Әлеумет

Құмарық разъезі неге құлазып тұр?

Құмарық разъезі неге құлазып тұр?

Әлденеге көңілдері толмаған бір топ әйелді аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісовке арыз айта келген жерінде жолықтырдық. Олардың мұңы мен мұқтажының не екенін білгіміз келіп, әңгімеге тарттық. Сөзге шешендеу Алтынай Әлімбекова: – Осыдан бір ай бұрын он әйел Көкдөнен ауылының әкімі Қанат Әбдіхалықовқа барғанбыз. Өйткені, аудандық білім бөлімі шағын бекеттегі «бастауыш мектепті жабамыз»деп есімізді бір шығарды. Әйтеуір, аудандағылар біздің айқайымыздан сескенді ме, биылша мектепті жаппайтын болды. 

– Ендігі дүрлігулеріңізге не жорық? – Сіздің: «Қосапан» келешегі жоқ ауылдар қатарына жата ма?» деген облыстық «Ақ жол» газетіне шыққан мақалаңызды оқыдық, – дейді Алтынай, – Бір кезде біздің Құмарық бекетіне жолаушы пойызы тоқтап өтетін. Бір қауым ел едік, 1940-шы жылдары салынған жиырма шақты үйдің қазір жартысына жуығы қаңырап бос тұр. Өйткені, біздің ер азаматтарымыз темір жол бойында әлі күнге дейін қайласын ұстап, маңдайларынан моншақтап тер ағызып, еңбек етіп жүр. Ал әйелдер сол үй шаруасындағы күйбең тірлікпен шаңырақ күзетіп, бала бағып отыр. «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғам болғалы жағдай өзгерді. Қазір біздің бекетті Көкдөнен ауылдық аймағы әкімінің қарауына берген. Бекетте қалғаны он төрт отбасы, оның тоғызы зейнет жасындағы жасы шау тартқан кісілер. Көкдөнен мен Луговой елді мекеніне дейінгі жол біраз жер – 7-10 шақырым. Автобус жүрмейді. Сондықтан 500-1000 теңгеге такси жалдап, балалардың жәрдемақысы мен зейнетақысын, азық-түлігімізді алу үшін аудан орталығы мен жақын елді мекендерге баруға мәжбүр боламыз. Біздің ауыл әлгі «келешегі жоқ ауыл» қатарына жата ма? Жатса №98-ші разъезд тұрғындарына Үкімет өз қаражатына он үй салып беріпті ғой. Бізге де салып берсін. Біз де Құланға көшеміз. Міне, соны білгіміз келіп аудан әкімінің орынбасарына келіп тұрған жайымыз бар. Біз әкімдікке осы шаруамен келген Гүлмира Нүсіпәлиеваның, Гүлнәр Баекееваның, Айсулу Юлдашеваның, Айдын Жұматованың және Алтынай Әлімбекованың арызын мұқият тыңдап болған соң, Құмарыққа баруға уәде бердік. Ертеңіне Көкдөнен ауылдық аймағы әкімдігінің бас маманы Ғазиз Райымбаевпен бірге Құмарық разъезіне келдік. Құмарықтықтардың әлеуметтік-мәдени тұрмысының тым төмен екендігіне әбден көзіміз жетті. Оған Көкдөнен ауылдық аймақ әкімдігінің берген мына талдамасы анық дәлел бола алады. «Құмарық разъезінде 25 түтін бар. Онда жүзден сәл ғана асатын адам тұрып жатыр. Бастауыш мектепке 8 оқушы барады, оның өзі төрт сыныптық қана. Дәрігерлік амбулатория, дәрігер, пошта үйі, кітапхана, клуб атымен жоқ. Елді мекен аудан орталығынан 18, ауылдық округтен 7 шақырым қашықтықта орналасқан». 