«Астана» велошабандоздары кезек-кезек топ жаруда
«Астана» велошабандоздары кезек-кезек топ жаруда
Фабио Ару 18 кезеңде жеңімпаз
Вуэльта көп күндігіндегі тартыс күн өткен сайын қызып келеді. Әлемдік велоспортта ойып тұрып орын алатын «Астана» кәсіпқой велоклубының шабандоздары жарыс мәресіне жақындаған сайын намыстарын қамшылап бағуда. Он сегізінші кезеңде Фабио Ару қарсыластарының бәрінің алдын орап, топ жарды. Негізгі пелетонның аяқ алысын бастан-аяқ қадағалап отырған біздің команданың шабандоздары Фабио Аруды кезең басынан бастап, соңына дейін қарсыластарынан оқшаулап алып жүрді. Ұзындығы 157 шақырымды құрайтын бұл кезеңде пелетоннан көз жазбаған Фабио Ару межелі шақырымдар жақындағанға дейін өзінің салқынқандылығына салып, бәрін жіті бақылап, соңғы шақырымдар таяған кезде ғана арқаға қамшыны басты. Спринттік жарыста ол негізгі қарсыластарының барлығын жолда қалдырып, мәре сызығын бірінші болып кесті. Ла Эстрада мен Монте Кастрове аралығын қамтыған бұл кезеңнен кейін көшбасшылар ауысқан жоқ. Тек Фабио жалпы есепте жетінші орыннан бесінші орынға көтерілді. Ал топ басында Альберто Контадор (Испания, «Tinkoff-Saxo»), екінші орында Крис Фрум (Ұлыбритания, «SKY»). Бас жүлде үшін талас осы екі спортшы арасында өтетіні түсінікті. Өйткені, Фрум Контадордан бар болғаны бір секунд қалып келеді. Үздік үштікті қорытындылап тұрған Альехандро Вальверденің де жеңістен үміті бар.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».