«Ұлттық мұра» автошеруі Таразға келді
«Ұлттық мұра» автошеруі Таразға келді
Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының қабылданғанына 10 жыл толуына байланысты Ұлттық музей «Ұлттық мұра» автошеруін қолға алған болатын. Мәдени құндылықтарды насихаттап, ақпарат берумен айналысатын автошеру Таразға да табан тіреді.
Алматыдан бастау алған «Ұлттық мұра» автошеруі талай тарихи орындарды аралап үлгеріпті. Ал Таразға келген сәтінде оларды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында аймақтағы мұражай қызметкерлері қарсы алды. Автошеруге қатысушы тарихшы мамандар түрлі тақырыпта әңгіме қозғап, «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында атқарылған жұмыстардың қорытындысына тоқталды. Жамбыл облысы аумағындағы 5 көне қалашықтың ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары тізімін толықтырғандығын мақтанышпен жеткізді. ««Мәдени мұра» бағдарламасының іске асырылып жатқанына 10 жыл толды. Осыған байланысты еліміздегі мұражай мәселелерін зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Үкіметке нақты ұсыныстар дайындалуда. Түркілер тарихының адамзат өркениетінің маңызды бір бөлігі екендігі ұлтымыздың мерейін асқақтатып отыр. Астанадағы Ұлттық музей еліміздегі мұражай ісіндегі күрделі мәселелерді топтастырып, шешу жолын іздестіруде. Бүгінде еліміз бойынша 400-ге тарта мұражай бар. Алдағы уақытта осы мұражайлардағы мамандардың біліктілігін арттыру қолға алынбақ. Ол үшін мұражайлардың қауымдастығы құрылатын болады», – дейді тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев. Айта кетерлігі, Ұлттық музей қорына бірегей мәдени құнды бұйымдарды тауып өткізу туралы тұрғындар арасында ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізу де аталған жобаның басты бағыттарының бірі болып отыр. Сондай-ақ, Ұлттық музей қызметкерлері аймақтағы музейлердің түйткілді мәселелерін өз көздерімен көріп, келешектегі даму жолдарын қарастырмақ. Он күнге созылатын «Ұлттық мұра» І автошеру» жобасы «Allur Auto», «СарыаркаАвтоПром», «Агромашхолдинг», «Shell Helix» бренд белгісімен «TURKUAZ AUTOMOTIVE» компанияларының қолдауымен өтуде. 3 жылға арналған жоба аясындағы алғашқы автошерудің маршруты еліміздің оңтүстік және орталық аймақтарындағы мәдени-тарихи нысандар мен облыстық музейлерді аралауды жоспарласа, ал 2016 жылы Батыс өңіріне жол тартпақ.
Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».