25 түтіннің небәрі оншақты сиыры, 238 қой-ешкісі, бес тауығы бар екен. Мұнда тағы не жоқ? Кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, техника, трактор, жүк көлігі, сауда орны жоқ. Жеке меншік иелерінің үш жеңіл автокөлігі бар. Бір су шығаратын мұнарасы бар екен. Оның өзі сағатымен, тәулігіне 2-3 сағатқа ғана ауыз су береді. Міне, бүгінгі ауылдың әлеуметтік ахуалы осындай. Барлық он төрт отбасының бір, не екі адамы №51 жол бөлімшесінде жұмыс істейтін теміржолшылар. Олардың айлық жалақылары 80 мың теңгеден кем емес. Албұған дейін «ПЧ-22» –де жолшы болып еңбек етіп, зейнетке шыққан Надежда Пахоменко мен оның ері Валентин Садовниковтың зейнетақысы тиісінше 25-69 мың теңгені құрайды. Надежда апайдың жасы биыл 84-те. Бұл ауылда мүгедектер де, қан қысымымен, буын ауруымен ауыратын зейнет жасындағы кісілер де бар екен. Құмарықта тұрып жатқандардың көпшілігі балаларының келешегін ойлап, бірі Таразға, енді біреуі Құланға, Луговой ауылына көшіп барып, пәтер жалдап тұрып жатса керек. Мәселен, Қанат Жұманов пен Манат Есеналиевтің отбасы жартылай Луговой ауылына көшіп барып, күнкөрісін күйттеуде. Мақсат Есеналиевтің шешесі дәрігерге мұқтаж болған соң, Құланда пәтер жалдап тұрып жатыр. Ал Алтынай Әлімбекова екі баласын Тараздағы Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернатқа бергенін айтады. Өткен қыста бұл ауылдың тұрғын-дары қалың қардан жақын елді мекендерге қатынай алмай қалыпты. Жолға тас төселмегендіктен ауылға баратын қазіргі соқпақпен жауын жауа қалса жеңіл көліктер жүре алмайды. Міне, Жамбыл мен Луговой темір жол бекеттері аралығындағы 316-шы шақырымдағы Құмарық разъезі тұрғындарының бүгінгі халі осындай. Бекетке медбике көлік табылса ғана барады. Ал, пошта тасушы бармайды. Әрине, салық жинаушылар күн құр-ғатпайтыны белгілі. Мал дәрігерлері де анда-санда ат ізін салады. Аудан әкімдігінен бұл мекенге әлі ешкім келмепті. Аудандық әлеуметтік бағ-дарламалар және жұмыспен қамту бөлімі қызметкерлерінің де қалтарыста жатқан елді мекенге барып, олардың жай-күйін білгені артық болмас еді деп ойлаймыз. Өйткені, ауыл әкімі Қ.Әбдіхалықов аудан әкімдігінің бюджеттік жоспарлау, экономика бөлі-мінің басшысы Айгүл Мөкенқызына бекетте тұратындардың күнкөріс минимумының қандай сатыда екенін анықтау үшін қатынас хат та жолдаған екен. Әкімдік ауыл тұрғындарына олардың ауылдарының «келешегі» бар ма, әлде жоқ па, ол туралы әлі тіс жарып дәнеңе деп жауап бермесе керек. Ұзынқұлақтан құмарықтағылардың өмір сүру деңгейі орташа екен, тіпті бай ауылдар қатарына жатқызуға да болады екен» дегенді естідік. Шынтуайтына келсек, құмарық-тағыларды Қосапанда тұратындармен теңестіруге болмайды. Бұлардың малы да аз, жайылымдық жері де жоқ. Көкдөнен әкімшілігінің оларға жақын болашақта жоғарыда аты аталған әлеуметтік нысандарды салып беруге қауқары жоқ. Сондықтан, аудан әкімдігі бұл күрделі мәселені облыс, республика деңгейіне дейін көтеріп, мемлекеттік бағдарламаларға сүйене отырып шешкені абзал. Бәлкім, сонда ғана құмарықтықтардың «жаңа үй» алуға деген талпыныстары оңды шешімін табады деп ойлаймыз.

Сейсен Қожеке, «Ақ жол».

Т. Рысқұлов ауданы.