Әлеумет

Ұрпақты ұшпаққа шығаратын

Ұрпақты ұшпаққа шығаратын

Ұлттық тәрбие

Мемлекет көптеген отбасылардан құралған құрылым болса, отбасы мәселелері әке-ананың, дана халқымыздың дәстүрлі рухани дүниетанымымен ұштасып жатыр. Көп қиындық көріп даналыққа жеткен, көпұлтты, көпконфессиялы қазақ елі 20 жылда Елбасымыздың бірлік пен сабырлыққа негізделген дана саясаты негізінде рухы биік, өрісі кең, қуатты, әлем таныған мемлекетке айналды. Дамыған отыз елдің қатарына қосылу дегеніміз, әрбір отбасының мәдени, әлеуметтік, экономикалық жағдайы өте жоғары жағдайда болуы қажет деген сөз. Осы орайда Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» Стратегиясында: «Бізге жергілікті деңгейде де отбасын, әйелдің жүкті кезін және балаларды тәрбиелеуді қолдаудың жаңа жолдарын табу керек. Неке мен отбасы институтын нығайтудың жолдарын мұқият талдау, жалғыз басты аналар проблемасын шешу керек. Егер біз адамгершілігі жоғары қоғам болғымыз келсе, жұбайлардың бір-бірінің алдындағы, ең бастысы, балаларының алдындағы жауапкершілігін күшейтуге тиіспіз. Ата-аналар балаларына, ал балалар өздерінің қартайған ата-аналарына қамқор болғанда, әйел отбасы мен қоғамда құрметке ие болғанда – еліміз үшін алаңдамауға да болады. Бұл ұсыныстар Қазақстан халқына қашанда тән болған, оларды жандандырып, жан-жақты қорғау қажет» деп атап көрсеткені белгілі. Бұл стратегиялық міндетті шешудің жаңа жолдарының бірі қазіргі отбасылық тәрбиені жақсарту, ол үшін қазақ халқының отбасылық тәрбиесін ұлттық құндылық ретінде жандандырып, оны әрбір отбасына ендіру қажет. Отбасылық тәрбие – ұлттық тәрбиенің, қуатты мемлекеттің негізі, ал ұлттық тәрбие алған ұрпақ еңбекқор, дені сау, білімді, ақылды, иманжүзді, адамгершілігі мол, сұлу да сымбатты, ұлтжанды азамат болып өседі. Қазақ халқында отбасылық ұлттық тәрбие ана құрсағынан басталып, адамды өмір бойы және оны о дүниеге шығарып салумен аяқталатын әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер негізінде үздіксіз жүргізіліп, іс-әрекеттер мен қарым-қатынастар арқылы жүзеге асырылған. Қазіргі қазақ қоғамында кеңестік кезеңнен қалған иммунопсихологиялық проблемалардың кеңінен орын алып отырғаны жасырын емес. Олардың қатарында ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін және дінін білмейтін жастар, тастанды және «қиын» балалар, қарттар үйлерінде жылап отырған әжелер мен аталар, отбасын құрмаған немесе ажырасқан,темекі шегетін, анаша тартатын және ішкілік ішетін жастар, жезөкшелік, көргенсіздік, түрлі қылмыс жолына түсу, жұмыссыздық, ата-аналардың бала тәрбиесімен айналысуға жағдайы мен уақтысының жетіспеуі сияқты толып жатқан мысалдарды келтіруге болады. Біздіңше, осы аталған келеңсіздіктерден құтылудың, оларды болдырмаудың ұзақ та қиын, бір ғана жолы бар, ол қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ескеріп және оларды басшылыққа алып, бүкіл халқымызға, әсіресе, қазіргі және болашақтағы ұрпағымызға отбасында ұлттық тәрбие беру. Олай болса басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу қажет. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметтерге сүйенсек, қазіргі қазақ жастарының арасында 120000 қыз үйдің оң босағасында отырған көрінеді. Сол сияқты 40 мыңнан астам соқталдай азамат сүрбойдақтар қатарында. Кейінгі кездері қазақ қыздарының жезөкшелік, шылым және наркотикалық заттарға әуестілік сияқты жат қылықтарға баруы жиілеп барады. Бұл қасіретпен халық болып жан-жақты күресу қажет. Халқымыз қыз психологиясының ерекшелігін жақсы түсіне білген. Әрбір отбасындағы әке-шеше, аға-жеңге бойжеткен баласының ылғи да жібектей мінезін, уыздай тәтті қылығын, іскерлік-ұқыптылығын көруді қалаған. Оларды кішкентайынан көздің қарашығындай сақтап, әлпештеп, мәпелеп жаны мен арының таза, мінезінің жайсаң болуын қадағалап отырған, жасөспірім шақтағы олардың балқыған, шалқыған, еліктегіш қасиеттерін ескеріп, оларды «Қырық үйден тыю» керектігін де үнемі еске алған. Қыз баланың тәрбиесі ең алдымен анаға байланысты. «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген мақал тегін айтылмаған. Әулеттен әулетке қалған мұра имандылық пен инабаттылық болса «Жігіттің жақсысын – қыздай, қыздың жақсысын – уыздай» деп айтуда да терең мән жатыр. Біз дербес мемлекет ретінде жас ұрпақ әсіресе, қыз балалар тәрбиесінің өткенмен үндестігін, сабақтастығын одан әрі тереңдете түсуіміз керек. Қазақ қызының бойына ұлттық ерекшеліктерді орнықтыру, жүректерінде ұлттық намыс отын маздату – ел болудың басты талаптарының бірі. Қыздарымыз елін, жерін сүйетін, ұлтымыздың болашағын ойлайтын азамат болып өссін десек, бәрінен бұрын ата-бабаларымыздың уақыт тезінен сүрінбей өткен дәстүрлі тәлім-тәрбиесін жаңа заманмен ұштастыра, қайта жаңғыртуымыз керек. Сонда ғана шын мәнісінде өмірдің қызғалдағындай қыз өсіре аламыз. Адам баласы үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. Өйткені адамның ой-санасы өсіп, ақыл-ойының кемелденуі үшін де тіршілік нәрі санаға отбасынан кіреді, отбасында көрген жақсы-жаман қылықтардың бәрі бала сезіміне әсер етеді, күллі парасат, пайым отбасынан өрбиді деп ұғады. Сондықтан қазақ салтында отбасының тәлім-тәрбиесі ерекше дәстүр. Сол отбасының ұйытқысы – әке мен ана. Әке – отбасының иесі, қорғаны, қамқоры, ал Ана – отты өшірмей, маздатып жағушы, жылылық иесі. Осы екі киеден қуат алған ұрпақ әрқашан еліне жақсылық сәулесін себетін айбынды азаматқа айналады. Ата-ананың мұраты – өрендерінің жүрегіне ізгіліктің, салауаттың таза, мөлдір, тұнық қалпымен дамуы. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, болашақ ұрпағымыздың тәрбиесі мен білімін қалыптастыратын – мектеп, отбасы, қоғам. Сондықтан, мектеп пен отбасы тығыз байланыста болса, болашағымыз жарқын болмақ. Бала – ертеңгі үмітіміз. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке. Ол әкеге қарап өседі, бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Ол шешесіне қарап бой түзейді. Өткенге көз жүгіртсек, ата-баба тағылымын кеңестік кезеңдегі қалыптасқан тәлім-тәрбие жүйесімен салыстыра отырып, оның әдістемелеріне талдау жасасақ, орны толмас олқылықтарға, кемшіліктерге жол берілгенін көруге болады. Өйткені, тәрбиеде ұлттық ерекшеліктер, халықтың салт-дәстүрі еске алынбады. Ұлттың психологиясы ескерілмей, қатал жүйеде қалыптасқан тәрбие жұмыстары жүргізілді. Белгілі қоғам қайраткері, ақын М.Шахановтың «Халықта ең бірінші ұлттық рух болуы керек» дегенін әркез есте сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін атсалысуымыз қажет. Ол үшін біз, оқушыларға салт-дәстүрлерді жай ғана үйретіп қана қоймай, олардың тәрбиелік түп-тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіре білуіміз керек. Өйткені, бірінші ұлттық тәрбиенің ошағы – отбасында, екінші – мектепте болғандықтан, ата-ана мен мектеп, яғни, мұғалімдер мен жұртшылық тығыз байланыста болуы шарт. Елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, білім жүйесіндегі ізденістерін көрсету басты міндетіміз болып қала бермек. Қорыта айтқанда, отбасы – тәрбие бесігі болу керек. Жақсы тәрбие ананың ақ сүтімен, әкенің асыл сөздері мен өнегелі істерімен берілуге тиіс. Бұл мәуелі міндет Ата Заңымыздың 27-бабында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті» – деп те ерекше көрсетілген. Ұлттық тәрбие ғана ұрпақты ұшпаққа шығарады.

9Лескүл Ибраимова, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент.