Чемпиондар шайқасы
Чемпиондар шайқасы
Филип Хргович қарсыласын техникалық нокаутқа түсірді
Бокс жанкүйерлері дегбірсіздене тосқан «Астана арландары» мен «Куба қабыландары» арасындағы бүкіл әлемдік бокс сериясы соңғы екі жылдағы чемпиондарының айқасы тартысқа толы болды. Әуесқой бокстың жілігін шағып, майын ішкен кубалық былғары қолғап шеберлері бүгінгі күні кәсіпқой боксқа да төселе бастады. Әзірбайжанда өткен финалда «Баку оттарын» «жандырып» жіберген бостандық аралы елінің өкілдері Астанадағы екі күндік матчқа кілең мықтыларын алып келді. Куба боксшылары Астана төріне тек қана жеңіс үшін келгендерін алғашқы күні байқатты. Чемпиондар тартысының бірінші кездесуінде ел намысын 49 келі салмақ дәрежесінде Мардан Берікбаев қорғаса, қонақтар Сантьяго Амадорға сенім артты. Бұл жекпе-жекте Мардан WSB жобасындағы тәжірибесінің арқасында ширақтық танытып, дебютант Амадорға қарағанда алымды көрінді. Төрешілер де мұны қалт жібермей жеңісті бір ауыздан біздің Отандасымызға берді. Бірақ, бұдан кейінгі салмақ дәрежелерінде жұдырықтасқан былғары қолғап шеберлеріміз сенім үдесінен шыға алмады. «Куба боксшыларының кез-келгені осал емес. Менің жеңіске жетуіме тәжірибенің де септігі тиді. Бапкерлерімнің де дұрыс тактика қоюы шешуші рөл атқарды. Жаңа маусымда бұрынғыдан да жақсы бокстасатыныма сенімдімін» деді Мардан жекпе-жек аяқталған соң. Марданнан кейін рингке 56 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар көтерілді. Бұл кездесуде «арландар» намысын 2012-2013 жылғы маусымда командаға шешуші жеңісті алып келген Бағдат Әлімбеков қорғады. Алайда, ол Лондон олимпиадасының чемпионы Робейси Ромиресті жеңе алмады. Бар болғаны он тоғыз жасында олимп шыңын бағындырған Ромирес өзінің қатардағы боксшы емес екенін дәлелдеп, Бағдатқа соққыларын сауатты дарыта отырып, жеңісті жұлып алды. Үшінші болып шаршы алаңға 64 келінің серкелері беттеді. Аталмыш салмақта біздің намысымызды Асхат Уәлиханов қорғаса, кубалықтар сапынан шаршы алаңға екі дүркін әлем чемпионатының күміс (2011, 2013), Лондон олимпиадасының (2012) қола жүлдегері Ясниэр Толедо шықты. Былтыр Алматыда өткен әлем чемпионатында дәл осы Толедоны финалда бұрынғы «арлан» Мерей Ақшаловтың жеңгені есімізде. Жалпы кездесу басында екі боксшы да шабуылға шығып, бір-біріне жұдырықтарын ала ұмтылған. Алайда, көбіне кубалықтың соққылары діттеген жерге дөп тиіп, соған сәйкес, еншісіне ұпай артық жазылды. Бес раундтың қорытындысы бойынша Толедо 2:1 есебімен (49:46, 47:48, 48:47) жеңіске жетті. 75 келіде жұдырықтасқан шеберлер де «сен тұр, мен атайын» екендіктерін рингте айқындады. «Арландар» сапынан Ерік Әлжанов айқасқа түссе, «қабыландардың» намысын Арлен Кардон Лопес қорғады. Шынтуайтында бұл кездесуде қазақстандық боксшы қарсыласымен терезесі тең өнер көрсеткенімен, төрешілер жеңіске кубалықты лайық деп тапты. Ал Әлжанов қарсыласының соққысына соққымен жауап қайтарып отырды. Тең дәрежедегі жекпе-жекте көбінесе алаң қожайынына жеңіс берілуші еді. Бұл жолы олай болмады. 91 келі салмақ дәрежесінде намысымызды қорғаған дебютант Алмат Серимов әйгілі, тәжірибелі Эрисланди Савонға қарсы еш қарсылық көрсете алмады. Шеберлігінің арқасында қарсыласынан бір бас жоғары болған Савон ақтық нәтижені тіркеді. Есеп 1:4 кубалықтардың пайдасында. Келесі күнгі қарымта кездесуде жерлестеріміз 3:2 есебімен қарсыластарынан айласын асырды. Бұл күні 52 келі салмақта жұдырықтасқан Мирас Жақыпов былтыр Алматыда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Йосвани Вейтианың бес раунд бойы сілікпесін шығарды. Келесі болып шаршы алаңға 60 келідегі боксшылар Роман Щегринов («Астана арландары») пен Лазаро Альварес («Куба қабыландары») шықты. Жасыратыны жоқ, аталмыш бәсекеде кубалықтың басымдығы айқын сезілді. Лондон олимпиадасының қола жүлдегері (2012 ж.), екі дүркін әлем чемпионы (2011, 2013 жж.) Альварес бес раунд бойы қарсыласына соққысын дарытып, алдын-ала дайындаған жоспарын толығымен жүзеге асырды. 69 келіде жұдырықтасқан Рониэль Иглесиас Сотолонгоға «арландар» сапынан Мадияр Әшкеев қарсылас атанды. Ол даңқты қарсыласынан аз ғана ұпай айырмасымен басым түскен кезде 81 келідегі Хрвое Сеп пен аса ауыр салмақтағы Филип Хрговичке тілеулес болдық. Екеуі де басым түссе есеп теңесер еді. Алайда, Сеп қарсыласы әлем чемпионы Хулио Ла Крузды жеңе алмады. Соңғы кездесуде Филип Хргович қарсыласы Ортега Тойракты төртінші раундта ринг төріне бір сұлатып алды. Ал бесінші раунд басталған сәттегі Филиптің алғашқы тікелей соққысы техникалық нокаутты тіркеді. Осы жеңістен соң есеп айырмасы қысқарғанымен кубалықтар 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».