- Advertisement -

Басталды!..

80

- Advertisement -

Жамбыл облысының 75 жылдығына арналған
облыстық «Театр kz» фестивалінің алғашқы күні

Аудандардағы театр өнері қандай халде? Дәлірек айтсақ, халық театрларының хал-ахуалы, жалпы жағдайы қалай? Осы сауалдарымыздың жауабын кешеден бері облысымыздың тоғыз ауданынан келген өнер ұжымдары өз қал-қадерінше тарқатуға тырысып жатыр. Жамбыл облысының 75 жылдығына орай ұйымдастырылған өнер додасының өтуіне облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Халық шығармашылық орталығы атсалысып отыр. 

Негізінен, уақыт талабына сай елеулі оқиғаларға құрылған шығармаларды сахналауды мақсат еткен фестиваль халық театрларының бір-бірімен тәжірибе алмасуларына мүмкіндік бермек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальге барлық аудандар белсенді атсалысуда. Облыс аудандарынан және Тараз қаласынан қатысып отырған 12 ұжым елімізге есімдері таныс, сондай-ақ, жергілікті драматургтердің де шығармаларын сахналамақ. Олардың арасында Дулат Исабековтің «Әпке», Баққожа Мұқайдың «Заманақыр», Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда», Маар Бажиевтің «Құдалар» пьесалары да бар.
Фестивальдің алғашқы күні сахнаға «Меркі» халық театры жазушы Әлдихан Қалдыбаевтың «Сәлім-Сәлима» драмасымен шықса, Жуалы аудандық «Мыңбұлақ» халық театрының ұжымы Жолтай Әлмашұлының «Тірі жан» пьесасын сахналады. Қуаныштысы сол, бұл фестиваль өңірде театр өнерінің алға басқанын аңғартты. Театр әртістерінің киімі, жүріс-тұрысы, сахнада өздерін еркін ұстауы, рөлдерді сомдаудағы шеберлігі, характерлерді беруі көпшіліктің ризашылығын туғызды. Бұл туралы бізге өнер ұжымдарының шығармашылық деңгейлерін анықтап, шеберлігін сараптаушы маманның бірі, облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Қуандық Қасымов өз пікірін білдірген еді. «Бұл екі қойылымнан қазіргі уақыттың болмысындағы дүниелерді көрдік. Дегенмен декорацияның жұтаңдығы көзге көрініп тұрды. Бұл мәселе бүгінде аудандағы халық театрларына ортақ мәселе болып отыр ғой. Оларда суретші жоқ, мамандар жетіспейді. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмысты жетілдіруге, әрі қарай жұмыс жасауға болады. Мені жас мамандардың аудандарға барып жұмыс жасай бастағандығы қуантады. Бүгін біз соның нәтижесін көріп тұрмыз. Жастар жағы керемет ойнап шықты. Әсіресе, қоғамның ащы шындығын көрсеткен «Тірі жан» қойылымынан актерлердің бойындағы кәсіби шеберлікті көрдік» дейді ол.
Театрсүйер қауымды қуантқан өнер додасы үш күнге созылмақ.

Гүлжан РАХМАН,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support