқы 15 пайызын, яғни, 1 миллион 371 мың 600 теңгесін шаруа төлейді. 600 бас қойды өсіру бойынша шаруашылықтарды кеңейту және техникалық жарақтандыруға берілетін жеңілдіктер де айтарлықтай 2014 жылы аудан бойынша лизингке және өз қаражаты есебінен «Қозықырған», «Алмас», «Ақтоғай», «Ерік-Т», «Ержан» шаруа қожалықтары «МТЗ-82», «МТЗ-92» маркалы тракторларын, пішенге арналған айыр мен шөміш, шалғы және қосалқы техника алынған. Ауданда 2010-2012 жылдары лизингке екі-ақ адам техника алса, 2013 жылы екі есеге артқан. Биыл жеті айдың өзінде басқа да ауылдық округ шаруалары лизингке ауылшаруашылығы техникасын алуға ниет білдіріп, қажетті құжаттарын рәсімдеуде. Барлық ауылдық округ-тер де лизингке техника алу жөніндегі хат жолданып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бөлім күнделікті «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалы маманымен істің барысын бақылауда ұстайды.

Серік Тоқаев, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Сарысу ауданы.