Әлеумет

Тайчибековке тұсау жоқ па?

Тайчибековке тұсау жоқ па?

Көзі қарақты оқырманның есінде болар, басылымымыздың бұған дейінгі сандарының бірінде «Тайчибеков қашанғы тайраңдайды?» деген тақырыппен мақала жазған болатынбыз. Онда өзін «тараздықпын» деп таныстырып жүрген Ермек Тайчибеков дейтін біреудің «Қазақстан Ресейдің губерниясы болу керек» деп көкіп жүргенін қынжыла қозғай отырып, «Құзырлы органдар қайда қарап отыр?» деген сұрақты қабырғасынан қойған едік. Бірақ, «ойпырай-ә» деп өкініш білдірген жауап алмадық. Ал, Тайчибеков болса өзінің пәтуасыз «пәлсапаларын» тоқтатар емес. Ол оттап қана қоймай, әскерге шақыра бастады. Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Тұрақты әскерге жазылу. Ресей Федерациясы аумағында күтіп алады. Тамақтандырады. Жаңа Ресейге алып барады. Оқытады. Жақсы жалақы. Сыйақы да бар» деп хабарландыру қалдыруы – санасы бар кез-келген адамды түрлі ойға жетелейді. Жазбада Тайчибеков өзінің байланыс телефонын қалдырып, жасақшылар көшбасшысымен жақсы таныс екенін де жеткізген.

Жақында ол «Қазақстан толықтай РФ-ның құрамына өтуі керек» деп, баяғы сандырағын тағы да қайталады. Тайчибековтің ойынша, Қазақстанның Ресейге қосылуын АҚШ та қолдайтын көрінеді. «Бірақ АҚШ Ресей Қазақстанға қанды жорық жасаса екен деп тілейді, ал, Ресей Қазақстанды бейбіт жолмен өзінің қатарына қосуды қалайды. Мен де соны қалаймын. Солай болғаны жөн» деп көкиді. Бұл – Тайчибековтің дау-дамай тудырған бірінші жазбасы емес. Ол әлеуметтік желілерде Ресей империясының қайта жаңғыруы туралы жиі жазбалар жазып қалдырады. Ол бірнеше рет Қазақстан, Украина мен тағы бірқатар посткеңестік елдердің Ресейге енуін қолдайтынын айтқан болатын.Таяудағы сандырағында ол «Придет время. Восторжествует справедливость. Казахстан вернется на свое законное историческое место в состав России. Будет одна общая страна. После того, как Казахстан вернется в состав России, уже больше никто никому не скажет слова о том «Чемодан-вокзал-Россия» ибо это и будет Россия. Казахстан это Россия» деп жазыпты. Сонда «демократия деген осы екен» деп Тайчибеков сияқтылар ойына келгенін оттай бере ме? Неге оларға тұсау жоқ? Қазақстанның мемлекеттік тұтастығына нұқсан келтіретін сөздерді айтуға кімнің қандай әкесінің құны бар?

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол»