Әлеумет

Оқырманға толы «отау»

Оқырманға толы «отау»

Облыстық зағиптар кітапханасы жылына екі мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетеді

Оның ішінде зағиптар – 435, нашар көретіндер – 616 болса, он бес жасқа дейінгі жеткіншектер (зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған облыстық «Болашақ» мектеп-интернатының тәрбиеленушілері) саны жүзден асып жығылады.

Аталмыш кітапхана қорындағы кітап саны бүгінде 29 мыңға жетіп отыр. Оның ішінде дыбыстандырылғандары да, бедерлі-нүктелі брайль әріптерімен жазылғандары да бар. Сондай-ақ, зағип жандардың кітап оқуын жеңілдететін 75 дана бедерлі графикалық әдістеме де оқырмандар игілігіне ұсынылуда. Мекеме қызметкерлері осылай өз оқырмандарының жанары жасығанмен, жаны бай болуына септесу үстінде. Мұнда, сондай-ақ, қазіргі заман талабына сай тифлоақпараттық кешен жұмыс істейді. Оған зағип оқырмандарға арналған Virdo-4 арнайы бағдарламасы енгізіліп, компьютерді оқытып, үйрету жұмыстары жүргізілуде. Брайль жазуларын оқып, жазуға баулитын «Зағип және компьютер», «Брайлист» үйірмелері биыл өз оқырмандарына «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында насихатталған ақын Ф.Оңғарсынова­ның «Дауа» кітабын, жазушылар О. Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным?», С. Мұратбековтің «Жусан исі», «Басында Үшқараның» повестері мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын» бедерлі-нүктелі шрифте жазып ұсынды. Кітапхана әдіскері Әлия Елтүзерова, тәжірибелі кітапхана қызметкерлері Гүлнар Сейітбаева, Нұржахан Керімбаева, Жанар Мотаева әр кезде де оқырмандары ортасында. Олардың бастамашылдық танытып, «Болашақ» мектеп-интернаты оқушылары үшін мектеп оқулықтарын брайль жазуы үлгісіне көшіріп беруі де игілікті іс болды. Арнайы бағдарлама бойынша бедерлі-нүктелі әріптермен басылған қазақ тіліндегі балаларға арналған халық ертегілерін баспадан шығару ісі де қолға алынған. Кітапхана, сондай-ақ, «Қазақ соқырлар қоғамының» құрылымдық бөлімшелері арқылы аудандардағы зағип оқырмандарды да арнайы әдебиеттермен қамтамасыз етіп отыр. – Айта берсе, мұнда тындырылған тірліктер көп-ақ. Мүмкіндігі шектеулі жандардың шын мәнінде де жан-жақты білім алатын басты құралына, жүрегіне, көзіне, өмірінің бөлінбес бөлшегіне айналуда, – дейді зағип және көзі нашар көретін жандарға арналған облыстық кітапхананың директоры Айгүл Қазқұлова.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Тараз қаласы.