Алтын бесiк
Алтын бесiк
Бүгінде тәуелсіздік пен еркіндіктің арқасында қазақстандықтардың адымы ұзарған заман ғой. Кешегі кеңестік кезеңдегідей құзырлы органдардың рұқсатын күтіп жатпайсың. Жағдайың келіп, уақытың жетіп жатса, демалу, емделу немесе саяхаттау үшін көңілің қалаған елге тарта бер.Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Мен де азды-көпті біраз елдің тұзының дәмін таттым. Әрине, жұмыр жердің бетінде қызықтыратын да, таңдандыратын да, жан дүниеңді байытатын да елдер мен жерлер аз емес. Алайда, қайда жүрсең де жүрегіңе ерекше жақын, жаныңа өзгеше ыстық бір жер тұрады. Ол – сенің алтын бесік туған жерің. Мен үшін ол жер – бүгінде жыр алыбының есімімен аталатын Жамбыл облысы мен оның көне де қасиетті Шу топырағы. Мен осы өңірде дүниеге келдім. Шу қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектепте орта білім алдым. Мектепте оқып жүріп, жазғы демалыс кездерінде шаруашылықта жұмыс істеп, алғаш рет еңбектің дәмін таттым. Сөйтіп жүріп, өз қатарластарым сияқты туған жерімді тереңірек танып-білуге, елдің, Отанның қадір-қасиетін сезіне түсуге тырыстым. Менің жаныма Шу өңірінің бала кезден көріп өскен сексеуілді құмы да, басынан көне тарихтың талай зобалаңын өткерген жазық даласы да, қыстағы ызғарлы суығы да, жаздағы аптабы да, жаны жайсаң, еңбеккер, ақжарқын адамдары да – бәрі-бәрі де ерекше ыстық. Алайда, менің мектеп бітіріп, жоғары оқу орнын тәмамдап, маман болып қалыптасқаннан кейінгі еңбек жолым туған жерімнен өзге өңірлерде қалыптасты. Есейген шақтағы өмірімнің көп жылдары аяулы Алматыда, комсомол, партия жұмысында және Президент Әкімшілігінде қызметте өтті. Елордамыз Ақмолаға ауысқаннан кейінгі тіршілік баяны бүгінде жаңа елордамыз Астанада жалғасын табуда. Бірақ мен атам мен әжем өмір сүріп, мәңгілік мекенін тапқан, аяулы әкем мен анам бүкіл саналы ғұмырын өткерген, бауырларым дүниеге келіп, өмірдегі өз жолдарын айқындаған, өзім бақытты балалық шағымды бастан кешкен Шу өңірімен байланысымды үзген емеспін. Жас кезімде Шуға еңбек демалысы кезінде, мерекелер тұсында, қолым қалт еткен сәттерде барып жүрдім. Қызметтік іссапармен барған кездерім де болды. Әрине, бұдан да көбірек әрі жиірек баратын жөнім де бар шығар. Алайда мен еңбек жолым ұдайы қызығы мен қиындығы мол мемлекеттік қызметте үзіліссіз жалғасып келе жатқан жанмын. Жылда бір рет келетін, оның өзі де ұдайы толықтай өзіңе бұйыра бермейтін еңбек демалысы тұсы демесең, басқа кезде мойын бұрып, алысқа ұзап шығуға мүмкіндік бола бермейді. Бірақ мен туған өлкемнің тыныс-тіршілігіне әрдайым зер салып, назарда ұстап жүремін. Мектепте оқып жүрген кезімде Шу ауданының сол кездегі басшысы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жапар Түйебековтің, сондай-ақ, аудандық комсомол комитеттерінің бірінші хатшылары Болат Айманбетов, Амангелді Қалынғараев сияқты азаматтардың назарына ілігіп, жылы сөздерін естіп, басымнан сипаған ағалық мейірлерін көрдім. Кейіннен іссапарларға барған кезімде немесе республикалық жиындарда Шу ауданының Амангелді Карентаев, Болат Рысмендиев, Бағлан Қарашолақов, Ілияс Тортаев, Қожақан Жабағиев, Бақытжан Нұркенов сияқты басшыларымен кездесіп, сұхбаттасып, аудандағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы хабардар болып жүрдім. Осылардың қай-қайсысы да аталған өңірдің гүлденіп, көркеюіне бар ұйымдастырушылық қабілеті мен қажыр-қайратын жұмсап, еңбектерін сіңірген білімді де іскер, парасатты жандар екенін білемін. Жамбыл облысының қазіргідей көркейіп кемелденуіне Өмірбек Байгелді, Амалбек Тшанов, Сарыбай Қалмырзаев, Серік Үмбетов, Бөрібай Жексембин, Қанат Бозымбаев, Кәрім Көкірекбаев сияқты басшылардың да көп еңбек сіңіргендігінен жақсы хабардармын. Облыс өмірінен жан-жақты хабардар болып отыруыма осы азаматтармен жиі жүздесіп, облыстың бүгіні мен болашағы туралы кеңінен пікір алысып жүруіміздің де көп ықпалы болды деп есептеймін. Осы өңірде туып-өсіп, кейіннен халқымыздың үлкен тұлғаларына айналған жерлестерім – кешегі өткен қайраткер ағам Қаратай Тұрысовпен, сондай-ақ, өздерінің қаламгерлік қарымымен, ғалымдық дарынымен әрі зиялылығымен қазаққа кеңінен