Саясат

Стратегия – ел ертеңін еңселетер сара жол

Стратегия – ел ертеңін еңселетер сара жол

Кеше елордада «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыруға байланысты «Қазақстан Республикасының халықаралық қауымдастықтағы рөлі» атты дөңгелек үстел болып өтті. Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған аталмыш шараға палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Төраға өз сөзінде еліміздің эко­номикалық әлеуеті мен оның жаһандық және аймақтық қауіп­сіздікті күшейтудегі зор үлесін жетекші халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары толық мойындап отырғандығын баса айтты. «Елбасы – ел Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев бастаған Қазақ­стан тарихи тұрғыдан алғанда қысқа мерзімде жүзжылдықтарға тең­десетін жолдан өтіп, қайта құрудың беймәлім болмысынан әлемдік саясаттың сахна тө­ріне көтерілді. Қазір Қазақ­стан дамудың жаңа сапасына аяқ басты, бүкіл елімізде жаппай жаңғырту жұмыстары қолға алынды, – деді Қасым-Жо­март Кемелұлы. – Сондықтан Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев елі­міз­дің алдына «Мәңгілік Ел» тұжы­рымдамасы негізінде одан әрі тұ­рақты даму міндетін қойып отыр. Аталған тұжырымдама бас­ты құн­дылықтарды қамтыса, ол – ха­лықтың бірлігі, қоғамның тұрақ­тылығы, ұлтаралық келісім, біздің мемлекетіміздің тұрақты дамуы».

Сенат Төрағасы дипло­ма­тия­лық корпусқа қаратып соңғы 13 жылда Қазақстан экономика өсімінің жоғары қарқынын ұс­тап келе жатқандығын және осы көрсеткіш бойынша әлемдегі лидерлердің біріне айналғанын, сондай-ақ, жаһандық дағдарысты сәтті еңсеріп, 2013 жылы 6 пайыздық экономикалық өсімге қол жеткізгенін ерекше атады. Ағымдағы жылы экономика өсімі 5 пайыз болса, ІЖӨ номиналды көрсеткіші 36 триллион теңгеге жетіп, елдің алтын-валюта қоры қазіргі кезде 105 миллиард долларды құрап отыр. Қ.Тоқаев еліміз «жасыл экономиканы» дамы­туға да ерекше көңіл бөліп, қор­ша­ған ортаны қорғаудағы әлемдік үрдістерге сәйкес 2050 жылда­ры энергияның 30 пайызын бала­малы көздерден алуды жоспар­лап отырғандығын атап өтті. Бұл тұрғыдан келгенде Астанада өтетін «Болашақ энергиясы» атты халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аталған нәтижелерге жетудің құралдарын айқындауға көмектесетініне се­нім білдірді. Қазақстан әлем­дік шикізат рыногындағы көш­бас­шылық шебін сақтап қалып, азық-түлік өндірісін арттыру мен жаһандық және аймақтық көлем­дегі хаб ретінде беки түспек. Се­нат Төрағасы еліміз 47 мемлекет­пен өзара инвестицияны көтер­мелеу және қорғау жөніндегі келі­сім­дерге қол қойғандығын тілге тиек ете келіп, тек өткен сессия барысында Парламент 48 халық­аралық келісімдерді ратификация­дан өткізсе, соның 20-сы  елдер арасындағы экономикалық байланыстарды тереңдету, сауда көлемін арттыру және өзара инвес­тицияны көтермелеу мен қорғауға қатысты екендігін жеткізді.

Бұл жерде айтарлықтай ин­вес­тициялық белсенділік танытқан 10 елге Президент Жарлығымен біржақты ретпен визасыз режим енгізілгендігі де ерекше аталды. Инвестиция деңгейін ІЖӨ-нің қазіргі 18 пайызынан 30 пайызға жеткізу міндеті қойылып отырса, Мемлекет басшысы Қазақстанға қосымша инвестиция тарту үшін бірегей, былайша айтқанда, теңдессіз шараларға бастамашы бол­ғаны мәлім.

Сондай-ақ, Төраға 2014 жыл­дың 12 маусымында қабыл­данған заң бойынша қазіргі бар жеңілдіктер мен преференцияларға қосымша корпоративтік және жер салығынан 10 жылға, жылжымайтын мүлік салығына 8 жылға босату, мемлекет тарапынан нысан қолданысқа енгеннен кейін инвестор жұмсаған шығынның 30 пайызы төленіп берілетінін де қаперге сала кетті. Белді халықаралық қаржы инс­титуттарымен – Халықаралық банк, ЕҚДБ, АДБ және ИДБ өзара ынтымақтастығының рөліне ерекше маңыз беріліп отыр. Қазақстанның сыртқы саясатын айтқанда, әлемнің өркениетті мемлекеттер қауымдастығында лайықты да берік орнын иемден­генін атап айтқан жөн. Бұл тұрғыдан келгенде, Сенат Төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың интеграциялық бастамаларын атай келіп, Қазақстанның көршілес елдермен достық қарым-қатынастар мен стратегиялық әріптестікті нығайтып келе жатқандығына ерекше назар аудартты.

ERA_2855+Бұдан кейін сөз алған еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстанның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен алдына бейбіт мақсаттар қойған, болашағына сенімді, халықаралық аренада жауапты әріптес ретінде танылған мемлекет құрып отырғанына тоқталды. Бұл ретте алдымен экономика, сосын барып саясат деген ұстанымның елдің экономикалық және саяси дамуын қапысыз қамтамасыз еткенін айтып, бүгінгі басқосудың парламентарийлер мен дипломаттар үшін пайдалы болатынына сенімін білдірді. Парламент Сенаты Төрағасының қолдауымен және тікелей өзінің қатысуымен өткізіліп отырған дөңгелек үстел басындағы жүздесудің тиімділігіне иек арта отыра, оның дипломатиялық корпус үшін маңыздылығына мән беріп, бұл тәрізді шараның әлі де жалғасын тапса нұр үстіне нұр болатынын айтты. Әрі қарай Ерлан Ыдырысов Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде жан-жақты қамтып өтілгеніндей, еліміз қазір «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру үстінде. Ал стратегия болса ел дамуының қай­нары, ескіліктен жаңа үрдіске шығу, «Мәңгілік Елге», тұрақты дамуға көшу, кемелденуді мақсат тұту. Өкінішке қарай, қазір әлемде көңіл ортайтатын кикілжің ошақтары туындап отыр, олардың арасында біздің елге географиялық тұрғыдан жақын елдер де бар. Сонымен қатар, тереңдеп кеткен Украинадағы дағдарыс, Ауғанстан болашағы сынды мәселелерді айналып өту мүмкін емес. Қазақстанға жақын жатқан осы елдегі тәуекелдерді есепке алмай қоя алмаймыз және Таяу Шығыстағы ахуал да халықаралық қауымдастықты алаңдатуда, деді.

Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саясаттағы жаңа ықтимал қауіп-қатерлерді еңсерудегі қимылдарына, Қазақ­станның халықаралық деңгейдегі көптеген мәселелерді шешудегі үлесіне тоқталған шешен әрі қарай еліміздің шартараппен және жақын көршілермен арадағы қарым-қатынастарының тереңдеп отырғанына, осының барлығы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы аса бір мән беретін игілікті іс екеніне екпін түсірді. Қазақстанның интеграциялық бағыттағы қимылына тоқталған шешен оның түпкі негізінің «Мәңгілік Ел» идеясымен астасып жатқанына сенімін жеткізді. Сонымен қатар, Елбасы ұсынған G-Global идеясының басты 5 қағидатына тоқталып өткен министр әрі қарайғы сөзінде халықаралық қоғамдастықтың ілгері дамуында осы қағидат­тар­дың қай-қайсының да маңыз­дылығына баса мән беру қажеттігіне тоқталды.

Бұдан кейін пікір алысу жүр­ді. Парламент палаталары депутаттарынан өзге, Астанадағы дипломатиялық корпус – шетелдік дипломатиялық миссиялардың және Қазақстан Республикасында тіркелген халықаралық ұйымдар өкілдерінің басшылары өз ойларын ортаға салды. Бұл жерде тақырыпты талқылауға Ресейдің Қазақстандағы елшісі, дипломатиялық корпустың дуайені М.Бочарников, Еу­ро­палық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы А.Бушез, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қа­зақстандағы Тұрақты үйлестіру­шісі міндетін атқарушы, UNFPA субаймақтық кеңсесінің директоры Н.Ботев, Беларусьтің елшісі А.Ничкасов, Францияның елшісі Ф.Етьен, Пәкістанның елшісі Ш.А.Мукадам, Нидерланд елшісі Х.Дриссер, Ұлыбритания елшісі К.Браун, АҚШ істері бойынша уақытша сенімді өкіл Дж.Ордвей қатысқанын айта кеткен ләзім. Отырысқа модераторлық етіп отырған Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков шараның палата Төрағасының Астанадағы дипломатиялық корпуспен арнайы кездесуі ретінде өткізіліп отырғандығын және оның барлық қатысушыларға халықаралық қатынастардағы өзекті мәселелер бойынша ашық пікір алмасуға мүмкіндік беретінін алға тартты.

ERA_2894+Алдымен сөз алған Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочар­ников стратегияда елдің сыртқы саясаты тұрлаулы, ашық та ұлт­тық мүддені ілгерілетуге, соны­мен қатар, жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталғандығын алға тартты. Қазақ­станның Бүкіләлемдік сауда ұйы­мына мүше болуы маңызына екпін берген елші еліміздің Еура­зиялық экономикалық одақты құрудағы рөліне де тоқталып өтті. Инвестиция тарту жағынан алда келе жатқан Қазақстан 2015 жылдың 1 қаңта­­­рынан жұмыс істей бастайтын Еура­зиялық экономикалық одақтың тиім­ділігіне өзіндік үлесін қосатын болады. Ал аталған эконо­микалық одақ елдердің өз мақсат­тарын жүзеге асыруына өзіндік септігін тигізуі тиіс.

Бұдан кейін сөз алған Еуро­палық одақ өкілдігінің басшы­сы Аурелия Бушез ханым өз сө­зінде «Қазақстан-2050» Стра­тегия­сы­ның ел дамуы үшін қаншалықты мағынасы барлығына назар аудара келе, үш басты маңызды мәселеге тоқталды. Біріншісі – оның кең ауқымдылығы, басымдықтардың анық көрсетілуі, институттық, саяси реформалар мен экономика арасындағы синергияның қажеттілігінің байыпталуы. Қазақстан барлық саланың дұрыс жолмен дамуына мән беруде. Бұл – өте маңызды. Әрине, ол бәсекеге қабілетті ел болуға, үздік отыздыққа енуге жол ашатын іс дей келіп, Еуроодақпен арадағы қарым-қатынастар төңірегіндегі ойымен бөлісті. «Жақында ғана екі арадағы келіссөздердің соңғы раундын өткізіп, кең ауқымда ынтымақтастықты дамытуға уағдаластық. Келіссөздер негізі жылдар бойына қаланып, ол Қазақстанның Еуропаға жол бағытымен өрбіді. Экономикалық қарым-қатынастар, тұрақты даму, инвестициялар тарту, адамдар арасындағы байланыс, қоғамдардың бір-бірімен ықпалдасуы сынды мәселелер қамтылған бұл жұмыстар қай жаққа да тиімді», деді ол.

«Тоқталғым келген екінші мәселе – стратегияның Қазақ­­станның сапалық дамуына көңіл бөлуі. Қазірдің өзінде көрсеткіштер көңіл тоғайтарлықтай. Халықтың тұрмысының жақсаруы, озық елдердің қатарына енудегі қимылдар, қазақстандықтардың осыдан 20 жыл бұрынғы өмірі мен бүгінгі өзгерістер, орта және шағын бизнес тынысының ашылып, дамуы, биліктің орта­лықсыздануы секілді мәселелерде алға басу анық байқалады. Ел азаматтарының шетелдерге шығуында визалық жеңілдіктер бар. Үшіншіден, стратегия елді тұрақтылыққа бастап отыр. Бұл Қазақстанды тұрақтылықты экспорттай алатын ел дәрежесіне көтерді. Қазақстандағы тұрақ­тылық, этносаралық келісім мен конфессияаралық түсіністік өзге елдермен арадағы байланыстар дамуында да маңызды факторлардың бірі болып отыр. Бұл жағдайдың аймақта ғана емес, одан тыс жерлерде де елдің басты активіне жазылатыны анық», – деді А.Бушез.

UNFPA субаймақтық кеңсе­сінің директоры Николай Ботев Қазақстан 22 жыл бойы БҰҰ-ның белсенді әрі конструктивті мүшесі болып келе жатқандығын жеткізді. Бұл ретте Қазақстан ұлттық мүдделерін сақтай отырып, өзге қатысушы елдермен де теңгерімді ұстанымын сақтап келе жатқандығына назар аудартты. Ал Беларусьтің елшісі Анатолий Ничкасов «Қазақстан-2050» Стратегиясы Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге, аймақтың ұзақ мерзімді дамуын айқындап берген құжат екендігін атап көрсетті. Елшінің пайымдауынша, құжат Қазақстанның алдында тұрған 10 сын-қатерді де нақты белгілеп беріп отыр.

Жалпы, пікірсайыс барысында дөңгелек үстелге қатысушылар «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудағы бір жарым жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылғандығына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, стратегиядағы қойылған міндет­терге сәйкес тиісті заңнамалық актілер қабылданып, қоғам өмірінің көптеген салаларында арнайы бағдарламалар бекітілген.

Сөз алған елшілер өз сөзде­рінде, сонымен қатар, әлем­дегі жалғасып келе жатқан эко­номикалық дағдарыс пен сая­си тұрақсыздық мәселелері бедерінде Қазақстанның дамуы ерекшеліктерін де тілге тиек етті. Әсіресе, мемлекеттің одан әрі даму бағытын айқындауда жаңа стратегия ерекше құнды болып отырғандығы айрықша айтылды.