Жидебайдан жүлделі оралды
Жидебайдан жүлделі оралды
Ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаев оқулары биыл он бесінші мәрте өткізіліп отыр. Жидебайда ұйымдастырылған дәстүрлі додаға облысымыздан үздік шыққан жас таланттар қатысып, жүлделі оралды. Үш кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» бөлімі бойынша Меркі ауданындағы №39 мектеп-гимназиясының оқушысы Назерке Бақтыгерей 1-орынды иеленді. Ол Абайдың үш жүз өлеңін, екі поэмасын жатқа біледі екен. «Көңілім әнді ұғады» деп аталатын екінші бөлімде өнер көрсеткен қазақ түрік лицейінің оқушысы Мәрлен Қосақов үшінші орынды қанжығаға байлады. Ал Абайға арнау өлеңдерін оқыған жас ақындар сынында облыс намысын қорғаған Ерсін Елемес еліміздің Білім және ғылым министрлігінің грамотасымен марапатталып, арнайы сыйлыққа ие болды. Ол «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» кезеңінде сынға түсті. «Біздің өңірдің намысын қорғап жүрген білім алушылар жылда жоғары нәтиже көрсетіп келеді» дейді ҚР Білім беру ісінің үздігі Қаншайым Иманәлиева оқушылардың дайындығының қалыпты деңгейде болғанын сөз етіп.
Табиғат Абаилдаев,
«Ақ жол».