танылған Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдасбеков сияқты ақиық азаматтармен сыйластығымды өмірдегі зор рухани байлығым деп санаймын. Өйткені, олармен сұхбаттас болу, ғибратты әңгімелерін тыңдау, тағлымы мол кітаптарын оқудың өзі бір ғанибет емес пе! Олар – халқымызға көне Тараз топырағы тарту еткен, өсе келе бүкіл ұлтымыздың мақтанышына айналған тұлғалар. Әрине, Шу ауданы да, тұтастай Жамбыл облысы да кешегі тәуелсіздіктің таңғы шағында бүкіл еліміз сияқты үлкен қиындықтарды бастан өткерді. Бірақ қоғамдық формацияның өзгеруі кезінде болатын қажетті әрі күрделі реформаларды жүзеге асырудың нәтижесінде ол бүгінде еліміздің табысты өсіп-өркендеп келе жатқан өңірлерінің біріне айналып отыр. Мен табиғаты көркем, жері тарихи ескерткіштерге бай, климаты тіршілік үшін қолайлы әрі тоғыз жолдың торабына, ежелгі Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан Жамбыл облысының келешегі кемел болатынына сенемін. Бүгінде еңсесін тіктеп келе жатқан өндіріс саласын айтпағанның өзінде, бұл облыстың туризмді дамытудағы келешегі де көп үміт күттіреді. Соңғы жылдарда шағын және орта бизнестің кеңінен қанат жаюы, облыс орталығы Тараз қаласынан бастап, барлық елді мекендердің де өңіне қан жүгіре бастауы сол үмітімізді үкілендіре түседі. Жолым түскен сайын облыс орталығы мен ауылдық елді мекендердегі оң өзгерістерді көргенде қуанамын. Жамбыл облысы – халқымыздың ана тілі мен салт-дәстүрі жақсы сақталған, есімдері елімізге кеңінен танымал талай-талай өнерпаздар мен дарын иелері шыққан өлке, ән менен жырдың мекені. Әрине, осындай өлкеде өмірге келіп, ер жетудің өзі бір бақыт, зор мақтаныш. Облысқа жолым түскен сайын мүмкіндігінше Шу қаласындағы өзім оқыған мектепке барып тұрамын. Осы мектепте оқыған азамат болған соң, әрине, қолдан келер азды-көпті көмегімізді көрсеткен кездеріміз де болды. Бірге оқыған достарымды ұйымдастырып, мектептің ауласын абаттандыруға, материалдық базасын жақсартуға қол ұшын тигіздік. Өзімнен кейінгі буынның ой-өрісі, дүниетанымы кең болып өссін деген ниетпен мектеп кітапханасына біраз кітаптар сыйладық. Сондай-ақ, әр екі жыл сайын Астанаға мектептің озат оқушыларының саяхатын ұйымдастырып, олардың келешекте жақсы маман, еліміздің үлгілі азаматтары болып шығуына қызығушылықтарын оятуға үлесімді қостым. Өйткені, балалардың жас кезінде алған әсерлері ұмытылмайды. Олар Астанаға жасаған саяхаттары кезінде Елордамыздың көрікті орындарын аралап, болашақта осында білім алуға, қызмет атқаруға талпынады деп ойлаймын. Бірер күн қаланы аралап болған соң пойызбен Таразға аттанардағы шәкірттердің жүрек толқыныстары мен алғыс сезімдерін өз көзімізбен көргенде, еңбегіміз еш кетпей, өзіміздің аса бір игілікті іс бітіргенімізді сезіндік. Сондай-ақ, Шу ауданы бір топ ардагерлерінің Астанаға сапарын ұйымдастырудың да сәті түсті. Арқа төсіндегі әсем астананы, онда қайнап жатқан жұмыстарды көрген ақсақалдар Елбасымыздың тарихи ұлы шешімінің маңызына көздерін жеткізіп, ақ баталарын беріп аттанды. Әрине, жүрегіміз соғып тұрғанда туған жерге деген махаббатымыз бен құрметіміз ешқашан солғын тартпақ емес.
Астана.
Редакциядан: Облыс мерейтойы қарсаңында осы өңірден өскен белгілі қайраткерлердің мақаласын ұйымдастыруды мойнымызға алған соң Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков ағамен хабарласуды ойлағанбыз. Телефонды Әбдімүтәл атты әріптес ағамыз көтерді. Шаруамызды айтып, Махаңның туып-өскен топырағында облыстың мерейтойына байланысты түрлі іс-шаралар қолға алынып жатқанын, соның бірі – осы өңірден шыққан белгілі тұлғалардың толғаныстарынан тұратын кітап шығару екенін жеткіздік. Елбасы кеңсесінің әдептілік мектебінен өткен Әбекең «өтініштеріңізді жеткізейін» деді аса сыпайылықпен. Міне, мына мақала, сол өтініштің жемісі құрметті оқырман. Бұл - Елбасының жанында жүрген беделді басшының туған жер дегенде ет-бауыры елжіреп тұратынын білдіреді. Мақаланы өзі жазып, оның әрбір сөзіндегі жүкті өз жүрегінен өткізуі де өзгемізге үйренерлік өнеге деп білеміз. Сондықтан «Ақ жол» газетінің оқырмандарын жаңа авторымен құттықтап қоюды жөн санадық. Астана мен Ауыл арасында Сіз қуана қабылдайтын жағымды жаңалықтар көбейе берсін, Махмұт аға!