Әлеумет

Әке көрген оқ жонар...

Әке көрген оқ жонар...

«Отан отбасынан басталады» дегендей, еліміздің өсіп-өркендеуіне Отанымыздағы үлгілі  отбасылардың  қосып отырған үлесі орасан зор.  Осындай өнегелі отбасыларды кеңінен насихаттау мақсатында биыл елімізде тұңғыш рет «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылғаны белгілі. Тікелей Елбасының тапсырмасымен қолға алынған  байқау талай жанұяға ізгілік нұрын шашты, өнегелі өрнегін қалдырды. Осы байқаудың облыстық кезеңінде Тараз қаласындағы Ережеповтер отбасы топ жарып, бірінші орынды иеленгені белгілі. 

«Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» дейді дана қазақ. Аталы сөзде айшықталғандай, біз Отбасы күні мерекесі аясында мерейлі отбасының жарасымды тұрмысы, өнегелі өрісі туралы сөз қозғауды жөн көрдік. Отағасы Толыбай Ережепов өрт сөндіру саласының ардагері. 1962 жылдың қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Шақпақ баба ауылында өмірге келген ол небәрі екі жасында әкеден айырылыпты. Тағдыр тауқыметі анасы үшін оңайға соқпады. Екі ұл, бір қызымен қалған аяулы ана Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы төркініне келіп, паналайды. Міне, сол кезеңдерден бала Толыбай нағашыларының тәрбиесінде өсті. «Жігіттің жақсысы нағашыдан» дегендей, одан жаман болған жоқ. Онжылдық мектепті ойдағыдай бітіріп, кеңшар жұмысына араласты. Кейін әскерге шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келді.

– Әскер қатарынан оралған соң тұрмыстық жағдайға байланысты еңбекке араласуыма тура келді. Тараз қаласына келіп, былғары өңдеу комбинатына жұмысқа орналастым. Мұнда небәрі 7-8 ай еңбек еттім. Сонда да болса кәсіпорындағы комсомол комитеті менің еңбегімді бағалап, ішкі істер қызметіне жолдама берді, – дейді Толыбай аға өткен күндерді ой елегінен өткізіп. Міне, осы жолдама оның өмірдегі жолын ашқандай әсер қалдырды. Бұл 1983 жыл болатын. Осылайша, жалындап тұрған жас жігіттің ішкі істер қызметінің өрт сөндіру саласындағы еңбек жолы басталып та кетті. «Дарақ бір жерден көгереді» дейді халық даналығы. Толыбай да Тараз қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше бастығы лауазымында 24 жыл бойы табан аудармай қызмет атқарды. Өртке қарсы қызмет саласындағы ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты аталып өтті де. І,ІІ,ІІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталуы осы сөзіміздің дәлелі. Қашанда ашық мінезімен, шыншыл қасиетімен ерекшеніп жүретін Т. Ережеповті әріптестері айрықша құрмет тұтады. Өзі де қызметтестері десе тік тұрады. Бүгінде ол талай жыл тер төккен өрт сөндіру саласын үнемі аузынан тастамайды. Енді ше, осы салада еңбек ете жүріп, өсті, өнді. Елдің алғысына кенелді. Жас шаңырақтың негізін қалап, перзент сүйді. Бүгінде жас отаудың керегесі кеңейіп, босағасы нығайған. Үлкен еңбек жолынан өткен аяулы жары Раушан екеуі үш ұл тәрбиелеп өсіріп, қызығын көруде. Әріптестері құрмет тұтқан Толыбай өз ұлдарын жастайынан қатаң тәртіп пен батылдыққа баулып, бірінші кезекте ел қамын, мемлекет тұтастығын ойлайтын өжет те ержүрек азамат болуға шыңдады. Ер жете келе ат жалын тартқан ұлдары Ілияс пен Елжан әкенің жарқын жолын қуып, еліне қорған болар әскери қызметті таңдады. Қазір тұңғышы Ілияс Талас ауданы, Қаратау қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл басшысы қызметін абыроймен атқаруда. Екінші ұлы Елжан қалалық «Өрт сөндіру және азаматтық қорғаныс» мекемесінде бас маман. Мектепті биыл бітірген шаңырақтың кенжесі Жанболат Ұлттық бірыңғай тестілеуден 103 балл жинап, әкесінің және ағаларының жолымен Көкшетау техникалық институтына оқуға түсті. Ол да әскери салада еңбек етуге белді бекем буып отыр. «Әке көрген оқ жонар» деген осы болса керек!

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».