Саясат

Халықтың жағдайы нашарламауы тиіс

Халықтың жағдайы нашарламауы тиіс

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Пре­мьер-Министр Кәрім Мәсімовті қабыл­дады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

К.Мәсімов Мемлекет басшысының тап­сыр­маларының орындалу барысы, Үкімет жұмысы мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы баяндады.

Қазақстан Президенті Ресей, Қытай және басқа елдердің басшыларымен Душанбеде өт­кен келіссөздер нәтижесінде экономикалық қа­рым-қатынасты жақсартуға бағытталған бір­қатар уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты.

– Әлемдік нарықта біздің негізгі шикіза­тымыз – мұнай мен газ бағасының төмендеуі байқалуда. Металлургиялық өнеркәсіпте, мұнай өндіруде және кейбір өнімдердің экспортында құлдырау бар, сондай-ақ, таяу көршілерімізбен арада сауда төмендеген. Мұның бәрі әлемдік экономикалық үде­ріс­тердің ықпалына байланысты. Соған қара­мастан, біз экономикалық көрсеткіштердің төмендеуіне жол бермей, биылғы жылды тиісті деңгейде аяқтауға тиіспіз. Келесі жылдың бюджетін Қазақстанның барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатындай етіп түзуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қандай жағдайда болса да халықтың әлеуметтік ахуалы нашарламауы тиістігіне назар аударды.

– Мемлекеттің зейнетақы, еңбекақы, сыйақы бойынша барлық төлемдері біз белгілеген деңгейде қалуы керек. Бұл оңай міндет емес, бірақ ол шешілуі тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкі­меттің әлемдік нарықтардың тиісті да­му бағыттарына және ықтимал дағдарыс жағ­дайларына лайықталған әртүрлі сценарийлері болғаны жөн екенін айтты.

– Барлық сценарийлер біздің қандай жағдайда не істеуіміз керектігі жөніндегі есептермен және нақты жоспарлармен бекітілген болуға тиіс. Біз дағдарысқа қарсы тиімді жоспарды іске асырып, 2007-2009 жылдардағы дағдарысты өткердік. Әлемдік тәжірибемен қатар, сол тәжірибені де ескеру керек. Біз индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іске қосқан нысандардың барлығы толық қуатында жұмыс істеуі қажет, шағын және орта бизнес бюджеттің толығуы және жұмыс орындары жөніндегі өз жауапкершілігін сезінуі керек, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде К.Мәсімов жағдайдың түрлі сце­нарийде өрбуінің алдын алу үшін Үкіметте Ұлт­тық банкпен және облыс әкімдерімен бір­лескен арнайы жұмыс тобы құрылғанын айтты.

– Осы жылы барлық әлеуметтік міндеттер толықтай орындалады. 2015 жылдың бюджеті де қалыпты жүзеге аса­тындай болып жасақталды. Сіздің тапсыр­маңызға сәйкес, жағдайға әрекет етудің түрлі сценарийлері әзірленетін болады. Сіз­ді сыртқы нарықта қандай жағдай болса да еліміздегі ахуал нашарламайтындығына сендіргім келеді, – деді Премьер-Министр.