ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ол мемлекеттіктің берік ұстыны
ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ол мемлекеттіктің берік ұстыны
Кез-келген мемлекет пен қоғамның өмір сүруі оның біртұтастығының сақталуына тәуелді. Бәлкім, сондықтан да болар, Республика Президенті тілін, тарихын, мәдениеті мен дәстүрін қадірлей білген халықтың ғана толыққанды ұлт бола алатындығын, ал қоғамда салт-дәстүр үрдістерін сақтаудың маңызды институты – отбасы болып табылатындығын, соған байланысты, мемлекеттікті нығайтудың маңызды факторы ретінде, ең алдымен дәстүрлі отбасылық құндылықтардың қадіріне жету қажеттігін атап көрсеткен-ді. Міне, осынау маңызды міндеттің үдесінен шығу үшін, әуелі тартымды отбасы үлгісін қалыптастыруға жағдай туғызу қажет. Өйткені, қай уақытта да болсын, қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымы ауысқанымен, отбасы тұрақты түрде оның арқау-негізі болып қала беретіндігі белгілі. Осыны ескерген Елбасы «Отбасылық құндылықтарды, көпбалалы ата-ана болуды насихаттау — бұл біздің мемлекетіміздің ең басты міндеттерінің бірі», — деп өркениеттілікке қарай көштің бетін түзеген қоғамымыздың алдында тұрған басты басымдықтарды айқындап берді. Өткен жылы ғана Мемлекет басшысының Жарлығымен қабылданған Отбасы күні де мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға отбасылық құндылықтар мен некенің маңыздылығын насихаттау бойынша жаңа міндеттер жүктеп, соның негізінде біздің облыста да іс-шаралар ауқымы белгіленді әрі жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мысалы, ағымдағы жылдың 28 наурызында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың Тұңғыш Президент залында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен және облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы – демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлесіп, «Қоғамда рухани-адамгершілік тәрбие беру және отбасылық құндылықтарды насихаттау: тәжірибе және ынтымақтастық перспективалары» тақырыбы бойынша республикалық конференция ұйымдастырып өткізді. Облыстық комиссия «Отбасым» ұлттық отбасылық құндылықтар орталығы» республикалық қоғамдық ұйымының бастамасын қолдай отырып, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан осы орталықтың өңірлік филиалының ашылуына ұйытқы болды.
Үстіміздегі жылдың мамыр айында Халықаралық отбасы күніне орай «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы облыстық турының жеңімпаздары анықталып, марапаттау рәсімі өтті. Мерейлі отбасылар көшін «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалінің иегері Толыбай Ережепбаев және танымал күйші-сазгер, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Аман Малдыбаевтың әулеті бастады. Сондай-ақ, өткен кезең аралығында аумақтық комиссиялардың ұйытқы болуымен отбасындағы гендерлік теңдікке қол жеткізу, отбасын нығайту және отбасындағы тәрбиенің рөлін күшейту, яғни, отбасы институты мен ана-бала рөлінің маңызы, демографиялық ахуалдың жай-жапсары, ұрпақ тәрбиесі, әйелдер тақырыбы сияқты өзекті мәселелердің де жұртшылық арасында кеңінен насихатталып отырғандығын айта кеткен жөн. Бұл ретте, электораттың қатысуымен өтетін көпшілік шараларының сан алуан форматтары тиімді пайдаланылуда. Негізі, қандай жағдайда да болмасын, бірінші кезектегі мәселелер — Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың айтқанындай жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты ретінде ана мен баланы қорғауға негізделген қоғамдық құндылықтарды, тарихи дәстүр мен мәдениетті сақтау, сондай-ақ, қоғамның танымын кеңейту, жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу болып табылады. Осы орайда, күн тәртібіндегі мәселелердің басым бөлігін қазақстандық отбасы мәртебесін көтеру мен нығайту, көп ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық дәстүр мен құндылықтарға қолдау көрсету арқылы шешуге болатындығы мәлім. Елбасының Жарлығымен өткізіліп отырған Отбасы күні мерекесі қарсаңында және мереке күні ұйымдастырылған іс-шаралар ауқымы осынау келелі міндеттің шешімін табудағы бастау қадамдар ғана. Әрі оның алдағы уақытта да сабақтастығын тауып, діттелінген нәтижеге қол жеткізілетін сәтті жақындата түсері анық.
Сара Мәдиева,облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы – демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы.