Экономика

Жолың болсын, жолаушы!

Жолың болсын, жолаушы!

Қордай асуындағы  80 шақырым айналма жол пайдалануға берілді

«Ұлы Жібек жолын» бес ғасырдан кейін қайта тірілтіп, Батыс пен Шығысты жалғастыратын жаңа сауда магистралін салу Елбасы өзі ұсынған іргелі жоба. Ресейдегі Санкт-Петербургтен Қытайдың Чженчжоу Ляньюньган қаласына дейінгі 8445 километрге созылған алып дәліздің үштен бір бөлігі, яғни, 2787 шақырымы (оның 2452 шақырымы жаңадан салынуда) Қазақстан аумағымен Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының жерін көктей өтеді. Мамандардың болжауынша бұл дәліз толық іске қосылғанда Шығыс және Орталық Азия, Ресей және Еуропа елдері арасындағы жүк тасымалының шамамен сексен пайызы Қазақстан арқылы өтетін болады.

«Ғасыр құрылысы» атанып отырған автобанның 495 шақырымы біздің облыстың аумағымен өтеді. Күні кешеге дейін оның құрылысы аяқталған 332 шақырымы пайдаланылып келген болса, кеше Қордай асуын айналып өтетін 80 шақырым бөлігі де іске қосылды. Сөйтіп, оңтүстіктен Алматыға бағыт түзеген жол бұрынғыға қарағанда кемінде елу шақырымға қысқарып, онымен жүргенде едәуір уақыт та үнемделмекші. Өткен жылы ғана пайдалануға берілген «Ойтал – Қайнар» жолы енді Қордай ауылына қарай бұрылмастан тіке тартып, Кенен ауылының тұсынан шығады. Бұл автотрасса II техникалық санатқа сәйкес екі жүру жолағымен салынып, пайдалануға беріліп отыр. Жолдың бұл телімінің құрылысын түркиялық мердігер «Дженгиз Иншаат» АҚ 2011 жылдың қыркүйек айында бастаған болатын. Жобалық-сметалық құны 18 миллиард 290 миллион теңгеге бағаланған жолдың 69,5 шақырымы 25 сантиметр қалыңдықтағы бетоннан құйылған, Шоқпар жоталарымен өтетін 10,5 шақырымына қиыршық тас қосылған асфальт төселген. Жолдың өн бойында жергілікті тұрғындардың техникасы мен малын өткізуге арналған үш көпір, сегіз жол асты өткелдері жасалған. Енді осы жолды бірінші санатқа жеткізетін қалған екі жүру жолағының құрылысын жалғастыруға қаржы қарастырылуда. Кеше Қайнар ауылы тұсындағы жол айрығында жаңа жол бөлігінің ашылуына арналған салтанат өтті. Оған еліміздің Инвестиция және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков, облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық және аудандық сала басшылары қатысты. Министрліктің өкілі Амангелді Әуесқанұлы бүгін пайдалануға беріліп отырған жол әлі жұмыстың жартысы екенін атап көрсетті. – Парламент депутаттары мен облыс әкімдігінің ұсынысымен жол құрылысының екінші кезегін қаржыландыру мәселесі шешімін тауып, жұмыстар жалғастырылуда, – деді ол. – Бұл жол бөлігі де келесі жылдың соңына дейін төрт жолақты бірінші санатқа жеткізілетін болады. Сондықтан, екінші жолақта құрылыс жұмыстарының жалғасып жатқанын ескере отырып, қауіпсіздік мақсатында жол қозғалысы уақытша бір бағытта ғана ашылып отыр. Яғни, «Алматы – Тараз» бағыты жаңа жолмен, ал «Тараз – Алматы» бағыты бұрынғысынша ескі бағытпен Қордай арқылы жүргізіледі. Ал автобанның құрылысы толығымен келесі жылдың соңында аяқталады. Б. Орынбеков қысқаша құттықтау сөз сөйлеп, жолаушыларға жол болсын айтты. Сол-ақ екен, жол полициясы қызметкерлері белгі беріп, «Тараз-Алматы» және «Алматы-Тараз» бағытындағы ауыр жүк көліктері, автобустар мен жеңіл көліктер көлденең керілген көк түсті лентаны үзіп, жаңа жолмен сапарын жалғастыра бастады. Дыбыс күшейткіштен әуелеп тұрған музыка ырғағымен үндесе: «Жолың болсын, жолаушы!», «Бабалар жолы – елдіктің елшісі», «Жаңа жол құтты болсын, ағайын!» деген құттықтау тілектер саңқылдап естіліп тұрды.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Суретті түсірген Алтынбек Қартабай